Әне-міне дегенше оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Жаз мезгілінің екі айы зымырап өте шықты. Әсіресе бұл мезгілдің мектеп оқушылары үшін қызықты болатыны сөзсіз. Жаз бойы тыныққан балалар жаңа оқу жылында да білім бәсекесіне дайын болады. Сапалы білім алып, оны кәдеге жаратуға ұмтылады.
Талас ауданына қарасты «Жұрындысай» мемлекеттік сауықтыру орны бар. Мұнда жыл сайын жүздеген бала келіп демалып, жаз маусымын ойдағыдай өткізеді. Аталған лагерь 100 орындық асханамен, 5 шағын жатақханамен қамтылған. Келушілерге арналған бассейнмен қатар, бірнеше душ та бар. Ал мұндағы ашық алаңқай спорттық жаттығулар жасауға қолайлы. Бұл жердегі тұнық табиғаттың кереметі сол, сылдырап аққан тау бұлағы, сол таудан ескен самал жел жан жадыратады. «Жұрындысай» лагерінің жоғары деңгейде жұмыс атқаруына аудан әкімі Досмаханбет Әлиев әрдайым қолдау білдіріп келеді.
Жуырда қарт Қаратаудың қойнауындағы «Жұрындысай» лагерінде 100 баланың қатысуымен өнер сағаты өтті. Мұнда үшінші ауысымда 12 күн бойы демалған бүлдіршіндердің жүзінен қуаныш лебін аңғару қиын емес еді. Бір ғажабы, осында жиналған балалардың барлығы да өнерлі екен. Бірі оқу озаты, бірі әнші, бірі көркемсөз оқудан байқау жеңімпазы, бірі еркін күрестен облыстық бәсекеде жүлдегер, бірі биші. Лагерьде өткен өнер сағатының ерекшелігі де осында болса керек. Бұл ретте балалардың да тәрбиеші ағайлар мен апайларға деген ризалығы шексіз. Кеуделерін мақтаныш сезімі кернеген балалар мұнда «Нептун түні» шарасының куәсі болғандарын, сондай-ақ футбол, асық ату, волейбол, жүгіру, секіру сияқты ойын түрлеріне қатысқандарын жарыса айтты. Әрі олар мұнда көп дос тапқан. Еліміздің болашағы саналатын бүлдіршіндердің тәтті тілектеріне сүйсінбеске болмайды.
Тарихы сонау 1965 жылдан бастау алатын бұл лагерьді Дархан Бәйімбетов деген азамат басқарады екен. Ол осы уақытқа дейін 300 оқушы демалып қайтқанын, енді балалар үшін төртінші маусым басталатынын жеткізді. Елу жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан демалыс орны бір кезде жекеменшікке сатылып кетейін деп тұрған жерінен Рүстем Сеңгірбаев деген азаматтың араласуымен аман қалған. Енді міне, тарихы терең Талас жерінде балаларға қуаныш сыйлап келе жатқан «Жұрындысай» лагері әлі де ел болашағына қызмет көрсете бермек.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы