Күйші-композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібаевпен сұхбат.
– Сіз үшін күй деген не?
– Күй – құдірет. Оның құдіреті – адамның тұла бойын шымырлатып, жан дүниесін тербетуінде, ішкі сезімін оятуында, психологиялық ойларын ағытуында.
– Күйге, домбыраға қалай келдіңіз?
– Бала күннен басталған құмарлық. Енді ғана ес біліп, асыр салып ойнап жүргенімізде домбыраға әуестендік. Оның үнін естігенде ойынымды тастай салатынмын. Ауылға күйші келсе, ақын табан тіресе, солардың жанында жүріп әңгімесін тыңдағанды жақсы көретінмін. Есіл-дертім сонда болатын.
– Ең алғаш домбыраны қай кезде қолыңызға алдыңыз?
– Шамамен 6-7 жасымда ғой деймін. Ал оған дейін менің домбырам – шешемнің оқтауы еді. Жыршы-күйшілерден көргенім ғой, әйтеуір қу ағашты алып сабалайтынын білемін. Соны шешем аңдаған.
– Бұл өнер сізге қанмен келген бе?
– Жоқ, аталарымда ақындық болған екен. Бірақ күйшілік біздің тұқымда менен басталады.
– Сіздің 70-ке жуық күйіңіз бар, бірақ ең танымалы – «Ерке сылқым». Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар. Мұның құпиясы неде?
– Құпиясы – сәтті шығуында. Мазмұнының музыкамен үйлесімді әуенмен үндестігінде.
– Барлық шығармаларыңыздың ішінде шоқтығы биігі, жаныңызға жақыны қайсы?
– «Толғау» деген күй. Ұлы даланы кейінгі ұрпақ үшін қорғаған, іргелі ел болуды аңсап өткен аталарымыздың, ұлтымыздың қанын, жанын, барын сақтап қалған аналарымыздың ерлік істері туралы толғаныстан туған шертпе күй.
– Жалпы, сіз Жетісу күй мектебінің өкілісіз, бұл жөнінде не айтасыз?
– Қазақта күй өнерінің үлкен екі мектебі бар: шертпе күй және төкпе күй. Мен осы екі мектепті де игерген адаммын. Шертпе күйді де, төкпе күйді де шығарамын.
– «Ерке сылқымның» көптің көңілінен шығуының бір себебі де сол шығар, күй бір жерінде шертіліп, енді бір тұста төгіліп тартылады. Қазақ күй өнеріне қандай жаңалық енгіздім деп ойлайсыз?
– Қазақ күйлері негізінен бір сарында басталады, сол сарында аяқталады. Менде олай емес, аралас өтетін күйлер бар. Бұл менің қазақ күй өнеріне қосқан кішігірім үлесім. Бірден күйдің өз сарынына түспей, оған алдымен кіріспе жасаймын. Мұндай туындыға Кенекең – Кенен Әзірбаевқа арналған «Көкшолақ» деген күй-дастаным жатады. Басында шертіп тартылады, біртіндеп ауысып, «Көкшолақ» әнінің әуеніне салған тұста қағыстың қарқыны үдей түседі. Содан кейін «Жамбыл баба жыр толғайды» деген күй-дастан, онда да ақын алдымен өз арнасына түсе алмай, кібіртіктеп отырады да бір кезде барып шабыттана шалқиды. Осы күй-дастанымды тыңдағанда Нұрғиса Тілендиев «Мынау бір ғажап дүние ғой!» деп тебіренген еді.
Мен өзі шығармашылықты 30 жастан кейін бастаған адаммын. Бірақ іштей күй жазсам деп армандап жүрдім. «Төле би толғауы», «Шабыт», Елбасына арналған «Нұрсұлтан» сынды 3 бөлімнен тұратын симфониялық күй-поэмаларын жаздым. Ел басына күн туғанда ұлтымыздың ертеңін ойлаған Төле би бабамыздың «Қызымыз күң, ұлымыз құл боп кетер ме екен...» деген тебіреністері күй болып күңіренді. Күй кіріспесінде «Жоңғар шапқыншылығынан жұртымызды қалай аман сақтаймыз?» деп толғанады. Екінші бөлімінде Төле бидің желмаясына мініп алып, халыққа үндеу тастап, «Ерлерім, азаматтарым, қайдасыңдар?» деп жұртын жігерлендіруі баяндалады. Міне, осындай ғой, мен жалпы ой түйетін туындыларға көбірек барамын.
– Сіз әсем Алматыны көрдіңіз, студенттік шақтарыңызды сонда өткіздіңіз. Сондай шығармашылық ортадан, ғажайып қаладан ауылға қайту көп албырт жастың қолынан келмейді. Сіздің шығармаларыңыздан да, ісіңізден де туған жерге деген асқан сүйіспеншілікті көреміз. Адам бұлай болу үшін бойында қандай қасиет болуы керек?
– Бұл – табиғи жаратылыс. Әріптестерімнің бәрі айтады: «Әбекең ауылда жатып-ақ бәрін айтып жатыр», деп. Мені Алматы да, Астана да, «Отырар сазы» да, Қазақ радиосы да, небір оркестрлер де шақырды. Ақыр аяғында «Неге келмейсің?» дейді, сондайда: «Әй, анау Шолоховты білесіңдер ғой, кітаптарын Донның бойында жазған. Ол Мәскеуіңе бармаған. Донға қармағын салып, көңілге түйген суретін сөзбен кестелеп, шаруасын бітірген» деймін. Мені сыртымнан «Шудың Шолоховы» дейтін көрінеді.
– Домбырашы тұла бойымен күйді түсініп, сол түсінігі арқылы оны тыңдарманға жеткізуі мүмкін. Бірақ күйшінің сезімі мүлде басқа. Сіз домбырашыдан бұрын күйші ретінде айтыңызшы, күй өмірге қалай келеді?
– Тақырыпқа байланысты ғой бәрі... Мен, мысалға, сен туралы толғануым керек. «Бір жапырақ сары қыз мені іздеп Астанадан келе жатыр. Шіркін-ай, сонау жерден жетектеп келе жатқан бұл не деген күш!» деп толғануым қажет. Осы толғаныс бір кездерде әуен болып туады, кейін күй болып төгіледі.
– Күй туу үшін сол тақырыппен «ауруыңыз» керектігін түсіндік, ал туғаннан кейін қандай сезімде боласыз?
– Ол бір рахат сезім ғой. Біраз уақыт көңіліңді кеңге салып, жайланып жүресің. Содан кейін «Енді шығара алмай қалам-ау...» деген бір уайым ойыңда тұрады. Бұл қорқыныш емес, барыңды соған бергеннен кейінгі келетін ой-толғаныс. Өйткені ішіңнен шыққанға дейін сен сонымен толғанасың, әрдайым ойланасың, көңіліңнен кетпейді. Ал сыртқа шыққанда күймен бірге өзіңнен босатасың.
– Бір күйді қанша уақыт «толғатасыз»?
– Әрқалай. Мысалы, мен «Ерке сылқымды» жиырма жыл толғатып жүрдім. Осынша уақыт сыртқа шыға алмай, ішімде жүрді. «Қалай бастаймын? Қалай жазамын? Қалай қыламын?» деп толғандым.
– Күй – аңыз, күй – тарих, менің ұғымымда, күй әдебиетті де жасай алады, өйткені онда тіл бар...
– Күй – ананың егіз тілі. Тіл айта алмағанды күй айтқан, тіл шеше алмағанды күй шешкен. Тіл айтуға бата алмағанды күй жеткізген. Домбыраның үніне жететін ғажап дүние жоқ. Құндылықтар жоғалып бара жатқан қоғамда оған бір күнді арнап, жастарға, ұрпаққа сол үнді өлтірмей жеткізуді мақсат еткен игі іске, Елбасының ерек шешіміне ризамын.
– Адам айта алмаған дүниені күй жеткізген деп өткен шақта айтып отырмыз. Жасыратыны жоқ, күйді түсінетін қазақ қоғамы өткен шақтың қойнауында қалып қойған секілді. Сізде ондай өкініш бар ма? Немесе бүгінгі біздің ортада күйдің парқына бойлай алатын тыңдармандық орта қалыптасқан деп айта аласыз ба?
– Мен бір-ақ нәрсені білемін. Халық түгел түсіне қоймайды, көптің ішінде ойы терең, өресі биік, көкірек көзі ояулары болады. Поэзияны оқитындар бар, ұғынатындар бар. Кітап оқып отырып, «осының маған керегі не?» дейтіндер де бар: мұның бәрі ішкі дәрменсіздік. Ал күйге деген құштарлық – рухани қуаттылық пен жан дүниесіндегі кемелділіктің белгісі.
– Күйді түсіну үшін адамда қандай қасиет болуы керек?
– Біріншіден, ол ести алуы керек, орысша «слух» деп жатамыз ғой. Екіншіден, онда сергек сезім болуы қажет. Естігенді сезе білу – жүрекке жету деген сөз.
– Қаншама ғасырдан бері сақталып бүгінге жеткен күйді санасын технология мен даңғаза музыка жаулап бара жатқан бүгінгі ұрпаққа қайтіп аманаттаймыз?
– Насихаттау керек. Күй – қазақтың символы, туы. Қазақ бар жерде күй тұруы тиіс. Күй – қазақты өзге халықтан ерекшелейтін жалғыз белгі. Осыны санаға сіңірген абзал.
– Ал күйді зерттеушілер туралы не айтасыз? Олар бар ма қазір?
– Күйді зерттеп жүргендер жоқтың қасы ғой. Қазір енді анау Жанғали Жүзбай күй, күйшілер туралы жақсы жазып жүр. Жақында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде бір күйші туралы жазыпты. Авторы талғамы бар, күйлердің ғана емес, күй өнеріндегі тұлғалардың да өмір тарихынан хабардар, қаламы қарымды, білімді азамат екен.
– Сіздің ұстазыңыз кім болды?
– Менің ұстазым – Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерейім. Мені солар тәрбиеледі.
– Өзіңізден кейінгі толқыннан қандай күйшілерді ерекше атар едіңіз?
– Секен Тұрысбеков жақсы. Күйлері адамды толқытады, жүректі қозғайды, тебірентеді. Айтқали Жайымов деген дос көңілді, парасаты мол, көп ізденетін, талғампаз азамат бар. Менің бірнеше күйімді оркестрге түсірді.
– Күй келешек ұрпаққа не береді деп ойлайсыз?
– Күйді насихаттап, әспеттей білсек, ол – үлкен құрал. Талайға азық болатын дүние.
– Бұрынғы дәулескер домбырашылардың ешқайсысы нота білмеген ғой. Бүгінде домбыра үйретудің үш түрі қалыптасты: қағысты санау, құлаққа құю және нота арқылы. Қайсысы қолайлы?
– Құйма құлақ бәрінен жоғары. Ол авторыңнан да асып түсуі мүмкін. Бірінің тартқанын екіншісі сол сәтте-ақ қайталап отырған. Қазақтың қанында бар қасиет. Қандай құдірет десейші! Мен кейде «Магнитафонды жұрт қазақтан үйреніп шығарған ғой» деп қалжыңдаймын.
– Сіз өмір көрдіңіз ғой, не түйдіңіз?
– Адал болу керектігін түсіндім. Ісіңе, жақындарыңа, айналаңдағы адамдарға, достарыңа, таңдаған кәсібіңе, отбасыңа, ел-жұртыңа, өнеріңе, өзгелерге, ең ақыры өзіңе адал болу қажет. Барлығына деген адалдық өзіңе, өзіңнің жолыңа, таңдауыңа деген адалдықтан басталып, өзіңе солардан келер адалдықпен аяқталады екен.
Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
Астана-Алматы-Шу-Алматы-Астана