Шаруашылық ұжымымен бірге Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесін атап өтіп жатқанбыз. Жүзін күн мен жел қаққан еңбекқор ауылдастарымды марапаттап, ән мен жырдан шашу шашып, мәз болып отыр едік. Ертеңіне Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаны естіп, көңіліміз су сепкендей басылды. Өзімді қоярға жер таппадым және сол түнде ұйықтай алмай шықтым. Бейбіт заманда адамдардың осынша жапа шегуі, қырылуы қандай ақылға сыяды? Барлығы дерлік қыршын жастар, артында төрт балапаны қалған қарындасымыздың жазықсыз, қапыда оққа ұшқанын қайтерсің... Онсыз да көп халық емеспіз ғой. Жастардың киіз үйді қиратып, шаңырағымен қосып өртегені менің жаныма қатты батты. Жүрегім ауырды. Шаңырақ қазақтың киесі емес пе еді? Аталарымыз жауға да қарашаңырағын бермеген. Бетін аулақ етсін, елге сырттан жау шауып, Отан үшін жастарымыз оққа ұшып жатса, оның жөні бір бөлек шығар. Қазақтың басынан ондай замандар да өтті. Ал мынандай бейбіт күнде қазақтың бір біріне мылтық кезегені қандай сұмдық! Сабырмен істесе шешілмейтін дау жоқ. Қазір экономикалық жағдайымыз түзелген. Қазіргі жағдай 90-шы жылдардағыдан ауыр емес. Онда жұрт қайда барарын білмей үдере көшіп кеткен жоқ па еді? Бірақ сондай ауыр күндердің өзінде көтеріліп, қолына мылтық алған ешкім жоқ. Барлығына да төзе білді, алдан жақсы үмітке сенді. Мұны маған өзге ұлттардың өкілінен тұратын ауылдастарым да айтып жатыр.
Жаңаөзенде әлеуметтік мәселелердің барлығы рас, оны ешкім де жоққа шығармайды. Әрине, сол жергілікті жерлердегі іс басында жүрген азаматтар адамдардың әлеуметтік мәселелерін осынша шиеленістірмей уақытысында шешіп, сергек қарауы керек еді. Дегенмен, еңбек дауын даулаған азаматтардың қантөгіске дейін апаратын жөні тағы жоқ, еңбек дауы заңмен шешілмек керек. Меніңше, көңіл-күйге тез ерік беретін жастардың, жұмыссыз қалған азаматтардың ашу-ызасын ниеті арам сыртқы күштер «ұтымды» пайдаланған. Арандатушылар болмаса, жастар мұншалықты бассыздыққа бара қоймайды. Әсіресе, халқымыздың дәстүр-салты, діні, ділі жақсы сақталған ортаның тәрбиесін көрген жастардың шаңырақты өртеуі, адамға оқ атуы мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сын болған осы жағдайды тұрақтандыру үшін Ақтау мен Жаңаөзенге барғаны өте дұрыс болды. Қазір адам қаны төгілген мұндай жағдайлар әлемнің көп елдерінде болып жатыр. Бірақ барлық президенттер біздің Елбасы сияқты оқиға болған жерге өзі барып жүрген жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтау мен Жаңаөзендегі жұртшылықпен кездескеннен кейін-ақ істің түйіні шешіледі деген көңілге жылы сезім орныға бастады. Елбасы оқиға болған жерді, жергілікті адамдарды өз көзімен көрді, жағдаймен жете танысты. Жергілікті биліктегі азаматтарды ауыстырды, үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұмысшылары мен Жаңаөзен қаласы тұрғындарының наразылығын тудырған мәселелер себептерін қысқа уақытта анықтауды және оны қалпына келтіруге ұсыныстар даярлауды тапсырды. Еңбек дауы шешілмейтін түйін емес екенін Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы сапарында көрсетті. Елбасы осы сапарында жалпы маңғыстаулықтарға қазақстандықтардың бірлігінің, дамуға бағытталған экономикалық-әлеуметтік саясаттың арқасында Жаңаөзендегі жағдайды өте қысқа уақытта қалпына келтіруге, адамдардың қалыпты өмірін орнатуға мүмкіншілік бар екенін айтты. Барлық мемлекеттік органдарға жұмысты бірлесе ұйымдастырып, үйлестіруге тапсырма беріп, оны алдағы уақытта өзінің бақылауына алатындығын да ескертті. Күн сайын батыс жаққа алаңдап, істің қалай өрбитінін қарап отырған жұрттың көңілі де орнына түскендей болды. Тыныштық бар жерде ғана береке болатынын адамдар ұғынған болар. Дауды шешу үшін қантөгіс міндет емес екені жастарға ғұмыр бойы сабақ болса жарар еді.
Сайран БҰҚАНОВ. «Қарқын» ЖШС-нің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.