Бұл жолғы мақаламыздың бас кейіпкері де әкім. Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасы Түркістан облысының тізгінін сеніп тапсырған тұлға. Біздіңше, Жансейіт Қансейітұлы «табыскер әкім» демекке әбден-ақ лайық.
Неліктен дейсіздер ғой, әрине. Қалайша дегендейін сауалдардың саулайтыны да рас, әлбетте. Шамамыздың жеткенінше дәлелдемекке тырысып көрелікші.
Ең алдымен, өмірбаянына қысқаша ғана көз жүгіртіп, көңіл суарайықшы. Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев көп балалы, қазақы, қатардағы отбасында туған. 1958 жылғы шіліңгір шілдеде. Қатпар-қатпар қалың тарихы бар Қаратауыңыздың баурайындағы Қайнар ауылында. Әкесі Қансейіт пен аяулы анасы Ұлмекен он үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Шымкент шаһарындағы атақты мектеп-интернатты, Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған. Талантты түлек ретінде ҚазМУ-іңізде қалдырылған. Ассистент, аға оқытушы, доцент. Кейіннен ғылым докторы дәрежесіне ие болған.
Ғалым ретінде, Мемлекет басшысы Протоколының жетекшісі ретінде, елші ретінде Жансейіт Қансейітұлының отыздан астам кітабы шыққан. Елге сіңірген еңбегі үшін, халықаралық деңгейдегі қайраткерлігі бағаланып, бірнеше ордендермен, медальдармен наградталған. Олардың ішінде Отанымыздың және шет елдердің биік-биік, жоғары марапаттары бар. Құрметті атақтары да аз емес.
Хош делік. Енді есімізде ерекше қалған айрықшалау жағдайларға аз-кем ғана аялдағанымыз артық болмас. Сонау жетпісінші жылдардың ортасында қатты құрғақшылық болып, Оңтүстіктегі өзге аудандармен бірге бұрынғы шаяндық-алғабастықтардың, бүгінгі бәйдібектіктердің Қаратаудан сасыр жұлып, қара талдың бұтақ-жапырақтарын сыдыра сындырып, қоғамдық малға жемшөп үшін жинағаны жадымызда. Сонда облыстық газет тілшісі ретінде Қансейіт ағамыздан сұхбат алған едік-ау. Совхоздың парторгы еді. Шекесін шарт байлап алып, өзі де сасыр жұлып жүріпті. Шайыр-шайыр, желім-желім қолдарын журналистік алақанымыздан жуық арада ажырата алмай, ақжарылқап пейілмен күлгені көз алдымызда.
Білім және ғылым министрі жүз аурухана, жүз мектеп мәселесіне байланысты облысты ерінбей-жалықпай аралап шығыпты, түстен кейін обләкімдіктің үлкен залында басқосу болады, соған келіңіздер дескен тиісті кісілер. Ұмытпасақ, 2007 жыл шығар. Тілдерді дамыту басқармасын басқаратынбыз. Жиналыс жақсы өткен. Нақ-нақ мәселелер мәністелген. «Білім туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер, білім мен тәрбиенің тығыз бірлігі, мемлекеттік тіл тағдыры, оқулықтар сапасы, өндіріс пен ғылымды ұштастыру мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудағы министрлік атқарып, республикада жүйеленіп жатқан жұмыстар туралы тартымды әңгімелеген.
Министр Түймебаев. Жиналған жұртшылық тәнтілік танытқан. Сүйсініс білдірген. Сұрақтарды да емін-еркін қойып, емен-жарқын жауап естіген. Сонда ғой, жиналыс аяқталып, облыс басшыларымен бірге Министр де сыртқа қарай беттеген. Орта тұстағы қатардың шетінде тұрған бізге күлімсірей жақындап, қолын ұсынып: «Аға, әңгімелеріңізді оқимын. Көбірек жазсаңызшы», – деген. «Министрлер оқыса, жазамыз ғой, айналайын», – деп ризаландық. Біз. Жанымызда тұрған, онша оқи бермейтін құрдасымызға қоқиланып. Ал көз алдымызға сол бір қуаңшылық құрсаған, қапырық сапырған ыстық жаздағы жүдеңкі тартқан тау беткейінде қолы шайырланып, алақаны желімденген ақжүрек ағатайымыз келе берген.
Одан бұрынырақта, 2006 жыл болу керек, ел газеті «Егемен Қазақстаннан» «Елдестірмек – елшіден» айдарымен жарияланған «Абай мен Пушкин» атты көлемді сұхбатты сүйсіне оқып, қиып алып, сақтап қойғанбыз. Мінекиіңіз, сол сарғайған қиындыға қызыға қарап отырыппыз. Төтенше және өкілетті елші Түймебаев мырза бүй дейді: «Өткен жылдың өзінде ғана мемлекет басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің арасында онға тарта кездесу болды. Үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері мен басқа да лауазым иелері ұдайы жүздесіп, пікір алысып тұрады.
Апта сайын Мәскеуге кемінде үш-төрт қазақстандық ресми делегация келіп кетеді. Ресеймен шекаралас облыстарымыз да өзара алыс-берісті белсенді үдетіп келеді. Екі елдің арасындағы қарым-қатынастың өлшемі сауда айналымы болса, 2005 жылы аталған көрсеткіш 10 миллиард долларға жетті. Енді мемлекет басшылары өзара сауда көлемін екі есе ұлғайтып, 20 миллиард долларға жеткізу қажет деген міндет қойды. Мұның өзі де шек емес. Әлі де біз үлкен жолдың басында тұрмыз...».
Осы сұхбаттан сол 2006 жылдың Қазақстандағы Пушкин, Ресейдегі Абай жылы деп жарияланғанына, әлемдік деңгейде әйдік шаралар өтіп жатқанына қанығасыз. Қуанасыз. Елшіліктің бастамасымен Мәскеуде «Абай институты» аталатын оқу-ағарту және гуманитарлық орталық ашылып, Абай ескерткіші еңселенген. «Шынында да Мәскеу басшылығы мен қалалық дума депутаттарының Қазақстанға деген оң көзқарасының, Елбасына деген құрметінің арқасында қысқа мерзім ішінде Ресей астанасында Абай ескерткішін қою туралы шешім қабылданды», – дейді Жансейіт Түймебаев. Сол сұхбатында Төтенше және өкілетті елшіңіз Абай ескерткішінің Кремьлден он минөттік маңайда, Мөлдірқайнар бульварында бой көтергенін мақтанышпен мағлұмдаған.
2015 жылғы желтоқсанда Түркияға барудың сәті түскен. Бізге. Сол сапарда Қазақстанның Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Түймебаев мырзаның толыққанды тұлғасын танығандай күй кешкеніміз рас. Ыстанбұлыңызда да, Анкараңызда да, туысқан елдің, бауырлас мемлекеттің қандай жерінде де, теңізі мен көліндегі, тегісі мен өріндегі жұртшылықтың арасында да Алаш азаматының, қайран Қаратау баурайында туып-өскен қазақтың қарапайым перзентінің қаншалықты құрметке, абырой-беделге ие екендігіне көз жеткізгенбіз. Сексен миллиондай халқы бар Түркияңыз Түймебаевыңызды түгел танитындай түйсінгеніміз рас-тұғын. Осы ойымыздың шетін шығара әзілдегенбіз. Сол сәтте Жансейіт Қансейітұлы: «Мұның бәрі Елбасымыздың Түркі дүниесі көшбасшысына айналғандығының арқасы ғой, аға!» – деген. Толқып. Тебіреніп. Мәрмәр теңізінің мәрмәр мәнзелдес айдынына қарап.
Дұшпандар күйінетін шығар, әлбетте. Қазақ елінің Тәуелсіздігін алғаш мойындап, ағайындық ақжармалығын танытқан Түркия ғой бұл. 2015 жылдың өзінде, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға ресми сапар жасап, екіжақты келісімдерге ықыласпен қол қойды. Сол сапардың аясында өткізілген жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесіне және биік дәрежелі бизнес-форумға қатысты. Бұл форумға түрік бизнесінің 150-ден астам аймүйіз өкілдері келді. Жалпы құны 776,3 миллион АҚШ долларын құрайтын 20 инвестициялық құжат қабылданды. 2016 жылы сәуірде Елбасымыз, Түркі әлемінің көшбасшысы атанған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ыстанбұлда өткен Ислам Ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысып, келіссөздер жүргізді. Бұл саммит «Бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен бейбітшілік үшін» тақырыбында ұйымдастырылды. Бірқатар маңызды мәселелер жөнінде бастамашылдық танытып, өзекті шешімдер мағлұмдаған Елбасымызға саммитке қатысқан 56 елдің өкілдері, 30-дан астам мемлекет басшылары жылы ықылас танытып, жаппай қолдау білдірді.
Түркия мен Ресей арасындағы кикілжің, шиеленіскен геосаяси жағдай әлемді әбіржіткені белгілі. Бұл тығырықтан да тиімді жол тауып, жанжалдың шешілуіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев теңдессіз еңбек сіңірді. Жеті ай бойына саяси дағдарыс дендеп, Ресейдің де, Түркияның да экономикасына қыруар залал келген болатын. Саяси ахуал күрделіленіп, күрмеулі түйіндер көбейген еді.
Назарбаев дипломатиясының табысын дүние жүзінің дуалы ауыздары мойындап, мәлімдеп жатты. Түркиядағы тиражы 140 мың дана «Milliyet» басылымынан бастап «Once Vatan», «Karar», сияқты көптеген газеттер, алуан түрлі ақпараттық порталдар Түркия мен Ресейдің татуласуындағы Қазақстан Президентінің рөлін биік бағалап, бұл қайырымды қадамның күллі әлемдік саясатқа әсер-ықпалын талдап, таразылап жазды. Осы орайда да Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің, Төтенше және өкілетті елшісінің қаншалықты қажыр-қайрат, күш-жігер жұмсағанын түсініп-түйсінген ләзім-дүр.
2015 жылғы желтоқсанда жолымыз түсті дедік. Түркияңызға. Сонда ТҮРКСОЙ-дың жауапты қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев мырзадан естіген әңгімелеріміз еске түседі. Бұрынырақта Абай мен Мағжанның, Дина Нұрпейісова мен Қабанбай батырдың ескерткіштері еңселеніп, көптеген көшелерге Қазақстанға байланысты атаулар қойылыпты. Түймебаев елші болғалы бұл дәстүр өзгеше өрлей түсіпті. Абылай ханның ескерткіші, Абылай хан атындағы саябақ ашылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент орнатылған. Невшехир қаласында Қазақстан, Анкарада Абай, Қыршехир, Гебзе, Адана қалаларында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдар, Анкара қаласында Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақ ашылыпты.
– Кейінгі кездері екі елдің арасындағы мәдени және әдеби байланыстар өнегелі өріс алып, өрелі сипатқа ие болды, – деген еді сонда талантты жазушы, аудармашы Мәлік бауырымыз мерейлене жымиып. – Қазақстанның айтулы ансамбльдері, өзгеше өнер ұжымдары, жекелеген жұлдыздары Түркия шаһарлары сахналарының төріне шығып, туыстарды тәнті етіп жүр. Еліміздің елеулі тұлғаларының, арғы-бергі кездердегі ақын-жазушыларымыздың көптеген кітаптары түрік тілінде шығарылды.
2016 жылғы алтын күзде Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған. Елбасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, аса жауапты, жоғары лауазымдар атқарған айтулы азамат, іскер де ізденімпаз басшы әрі ғалым ретінде биік сенім білдіріп отырғанын айтып, үшінші мегаполиске айналатын Шымкентті көркейту, әсіресе, артта қалған өнеркәсіпті өркен жайдыру, «ақ алтынды» аймақтың атақ-даңқын оралту, ауыл шаруашылығында жаңаша серпін туындатып, егіншілік, әсіресе, көкөніс пен жеміс-жидек және мал өнімдерін өңдеу, бюджетке түсетін кірістер көлемін еселеп көбейту, шағын және орта бизнеске кең өрістер ашу жөнінде тапсырмалар тізімдегеніне куә-дүрміз.
Елбасы тапсырмасына сәйкес өнеркәсіптік кәсіпорындарға, индустриялық-инновациялық орталықтарға, «Оңтүстік» аталатын арнайы аймаққа, киім-кешек тағы басқа да отандық өнімдер шығаратын кәсіпорындарға қан жүргізбекке қам жасауға кірісті. Осы орайда елші әкім облысқа инвестиция тартуда ерекше белсенділік танытты. Дүниенің алпауыт елдерінен бастап көрші елдердің ірі компанияларымен байланыс нығайып, өңірге 480 миллиардтан астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш жөнінен күңгей өңіріңіз тұтас Қазақстан бойынша көш бастады.
Елді елең еткізген «Шатқал» бағдарламасы қолға алынды. Қараусыз, қамқорлықсыз азып-тозып кеткен сай-салаларды саябақтарға, шатқалдарды шат-шадыман демалыс орындарына айналдырмақты мақсат еткен бұл жаңалыққа жұртшылықтың жаны жылыды. 2016 жылғы желтоқсан мен 2017 жылғы қаңтарда Қаратау және Еңбекші аудандарының шатқалдарына қаншама мыңдаған қарағай, арша, аққайың, емен, талшын көшеттері отырғызылды. «Шымсая» саябағының негізі қаланды. Шымқаланы шындап шырайландыру шығандады.
Біз біраз жылдар бұрын «Қошқарата мен Бадам өзендерінің бойлары көркейтілмей, Шымшаһарыңыз көркеймейді» деп жазғанбыз. Облысы бар, қаласы бар, әртүрлі әкімдеріңіз әрекеттенген. Тек Түймебаевыңыз ғана Қошқарата әулиенің есімін еншілеген ерекше өзеннің бойын біржолата бірегейлеуге қол жеткізе алды.
Жансейіт Қансейітұлының өзі әкімдікке тағайындалғаннан кейінгі төртінші айда бүй деген еді: «Үш айдың ішінде облыс көлеміндегі аудандар мен қалаларды түгел аралап шықтым. Ең бірінші байқағаным – жұмыссыздықтың көптігі. Неге бұлай? Ауа райы қолайлы, топырағы құнарлы ауылдарда үйіргелік жерлерді үйлестіре алмайтындар жетіп-артылады. Сондықтан да ең бірінші кезекте аудандар мен қалалардың жекелей даму тұжырымдамаларын жасауды қолға алдық. Оларда нендей салаларда нақтылы не істелетіні, қандай қала мен ауданда, қай ауылда қайткенде адамдар жұмыспен қамтылатыны бүге-шігесіне дейін нақтыланады».
Түркияның тыныс-тіршілігімен түстік өңірді салыстырып, Анадолының озық жақтарынан үлгі алуды жиі әңгімелейді. Түрлі-түрлі салаларға сәйкес делегациялар қайта-қайта туысқан мемлекетке барып қайтады. «Ол елде мемлекеттен ешкім жұмыс сұрамайды. Отбасылық кәсіп, үйіргелік телім, тағы басқа жерлерде тынымсыз бейнеттенеді. Өнімдерін өңдеп, пайдалы пұлдаумен ерінбей шұғылданады. Тынымсыз ізденеді. Алғашқы тәжірибе ретінде Төле би ауданының бір жылдық даму тұжырымдамасында отбасылық кәсіпке айрықша мән берілді», – дегені есімізде.
Осылайша 2017-2021 жылдарға жоспарланған жаңа бағдарлама бойынша алғашқы бір жылға 13 миллиард теңге бөлініп, 61 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Жоспар жемісті жүзеленді.
Қайсыбірін айтайық-ай, инвестициялық-инновациялық жаңа жобаларды жай ғана тізіп шықпақтың өзі біраз көлем алады.
Руханият, мәдениет пен әдебиет, театр мен кино, өлкетану, тарихи мұралар мәселелеріне кең өріс ашыла бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты жасалған жобалардың басым көпшілігі де бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Түркістан облысында. «Қазығұрт – Кемеқалған», «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» кешендері қолға алынуда.
Биыл «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты мерекеге жүз мыңнан астам адам қатысты. «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атты республикалық қызғалдақ фестивалі өткізілді. Бірлік басы атанған Ордабасыда «Туған жерге тағзым» акциясы, Бәйдібек ауданының бал татыған Бөген өзені бойында «Қымызмұрындық» мерекесі ұйымдастырылды. Ұлттық код, ұлттық салт-дәстүрлер жаңашылдықпен жарасымын тапты. Әр ай сайын әр аудан-аймақтың айрықшалықтарына орай Отырарда, Мақтааралда, Шардарада, Сарыағашта, Созақта, Түркістанда түрлі-түрлі, терең мәнді, тағылымды тақырыптардағы ірі-ірі, ізгілікті іс-шаралар рухани жаңғырудың жарқын көріністері, үлгі-өнегесі ретінде жалғасын таппақ.
«Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған 2017 жыл ерекше есте қалды. Елуге жуық ерекше шаралар – симпозиумдар, конгрестер, конференциялар, фестивальдар, форумдар, кездесу кештері, концерттер, т.б. және т.т. ұйымдастырылды. Мәдени астана жылы «Қош келдің, Әз Наурыз!» мерекесімен басталған. Есімхан алаңында түгел түркінің Наурыз мейрамы бағзыдағы бабалар аманатына адалдықты паш еткен.
Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен рухани қазыналар қатарына қосылар жиырма шақты жинақ шығарылып, «Жаһан таныған жеті тұлға», «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» атты керемет кітаптардың тұсаукесері Астана қаласында, Ұлттық академиялық кітапханада өткені аян. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес жасалған жобалар аясында, өңір басшысының идеясы нәтижесінде «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты анимациялық фильмдер, «Көне жетігеннің сыры» дейтін он сериялы туынды дүниеге келді.
Мінекиіңіз, бүкіл байтағыңыздың, Қазақстаныңыздың халқы қатты қуанған, тебіреніске толы тарихи оқиғалар болып жатыр. Шымкентіңіз үшінші ірі мегаполиске айналып, республикалық мәртебе алды. Өңір орталығы текті төрімізге ауыстырылып, Түркістан облысы туындады. Мақтааралыңызда жаңадан Жетісай, Сарыағашыңызда Келес ауданы ашылып, биік-биік белестерге беттемекші.
Тарихи тағылымы терең таңғажайып жаңалықтар елдің, ұлттың, халықтың ата-бабалар аманатына адалдығынан, Елбасының болашақты болжай білген көрегендігінен туындап отыр. Өзгерістердің бәрі де – рухани жаңғыруымыздың нақтылы нәтижелері.
Түркістан қаласында, түркі әлемінің текті төрінде, Әзірет Сұлтанның, ұлы хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың асыл сүйектері жатқан, рухтары тербеген топырақта жаңаша орталықтардың орындары белгіленіп, тың да тосын тірліктер басталды. Қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени-рухани іс-шаралардың бәрі түгелдей дерлік Түркістанда өтіп жатыр. Барша жұмыстардың басында Түркістан облысының тұңғыш әкімі, Түркі әлеміне танымал тұлға Түймебаев мырза тынымсыз тер төгіп жүр.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы
Түркістан облысы