Астана қалалық әкімдігінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін елордадағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі мәселесін талқылауға байланысты кеңес өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қаласының әкімі, партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсететін бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
«Нұр Отанның» партия қызметін жаңғырту жұмыстарының аясында бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар қарқынды жүргізіліп, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыруға арналған іс-шаралар да тұрақты қолға алынуда. Десек те, әлі қамтылмай жатқан мәселелер де жеткілікті. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен осы мәселемен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілдері Астана қаласының әкімдігінде бас қосып, нақты ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу Елбасы ел алдына қойған дамыған 30 елдің қатарына ену міндетіндегі негізгі талаптардың бірі екенін жеткізді. «Бүгінде мүгедек жандарды қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері тарапынан қолдау жақсы үрдіске айналды. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы қызметін жаңғырту аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын одан әрі жандандырып, тиімділігін арттыруды қолға алдық. Сол арқылы ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға нақты көмек беруге басымдық беріп отырмыз. Жобаның негізгі міндеті – мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту. Біз қазіргі уақытта жобаны қажет ететін, үкімет, партия және қоғам тарапынан көмек күтетін жандарға шын мәнінде көмегін тигізуі үшін қайтадан қарастырып жатырмыз. Болашақта жобаны күшейтіп, маңызын арттыра түспекпіз», дей келе, партия Төрағасының бірінші орынбасары жобаның келесі кезеңдеріндегі төрт басымдықты атап көрсетті. Оның алғашқысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта жасақтау болса, екіншісі, балалардың инклюзивті білім алуына көмектесу болмақ. Үшіншіден, олардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру керек. Соңғы басымдық осы сала бойынша ел заңнамасын жетілдіруге беріледі.
Өз кезегінде қала әкімі Ә.Исекешев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Астана қаласында 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген екен. Олардың жүріп-тұруына, ғимараттарға кіріп-шығуға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында көптеген сауда және әлеуметтік нысандар паспорттаудан өткен. «2012-2016 жылдар аралығында 400 нысан, ал 2017 жылы тағы 705 нысан паспорттаудан өтті. Осылайша, бүгінде қаладағы мыңнан астам ғимараттың 70 пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толығымен қайта жасақталды.
Жиналыста сөз алған «ЕLAMAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан мүгедектерге жағдай жасаудың кемшін тұстарын атады. Оның айтуынша, елордада жаңа нысандар салыну барысында мүгедектер мәселесі бірден ескерілмейді. Кейін қаржы шығындалып, өзгертіледі. Алдын алып, құрылыстың жобасы талқыланғанда мүмкіндігі шектеулі жандар шақырылмайды, кеңесі алынбайды. «Тіпті мемлекеттік мекемелерде мүгедектерге арналған дәретхана, ғимаратқа мініп-түсуге арналған пандустар жоқтың қасы. Бұл біздің құқығымыздың тапталуы. Мемлекет басшысы үнемі қайталайтын рухани жаңғыру идеясының өзі ең алдымен азаматтардың оны түсінуінен басталады», – деді А.Ержан.
Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар келешекте мүгедектер тарапынан түскен ұсыныстармен толықтырылып, партия және әкімдік тарапынан қадағалауға алынатын болды. Шара қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар түсіп, осы мәселе бойынша жұмыстарды бақылау «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсеноваға жүктелді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»