Маңғыстау ауданы Онды ауылында жағымды жаңалық орын алды. Жаңа оқу жылында ауылдағы Онды орта мектебіне халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді.

Осылайша жаңа оқу жылын 270 оқушымен бастаған оқу орны ерекше қуанышқа бөленді. Бұл мектеп аудандағы мектептер қатарында білім жағынан болса да, тәрбиелік іс-шаралар бағытынан болса да алдыңғы орында.
Өткен оқу жылынан бастап мектепте «Әбіш оқулары» аудандық жастар байқауы және «Әбіш әлемі» атты жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып келеді. Мектептің жабдықталуы замана талабына сай негізделген. Мектепте «Тұңғыш Президент» кабинеті, «Әбіш Кекілбаев кітапханасы» сияқты орталықтар жұмыс жасайды.
Бұл мектептің сыртқы және ішкі көрінісі Ұлыбритания мектептерінің құрылысы жүйесіне ұқсатылып жасалған. Мектептегі білім беру жүйесі де сапалы деңгейде. Өткен жылы үш оқушы, биығы жылы бес оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Жастардың оқуға құштарлығы да ерекше. Мектеп кітапханасында «Әбіш шығармалары» бұрышы жасақталған. Әбіш Кекілбаевтың үш тілде жазылған кітаптары мектеп төрінен орын алды.
«Біздің мектептің оқушыларының бір артықшылығы, кез келген оқушыдан Әбіш атамыздың кез келген шығармасын оқып бер десе, бәрі де тоқтамастан айтып береді. Сондай-ақ мектептегі әр кабинетте Әбіш атаның шығармалары мен еңбектері туралы мәліметтер топтастырылған. Келер жылы Әбіш атамыздың 80 жылдығына да көптеген іс-шарлар жоспарлап отырмыз. Соның бірі – Әбіш атаның еңселі ескерткішін қою. Бұл ескерткіш Әбішке ғана емес әдебиетке қойылған ескерткіш болады деп ойлаймын», дейді мектеп басшысы Мыңберген Қаратауов.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы