• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Желтоқсан, 2011

Қайғыны бөліссең жеңілдейді

502 рет
көрсетілді

Жаңаөзенде, одан кейін Шетпе стан­са­сында болған оқиғалар қай-қайсы­мыз­ды да бейжай қалдыр­майтыны сөз­сіз. Мұндай келең­сіз­діктің  Тәуелсіздік мерекесі күні  орын алуы өкінішті, әрине. Өздері тұратын қаладағы көрнекті ны­сан­дарды  өртеп, тонауға барған адам­дардың әрекетін ақтау қиын.  Тойы­мыздың шырқы неге бұзылды? Бұл азамат ретінде әркімді де ойлантатыны сөзсіз. Қандай да шешімін күткен өзекті мәселелерді бұлай ушықтырмай-ақ шешуге болатын еді деп ойлаймын. Қақты­ғыстар халықтың қамын ойлағандық болмайды. Алайда, осындай оқыс оқиға орын алды, енді оның зардабын жеңіл­детудің жайын ойлау қажет. Осы  бағытта Елбасы мен Үкімет шұғыл шешімге келіп, қайғыны сейілту шараларын алып жатыр. Бұл бір күнде жазылатын жан жарасы емес, дегенмен қайғыны бөліссең жеңілдейді дейді халқымыз. Сондықтан жаңаөзендіктерге көмек қоын созудан ешкім сырт қалмақ емес. Қазір Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қадамдары осы бағытта өрбігені көңілге медет. Елбасы тапсырмасымен құрылған  Үкіметтік комиссия осы күндері жағ­дай­ды тұрақтандыру бағытында біраз жұ­мыстар атқарды. Үкіметтік комиссия жеті топ бойынша жұмыс істеп, нысандарды қалпына келтіру, әлеуметтік қамтамасыз ету, азық-тү­лік­пен қамта­ма­сыз ету, ха­лықты ақпарат­тандыру, құ­қықтық қам­тамасыз ету ба­ғытында көп шаруалар тын­дырды. Үкі­меттің Жаңа­өзен­дегі тәр­тіпсіздіктердің зар­дабын жою­ға және қаланы қалпына келтіруге арнайы шаралар жоспарын бекіткенін, осы мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінгенін естіп, құ­лазыған көңілімізге сенім ұялады. Жекеменшік нысандарды қалпына келтіруге де қаржы қарастырылмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Маңғыстау облысына арнайы барып, актив өткізуі де бұл мәселенің аса маңызды екенін көрсетеді. Бұзақы топтың іс-әрекеттеріне себепші болған «Өзен­мұнай­газ» компаниясы  жұмыстан босатылған жұмысшылардың арасындағы еңбек дауын дұрыс шешпеген «Самұрық Қа­зына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» ком­па­ниясының басшыларын ауыстыруы ар­қылы мұндай жағдайға соқтырғандардың ешқайсысына кешірім болмайтынын аң­ғартты. Жаңаөзендегі кездесуде де Елба­сы ұлы Абайдың «Халық бірлігі біздің ең басты құндылығымыз» деген сөзін тағы бір еске салды.  Нұрсұлтан Әбішұлы, елдің өзге өңірлерінің қаланың қираған нысандарын қалпына келтіруге ұмтылып отырғанын атап өте келіп, отандық кәсі­п­к­ерлердің қираған нысандарды қалпына келтіруге ықпал ететінін жеткізуі қиын­дықты бірігіп көтеруге жұмылған қаза­қ­стандықтардың ойын дөп басты десе болады.  Елбасы осы жұмыстарды өте қысқа мерзімде орындауды Үкіметке қа­дап тапсырды. Президент әрбір жаңа­өзендіктің үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында ашылған кәсіпорындарда жұмысқа орналасуға мүмкіншілігі бар екенін ашып айтты. Бұл жаңаөзендіктер үшін күрмеуі қиын мәселені шешуге алғышарт жасай­тыны сөзсіз. Біздер, қазақстандықтар, Жаңаөзеннің болашағына  үлкен сеніммен қараймыз. Мемлекет жергілікті жердегі халықтың  жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне бай­ланысты  бағдарламалар қабылдап, кешенді шаралар алып жатыр. Біз қашанда бірлікті, тыныштықты қалаған халықпыз. Бұл келеңсіздіктер  болашаққа сабақ болады, бұдан қорытынды шығарылады. Қандай жағдайда да ағайын арасының татулығын ойлаған қазақ халқы өзара түсіністікке, бірлік пен ынтымаққа ұйыт­қы болады деп сенемін. Бұл менің ғана пікірім емес, серіктестіктің өндірістік директоры Марат Итеғұлов бастаған 60 адамдық тауарлы-сүт фермасы ұжы­мының ойы. Бізге алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүріп, ұлағатты ұрпа­ғы­мызды өсіруіміз керек. Әлмұрат ҚОСМАҒАМБЕТОВ, «АЙС» ЖШС тауарлы-сүт фермасының бас зоотехнигі. Ақтөбе облысы.