Шардара су қоймасынан машиналық су беру жобасы күрмеулі мәселелерді реттеуге мүмкіндік туғызып отыр
Мақтааралға барсаң, жол жиегінде шашылып жатқан мақта талшықтарын көресің. Мақтаның екінші аты – ақ алтын. Биыл нағыз осы атын ақтап тұр. Күзде бір тоннасының бағасы 100 теңгеден асып кетті. Гектарға шақсаңыз, қып-қызыл ақша, ел үшін, береке, бала-шаға үшін – “сен же, мен же”... Мақта өсіру оңай тірлік емес. Машақаты жетерлік. Жер құнары сақталу үшін агроталаптар орындалып, қажетті минералдар сіңірілуі қажет. Ең бастысы – уақытында суару. Ал суды сырттан алатын Мақтаарал үшін жаз мезгілдерінде ағын су алтынға айналады. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері арқылы келетін “Достық” каналында айқай-шу көбейе бергендіктен әрі су тапшылығы қатты сезілген 80 мың гектар алқапты суландыру үшін Елбасының тапсырмасымен “Шардара су қоймасынан машиналық су беру” жобасы іске асырылды. Аудан әкімі Серік Тұрбеков мырзамен арнайы барып, жұмысымен таныстық. Электр энергиясы көп жұмсалатындықтан қымбатқа түсетіндей көрінгенімен ағын су болмай қалғанда шаруаны анық тығырықтан шығаратын осы алып су сорғылар. Серік Тұрбеков қатардағы көп әкімдердің бірі емес, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастырған тәжірибелі басшы. Ауданның даму жоспарын жүлгелегені ұнады. Бұл талаптар орындалған жағдайда Мақтаарал Қазақстандағы ең табысты аудандардың бірі болады. Мақтаарал ауданының аумағы – 176,9 мың гектар. Халқы – 294,1 мың адам. Мұнда 60 ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Тұрғындардың 83,6%-ы қазақтар. Ауданда халық тығыз орналасқан, әрбір шаршы шақырымға шаққанда 157,5 адамнан келеді. Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Диқандардың басым бөлігі шитті мақта өндірумен айналысады. Ауданда мақтаның “С-4727”, сондай-ақ, Мақтаарал мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған “Мақтаарал-3044” және тағы басқа сорттары егіледі. 90-жылдары елімізде жүргізілген реформаларға сәйкес бұрынғы 30 колхоз бен совхоз таратылып, егістік жерлері дербестендіріліп, 20 мыңнан астам негізінен ұсақ агроқұрылымдар құрылған. 2009 жылдан бері ірілендіріліп келеді. 2011 жылы 9171 шаруа қожалықтарын ірілендіру жоспарланып отыр екен. Ауданда 20 037 ауылшаруашылық құрылымдары бар, оның ішінде 19 995-і шаруа қожалықтары, 42-сі өндірістік кооперативтер. Диқандарға 74 су пайдаланушылар құрылымдары, 8 МТС, 12 биофабрика мен биолаборатория қызмет етуде. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі жылдан жылға артуда. 2007 жылы ағымдағы бағамен есептегенде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20,2 млрд. теңге болған. Жылдан жылға өсіп келе жатқан жалпы өнім көлемі 2011 жылы 39,9 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. 2011 жылы 136 мың гектар егістік жердің 101,3 мың гектарына шитті мақта, 14,6 мың га алқапқа бақша дақылдары, 4,9 мың га алқапқа жоңышқа, 3,8 мың га алқапқа дәндік жүгері, 3,7 мың га алқапқа көкөніс, 1,6 мың га алқапқа күріш және т.б. дақылдар егіліп, 30,7 млрд.теңгенің өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіштерге жетуге су ресурстарының пайдаланылуы тікелей әсер етті. Серік Ордабекұлы ауданның өсімдік шаруашылығының әлеуетін талдауда мынадай талаптарды ұстанады. Күшті жақтары: ауа-райының жылылығы дақылдарды өсіруге қолайлы. Ауылшаруашылық дақылдарының басым бөлігінің шығымдылығы, дамыған инфрақұрылым. Мүмкіндіктері ретінде бір науқанда 2-3 айналымдық егін егуге болатындығын ұсынады. Ал осыған қарсы әлсіз жақтарын былайша сұрыптапты. Жердің тұздылығы, 12 ай бойы ағын судың бола бермеуі, мақта зиянкестерінің көп болуы, тік дренаждар мен қашыртқылардың толық жүмыс істемеуі, ұсақ тауар өндірушілердің көптігі. Қауіп ретінде жер асты суларының жақындығы, ағын су жетіспеуі және мақта зиянкестерінің көбеюі салдарынан өнімді жоғалту. Осылайша, Елбасының қолдауымен жүзеге асырылған «Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының суармалы жерлеріне Шардара су қоймасынан машиналық су беру» жобасының арқасында жоғарыда көрсетілген мәселелерді толық шешуге мүмкіндіктер туғызылады. Аудан әкімі қолданыстағы су жүйелерін және егістік алқаптарын пайдалану тиімділігін арттыру үшін мынадай жұмыстарды басшылыққа алып отыр. Біріншіден, су арналарын бетондап, арық атыздарды тазалау, дренаж жүйелерін кезең-кезеңімен іске қосуды көздейді. Мысалы, тек К-26 каналын қайта құрудың өзі жылына 3,1 мың га жерді суландыруға жететін суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тік дренаждардан шыққан жер асты суларын ағын суға қосып пайдалану қажет. Ауданда 2012 жылы 218 + 146 = 364 тік дренаж іске қосылады. Осы дренаждардың 30 пайызын, яғни 109 данасын пайдалануға болады. Үшіншіден, егістік алқаптарын микрожоспарлау жүмыстарын толығымен жүргізуді міндеттеу. Су үнемдеу технологиясын жаппай ендіруде Мақтаарал ауданында кезең-кезеңімен 23,3 мың га егістік алқаптарын тамшылатып суару, 34,5 мың га егістік алқаптарына жаңбырлатып, шашыратып суару технологияларын ендіре отырып егістік егуге мүмкіндік бар. Агротехнологиялық шараларды бір мезетте атқаратын агрегаттарды, жер айдау барысында айналмалы соқаларды, дақыл жинау барысында кептіру, тазалау, салмағын өлшеу, қаптау технологиясымен жабдықталған техникаларды қолдану аясын кеңейтуді көздейді. Бүгінгі таңда ауданда ашық түрдегі мақта дақылының жүйек аралығы 90 см. қашықтықта егілуде. 1 метрге 12-14 дана түқымдық шит себілсе, 1 га жерде орташа 143000 түп қоза қалыптасады. 1 түпте 5 көсектен болған жағдайда 1 га мақталық алқаптан орташа 21,5 центнер өнім алынады. Мақталық алқаптан алынатын өнімді арттыру жолы ретінде агроқұрылымдарға егістіктің жүйек аралығын 60 см. өткізіп, 2 қатарлы егістік әдісін колдану және су үнемдеу технологияларына көшу ұсынылуда. Бұл жағдайда 1 га жерде 364000 түп қоза қалыптасады. 1 түпте 4 көсектен болған жағдайда 1 га мақталық алқаптан орташа 43,7 центнер өнім алуға болады. Аталған әдісті қолдану арқылы жекелеген агротехникалық шаралар жүргізілмей, 1 га жерге кететін шығын көлемі азаяды. Ғалым әкім ауданның даму бағдарламасын осылайша жүлгелепті. Осы талаптар сақталған жағдайда ауылшаруашылық дақылдарының жалпы өнімділігі 2012 жылы 19,1 пайызға, 2014 жылы 64 пайызға өседі деп күтілуде. Ал мақта дақылы гектарына 2012 жылы 26 центнерден келсе, 2014 жылы 35,1 центнерге жетеді. Бұл ауадан алынған цифрлар емес. Нақты жұмыс көрсеткіштері. Халқы тығыз орналасқан, санға шақсаң бір Маңғыстау облысы тұрғындарына жетеғабыл ауданның келешегі кемел болуы үшін осындай жұмыстар атқарылады. Өз мақтасы бола тұрып, тереңдете өңдеуді көрші облыстарға беріп келген ауданда осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бұл да қуантатын жағдай. Мақтаарал түбінде мақта кластерін жүзеге асыратын отандық өндіріс орнына айнала алады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.
•
23 Желтоқсан, 2011
Мақтааралда мақта кластері дамытылмақ
549 рет
көрсетілді