• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Ақиқаттан аттамау көрінісі

388 рет
көрсетілді

Елбасының Жаңаөзенде болып, қала тұрғындарымен кездесуі, бүлік пен жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан бүлінген ғимараттарды шұ­ғыл қалпына келтіру жөнінде Үкімет пен тиісті ве­домстволарға тапсырма бергені үлкен парасат­ты­лықтың белгісі деп білеміз. Мемлекет басшысының осынау арнайы іссапары туралы айтқан кезде еліміздің кез келген өңірінде орын алған келеңсіз жағдай, әр отбасының басында кездесетін қайғы-қасірет ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының жүрегін тіліп өтетінін сезінгендей көңіл-күйге бөленеміз. Елдегі қарапайым адамдардың тағдыры мен мұң-мұқтажы үнемі Елбасы назарында тұратынына бұл жолы тағы да куә болып отырмыз. Бұл пікі­ріміздің бір дәлелі ретінде Президент Жаңаөзен аума­ғында жұмыстан қысқартылған немесе боса­тыл­ған жұ­мыс­шыларды индустриялық-иннова­ция­лық бағдарлама шеңберіне кіретін кез келген жоба нысандарына орналастыру жөнінде берген пәрмені айғақ. Әрине, мұнайлы түбекте еңбек даулары жөніндегі әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Әйтсе де осы еңбек даулары мен Жаңаөзендегі жаппай тәртіп бұзушылық арасында ешқандай байланыс жоқ екенін тағы да ашып айтқан орынды. Еңбек даулары жөнінде Президенттің тапсырмасы болған екен. Оны дер кезінде орындамай өзекті мәселені шешуде дәрменсіздік танытқандар, ұлттық компания мен оның еншілес құрылымдарының басшылары арасында менеджмент тиімділігін жолға қоя білмейтін кездейсоқ адамдардың болуы Елбасын ел алдында ыңғайсыз жағдайға түсіре жаздағанын қайда қоямыз? Бұлардың қатарында Үкімет, «Самұрық-Қа­зы­на» әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз» компаниясы бол­ғаны қандай өкінішті. Нұрсұлтан Әбішұлы со­лардың барлығының аттарын атап, түстерін түстеп айтып, бұл олқылықты шешу жөнінде шұғыл шара белгілеп, оң кадрлық өзгерістер жасағаны да барша қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр. Бір сөзбен айтқанда, Ұлт көшбасшысының басты ұстанымы қай кезде, қандай жағдайда да тек ақиқаттан аттамау екенін тағы да тереңірек түйсініп отырмыз. Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры. Батыс Қазақстан облысы.