Бішкектегі Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейінде қазақтың майталман суретшісі, гобелен-түкті тоқыма өнерінің хас шебері Құттыбек Жақыптың «Ұлы Дала әуені» атты көрмесі ашылды.
Көрме заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына және қыркүйектің бірінші аптасында Ыстықкөлде өтетін III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында ұйымдастырылды.
Көрмені қырғыз жұртшылығы, өнер сүйер қауымы жылы қабыл алды. Суретшінің қолдан тоқылған гобелендерінің көркемдігіне сүйсінген көрермен көп болды. Оларды Құттыбек Жақып туындыларының өзіндік өрнегі, пәлсапасы қызықтырды.
Құттыбектің құтты қолынан шыққан суреттердегі ою-өрнектер мен айшықтардан бауырлас қазақ пен қырғыздың қолөнерінің бастауы бір екені айқын аңғарылды. Мүмкін, қырғыз көрермендерін баурап алған суреттегі осындай құбылыс болар.
Көрмеге суретшінің «Ұлы Дала», «Балдәурен», «Қансонар», «Ақ түйе», «Тұйғын», «Ұршық», «Ағаш өмірі», «Театр» және басқа елуден аса түкті тоқыма полотносы қойылған.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Бішкек