Елімізде бірқатар шетелдік теле-радио арналардың тіркеу туралы куәліктері қайтарылып, олардың ақпараттық кеңістігімізде хабар таратуы тоқтатылды. Атап айтқанда, бұл тізімге енген шетелдік 88 телеарнаның иелері Қазақстан заңының талаптарын орындамаған.
2017 жылы «Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заңының 42-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес еліміздің аумағында хабар тарататын барлық шетелдік теле және радио арналар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан аумағында заңды тұлғаны немесе өкілдігін (филиалын) тіркеуге міндеттелген еді.
Аталған заң 2018 жылдың 9 қаңтарында күшіне енгендіктен, телерадиоларды тіркеуге 9 шілдеге дейін уақыт берілді. Міне, арада алты ай өткенде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі куәліктері қайтарылып, хабар таратуы тоқтатылатын арналардың тізімін жариялап отыр. Бұл – заңның талабы және елдің ақпараттық қауіпсіздігін сақтаудың маңызды бір тармағы екені даусыз.
Ақпарат саласындағы осынау өзгерісті Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Бүгінде Қазақстанда шетелдік 307 телерадио арна тіркеулі. Олардың жұмысын реттеп отыру мақсатында министрлік жыл басында заңнамаларға өзгеріс енгізуге мұрындық болып, соған сәйкес барлық шетелдік телеарналар Қазақстан Республикасында өкілдіктерін ашуға міндеттелді. Оларға жаңа талаптарды орындауы үшін жартыжылдық уақыт берілді. Қазіргі күні 219 телеарна аталған талапты орындады. Қалған 88 телеарнаның хабар таратуын тоқтату мақсатында министрлік арнайы бұйрық әзірледі», деп жазды Д. Абаев.
Қазіргі уақытта еліміздің аумағында хабар таратуды тоқтататын арналардың толық тізімі Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сайтында тұр.
Бұл арада уәкілетті органның заң аясындағы жұмысының тиянақты жасалғандығы байқалады. Өйткені министрлік жыл басынан бері өкілдіктерін ашпаған шетелдік теле-радио арналардың иелеріне өз қызметін Қазақстан заңнамасы талаптарына сәйкестендіру қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.
Енді Қазақстан аумағында хабар таратуын жалғастыруға қызығушылық танытатын шетелдік теле-радио арналар өз өкілдіктерін ашып, қайтадан тіркеуге тұруы қажет.
Жуырда ғана министрлік «Шалқар» радиосының таралу ауқымын кеңейтіп, әсіресе, шекараға жақын елді мекендерді қамтуға қол жеткізгендігін жаздық. Осы екі қадамның да түп-төркіні ақпараттық қауіпсіздік тұрғысындағы маңызы жоғары мәселе болып отыр.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»