«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты тұрғын-үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту екені белгілі. Яғни аталған бағдарлама аясында баспаналы болғысы келгендер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі арқылы мақсаттарына қол жеткізе алады. «Нұрлы жер» тұрғындардың мүмкіндігі мен түрлі талап-тілектеріне қарай икемделетін бағдарлама. Осы орайда соңғы жылдары Ақтөбе аймағында тұрғызылған тұрғын үйлер мен коттедждер туралы айтқымыз келіп отыр.
Бұлар несімен ерекшеленді? «Нұрлы жер» арқылы үй жағдайын жақсартқысы келгендер, қазақша айтқанда, «бір оқпен екі қоянды атып ала алады». Мұның мәнісі шағын, қолжетімді коттедж алған банк салымшыларына оның жанынан он сотық жер қоса берілетінінде. Бөлінген аумақ жер қатынастары жүйесі арқылы реттелмек. Бүгінде облыс орталығының іргесіндегі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жүздеген коттедж бой көтерді. Осы бағыттағы құрылыс жұмыстары одан әрі жалғаса түсуде. Қазіргі таңда бұл маңайда сегіз түрлі жоба бойынша әртүрлі құрылыс-сәулет үлгісіндегі сәнді де сапалы баспаналар тұрғызылған.
Коттедж бағалары қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді. Айталық бір коттеджде бір немесе екі отбасының тұруына мүмкіндік бар. Қайсысын қалайды? Мұны банк салымшыларының патша көңілдері біледі. Үйлердің аудандары әртүрлі. Сол секілді түрлендірілген, әрі жан-жақты ойластырылған жобаларға сәйкес «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында үш, төрт, бес және тоғыз қабатты тұрғын үйлер сән түзеген. Бұл тұстан да тұрғындар өз мүмкіндіктеріне қарай тиісті таңдаулар жасай алады.
– Мұнда бағасы оңтайлы коттедждер мен сыңғырлаған су жаңа тұрғын үйлерді «көлденең көк аттылар» иемденіп кете алмайды. Бұлардың бәрі тек жер және пәтер алу кезегінде тұрған азаматтар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымы бар тұрғындарға ғана ұсынылады, – дейді Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.
Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылысы аяқталған коттедждерді оның иелеріне бөлу мен өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жайлы баспаналар түрлі құрылыс материалдарын пайдалану арқылы салынған. Оның бірінің қабырғасы кірпіштен қаланса, екінші бірі жергілікті құрылыс индустриясының басты өнімдерінің бірі экотоннан тұрғызылған. Сонымен бірге кәдімгі панельден бой көтерген үйлер де бар. Мұндағы ішкі әрлеу жұмыстарының саны мен сапасы банк салымшыларының талғамынан шығып отырғанының өзі бір мерей десе де болады. Су, көгілдір отын, жылу және электр қуаты секілді барлық инфрақұрылымдық жүйелер тұрғындар игілігі үшін тартылғаны бөлек бір әңгіменің еншісі.
Қазіргі кезде облыс бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың Ақтөбе филиалында тоқсан мыңға жуық салымшы бар. Осы арада тағы бір айта кетерлік мәселе, бұған дейін аталған банк арқылы пәтер мен коттедж құнын төлеушілерге оның отыз пайыздық мөлшерін жинау міндеттелсе, ендігі жерде алғашқы жарна көлемі жиырма пайызға төмендемек. Бұл өзгеріс республика Үкіметінің биылғы 2018 жылдың 26 маусымындағы шешіміне сәйкес енгізілген. Осыған орай несие бұрынғыша бес пайыздық сыйақымен 21 жыл мерзімге дейін беріле бермек. Бұл өзгерістерге орай бұған дейін қолданылып келген ережелер де өзгермек. Яғни жоғарыда айтылғандай, пәтерлер үшін де коттедждер үшін де алғашқы жарна 20 пайыз көлемінде төленбек.
Өңірде аталған бағдарламаға қатысу үшін тапсырыс берушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұл көрініс ақтөбеліктер арасында төлем қабілеті жоғары жандар мен азаматтардың жеткілікті екенін көрсетеді. Бұған дейін ел тұрғындары ішінде коттеджерді тек миллиондаған теңге қомақты қаражаты бар дәулеттілер мен қалталылар ғана салып немесе сатып алып тұра алады деген біржақты пікір қалыптасқаны жасырын емес. Жоқ, олай емес. Оған табыс көлемі орташа, тіпті одан да төмен тұрғындар да қол жеткізе алады екен. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бұған басты негіз қалайды. Ал Ақтөбеде өткен жылдан бері пайдалануға беріліп келе жатқан коттедждер алдыңғы пікіріміздің басты айғағы болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»