• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Абдыраған көңілге сенім ұялатты

288 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облы­сына арнайы барып, Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның жай-жапсарымен кеңірек таны­суын өте орынды деп есептеймін. Өйткені, майлы қиян атанған Маң­ғыстау облысындағы мұнайшылар мен жұмыс беруші компаниялар арасындағы еңбек дауы әбден ша­рықтау шегіне жетті. Бұл мәселені жұмыс берушілер өздігінен оң­тай­лы шешуге  құлықты болмады, не қауқары жетпеді. Тіпті Үкі­мет басшысы бұл мәселенің себебі мен салдарын жете зерттеп, оң шешуге талпыныс жаса­ғанда, бәлкім, Жаңаөзен оқи­ғасының алды алынар еді. Адамдардың қаза табуына, жарақат алуына жол берілмеген болар еді. Өркениетті елдердің күнделікті тыныс-тіршілігіне жіті бақылау жасаған адамдар  көптеген  елдерде мұндай еңбек даулары мемлекет басшысының араласуынсыз шешімін тауып жататынын естіп те, оқып та жүрміз. Бізде де осын­дай үрдіс қалыптастыруға бола­тынын түсінетін кез жетті емес пе? Міндетті түрде Елбасының араласуын күтіп отыра беруге бола ма? Мемлекет басшысының арқалаған жүгі де ауыр, атқарар қызметінің ауқымы да кең. Алайда, елі сайлаған, елін сыйлаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұл тиісті үкіметтің, министрліктер мен компания­лар­дың айналысатын шаруасы деген жоқ. Бар жұмысын ысырып қой­ып, Маңғыстауға, одан әрі Жаңаөзенге өзі барды. – Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» компаниясы еңбек дауын дер кезінде шешу жөніндегі менің тапсырмамды орындамаған. Өкінішке орай, олар бұл мәселені шешуге қабілетсіз болып шықты. Ұлттық компания мен оның еншілес құрылымдары­ның басшылары арасында кез­дей­соқ адамдар көп болып шықты. Мұның бәрі менеджмент тиім­ділігінің төмендеуіне әкеліп соқ­ты. Қазақстандықтардың бірлігі­нің, бірізді жүргізілген әлеу­меттік-экономикалық саясаттың ар­қасында, Жаңаөзенде қалыпты өмірді қалпына келтіру үшін бізде барлық қажетті жұмыстарды ба­рынша қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірлескен және үйлестірілген жұмыстарды ұй­ымдастыруды тапсырамын. Бар­лық іс жылдам және барынша қысқа мерзімде жүргізілуі тиіс. Мен оның жүзеге асырылу бары­сын жеке бақылауымда ұстаймын. Жұмыстан босатылған 1800 қыз­меткердің проблемасын шешу және қысқа мерзімнің ішінде олар­ды жұмысқа орналастыру жө­нінде қажетті шараларды қабыл­дау қажет. Бұл жағдайда олар бұ­рынғы жұмыс орнымен салыс­тыр­ғанда еңбекақыдан ұтылмауы тиіс. Бұдан басқа «Өзенмұнайгаз» ком­паниясын «ҚазМұнайГаз» ком­па­ния­сынан бөліп, оны толыққанды заңды тұлға жасау қажет. Тұ­рақ­тылық қа­зақ­стан­дық та­быс­тың бас­ты шар­ты екенін ешқашан естен шығаруға бол­­майды. Бұл рес­публиканың игілігі, оны бар­лық қа­зақ­стан­дықтар сақ­тай білуі тиіс, деп мә­селені тө­те­сі­нен қойды Нұрсұлтан Әбішұлы. Міне, Елбасының осы сөзінен Маңғыстаудағы еңбек дауының шығу себептерін ұғынғандаймыз. Мұндай еңбек даулары тек Маң­ғыстау облысында емес, өзге  өңір­лерде де болып тұрады. Мәсе­лен, біздің Атырау облысында бір-екі жыл бұрын осындай даулар орын алды. Әсіресе, шетелдік компаниялардың қатысуымен іске асып жатқан халықаралық жоба­ларға жұмысқа тартылған отан­дастарымыздың жанайқайына өңір басшылары дер кезінде көңіл аудар­ды. Соның нәтижесінде шетелдіктер тарапынан қысастық көрген Қазақстан азаматтарының конституциялық құқы қорғалып, шетел инвесторларының желігі ба­­сылды. Маңғыстау өңіріндегі мұ­найшылардың проблемасын шие­­леніске апармай шешуге болатын еді. Тегінде басшының бәрі бірдей «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді жадында ұстай бермейді. Ал біздің Тұңғыш Президентіміз осы қағиданы ұдайы ұстанатынын, Қазақ елі үшін, әр қазақ үшін жаны ауыратынын және бір рет байқатты. Елдік, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятынын та­нытты. Мұны адамгершілік тұрғы­сы­нан айтқанда, Елбасының аза­мат­тығын Маңғыстауға, әсіресе, Жа­ңаөзенге сапарынан аңғара ала­мыз. Бұл сапар сол өңірдегі абды­раған тұрғындардың көңіліне сенім ұялатты. Елдің бірлігін, тұ­рақтылығын көздеген Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау мұнайшы­ларының еңбек дауын осылай оң шешіп берді. Ендігі мәселе –Ел­басының тапсырмаларының мүл­тік­сіз орындалуында. Есен ТАСҚЫНБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы. Атырау облысы.