ИРАК ҚОҒАМЫНДА ТЫНЫШТЫҚ ЖОҚ
Бұрнағы күні Ирак астанасы – Бағдад қаласының түрлі аудандарында қатарынан 14 жарылыс жасалды. Бұл лаңкестік әрекет салдарынан, кешегі мәлімет бойынша, кем дегенде 70 адам қаза тапқан. 200-ге жуық адам түрлі деңгейде дене жарақаттарын алды деген дерек бар. Ирактағы сүнниттер мен шииттер және осы елді мекендейтін күрдтер алауыздығы соңғы кездері қайтадан күш ала түскендей. АҚШ президенті Б.Обама өз елі әскерінің Ирактан жеңіспен оралғанын мәлімдегенімен, оның қандай жеңіс туралы айтып отырғаны түсініксіз. Сөз ретінде Б.Обама сайлауалды уәдесінде тұрып, 18 желтоқсанда Ирактағы барлық АҚШ әскері аталған елді тастап шыққанын айта кетейік.КИМ ЧЕН ИРДІ ҮНСІЗДІКПЕН ЕСКЕ ТҮСІРДІ
22 желтоқсанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжілісінде 17 желтоқсан күні өмірден озған Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ир 1 минөт үнсіздікпен еске алынды. Бір атап көрсетерлігі – АҚШ, Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Жапония, тағы бірқатар мемлекеттер делегациялары аталған рәсімге қатысудан бас тартқан. 1 минөт үнсіз тұрып еске алу рәсімін БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Әбдел Әзиз әл-Насыр КХДР делегациясының тиісті өтініші бойынша жариялаған болатын және ол хаттамаға сәйкес қабылданған екен. Солтүстік Корея делегациясы 1 минөт үнсіз тұрып еске алу рәсімін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде де өткізуді сұраған екен, бірақ бұл өтініштен бас тартылыпты.ҚЫТАЙ ДИССИДЕНТІ ТОҒЫЗ ЖЫЛҒА ҚАМАЛДЫ
Қытай диссиденті Чэнь Вэйді сот тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. 42 жастағы Чэнь Вэйге билікті тағынан тайдыруға арандатып, интернетте Қытайдың коммунистік партиясын сынайтын 26 эссе жариялағаны үшін кінәлі деген айып тағылып отыр. Сот үш сағатқа жуық уақытқа созылған. Үкім жарияланғаннан кейін Чэнь Вэй өзінің кінәлі екенін мойындамағаны өз алдына, демократияның нақты жеңіске жететінін және диктаторлар тақтарынан нақты тайдырылатынын мәлімдеген. Қытайдың аталған азаматы 1989 жылдан бастап бұған дейін де үш мәрте түрмеге қамалған екен. Оның Тяньаньмэнь алаңындағы шерудің қатысушысы екенін де айта кетейік.ЕУРОПА ЕЛДЕРІНДЕ ЕРЕУІЛ УШЫҒЫП ТҰР
Жаңа жыл қарсаңында Еуропаның бірқатар елдерінде ереуіл күшейе түсті. Мәселен, Францияның де Голль әуежайының қызметкерлері еңбекақыларын көбейту, еңбек жағдайын жақсарту талабымен өз міндеттерін атқармай, ереуілдеп жатқандарына бір жұмадан асты. Батыс елдері үшін тамаша мейрам саналатын Рождествода үйлерімізге жете алмай қаламыз ба деп алаңдаған жолаушылар көп. Бельгияда бюджет саласы қызметкерлерінің ереуілі елдің көптеген қалаларында қоғамдық көліктің қозғалысын тоқтатып тастады. Сөйтіп, ел астанасы – Брюссельде автобустар, трамвайлар мен метро жүрмей қалса, басқа Еуропа елдерімен байланыстыратын темір жол байланысы да бұзылған. Англияның көптеген қалаларында да көшеге шығып, ереуілдеушілер үкіметтен өздерінің жағдайларын жақсартуды талап етуде.ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯДА КҮШТІ ЖЕР СІЛКІНДІ
Жаңа Зеландияда қуаты 5,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Оның эпицентрі Крайстчерч қаласынан 26 шақырым жерде болған делініп отыр. Артынша екінші жер сілкінісі тіркелген. Екі табиғат апатының аралығын 1 сағат 12 минөт құрайды. Әзірше, құрбандықтар мен қирандылар туралы нақты мәлімет жоқ. Белгілісі – жер сілкінісі Крайстчерч қаласы әуежайының жұмыс кестесін бұзған. Мәселен, кейбір ұшақтар қала әуежайына қона алмай, басқа ыңғайлы орын іздеуге мәжбүр болған. Осы жылдың ақпанындағы 6,3 балдық жер сілкінісінде аталған қалада 200-ге жуық адам қаза тапқан еді. Ал зілзаладан келген шығын бірнеше миллиард долларға бағаланған болатын.Қысқа қайырып айтқанда:
• Көптеген айдан бері билік пен оппозиция арасында кикілжің жалғасып келе жатқан Сирияда екі қуатты жарылыс болды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сирия астанасы – Дамаскідегі жарылыстар мемлекеттік мекемелер жанында жасалған және көп шығын жоқ секілді.
• Бірнеше айдан кейін Әзербайжанда шетелдік телесериалдарды трансляциялау тоқтатылады. Мұндай шешім телерадио хабарларын тарату жөніндегі ұлттық кеңес мәжілісінде қабылданған. Себеп – жастар өзге елдердің рухында тәрбиеленбеуі тиіс.
• Латвия сеймі (парламент) елде орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы конституцияға өзгерістерді қабылдамай тастады. Депутаттар тіпті заң жобасын күн тәртібіне енгізуден бас тартқан.
• Ресей президенті Д.Медведев өзінің жарлығымен Кремль әкімшілігінің басшылығына Сергей Ивановты тағайындады. Ол күні кешеге дейін елдің вице-премьері болып келген еді. С.Иванов үкіметте 2001 жылдан бері жұмыс істейді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.