• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Президент 23 Тамыз, 2018

Ұлық мерекемен құттықтады

260 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні «Әзірет Сұлтан» мешітіне барып, құран оқытып, мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтады. 

Мемлекет басшысы жұрт­шы­лық алдында сөйлеген сө­зінде барша қазақстандықты Құрбан айт мерекесімен құт­тықтап, бұл мейрамның бейбіт­ші­лік пен адал ниетке негіз­дел­ген символдық мәнінің зор екенін және исламның мыз­ғымас рухани құндылықтарын ай­қындайтынын, сондай-ақ мейі­рімділік пен ізгіліктің, жақ­сы­лықтың жаршысы болып саналатынын атап өтті.

«Бүкіл мұсылмандар, хал­қымыз намазын оқып, парызын орындау мақсатында менің Жарлығыммен бұл күн мейрам деп жарияланған. Халқымыз осы күнді ерекше атап өтіп, на­маз оқып, құлшылық жасап, Ал­ладан тілек тілеген. Бұл ‒ Ал­ла­ның көрсеткен жолы, Пай­ғам­бардың ізі. Қазақстанның бар­ша мұсылман қауымын осы ме­рекемен құттықтаймын! Сіздер­дің барлық дұға-тілектеріңізді Алла қабыл етсін!» деді Н.На­зар­баев.

Қазақстан Президенті Құр­бан айттың мән-маңызы тек намаз оқумен және құрбандық шалумен шектелмейтінін айтты, сондай-ақ жағдайы жоқ от­басыларға, жетімдерге, қарттар мен барлық мұқтаж жандарға қа­йырымдылық танытып, кө­мек көрсетуге шақырды.

«Бұл мереке елдің бірлігі мен болашағын нығайтып, иман, қанағат, қайырымдылық ма­ғы­насын білдіреді. Осы күн­дері ағайын-туысқан қауы­шып, бір-бірінің үйінде дәм татып, кемтарларға көмекте­сіп, жақ­сы­лық жасайды. Қазір­гі таңда елі­міздің азамат­тары «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасымен өзі­нің туған жеріне, ауылына жақ­сылық жасап, аурухана, бала­бақша, мектеп салып беріп жатыр. Мұндай қайырымдылық та сауапты болады деп есептейміз. Осындай игі істерді жалғастыра беру керек», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бү­гін­де Қазақстанда діндердің өркен­деуі үшін және олардың конфес­сиялық ұстанымдарына қара­мастан, діни ғұрыптарының орындалуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.

«Жуырда Астанада жа­һан­дық және конфессияаралық диалог пен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін беретін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтеді», деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті Құр­бан айттың терең мән-мазмұны қонақ­жайлылықты, достық пен бір­лікті қастерлейтін хал­қымыздың рухани құн­ды­лықтарымен және мәдениетімен үндесетінін атап өтті.

«Баршаңызға зор денсаулық, әрбір отбасына бақ-береке тілей­мін! Қазақстанымыз өркендеп, елі­мізде әрдайым достық, ты­ныш­тық пен тұрақтылық салтанат құра берсін!» деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назар­баев отандастарымызды Құрбан айт­пен тағы да құттықтап, Қа­зақ­стан халқына бақ-береке тіледі.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»