Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өңірлерде одан әрі кең көлемде жалғасуда. Кеше Тараз қаласында ҚКХП-ның Жамбыл облыстық сайлауалды штабының тұсаукесері өткізілді. Осы рәсім барысында Жамбыл облыстық ҚКХП штабы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, облыстық штабтың алда атқаратын жұмыстарымен таныстырды.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының арнайы үгіт-насихат пойызы жасақталып, еліміздің өңірлерін аралауға аттанған болатын. Кеше осы пойыз Павлодар облысының елді мекендеріне атбасын тіреді. Атап айтқанда, Павлодар қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Қызылжар ауылында болып, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының депутаттықтан үміткерлері осы елді мекендегі құс фабрикасының жұмысшыларымен кездесті.
Сондай-ақ үгіт-насихат пойызы құрамындағы партия үгітшілері Павлодар қаласындағы «Квазар» сауда орталығында болып, кәсіпкерлер және тұтынушылармен кездесу өткізді. Партия тарапынан депутаттыққа үміткерлер қала тұрғындарымен жүздесу барысында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын тілге тиек етіп, алдағы уақытта сайлаушылар мүддесі үшін жан-жақты қызмет атқаратындықтарына сенім білдірді. Сол күні Қазақстан Коммунистік халықтық партия үгітшілері Павлодар қаласында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, партияның сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
Cайлауалды тұғырнама мен бағдарламаны астаналықтарға жеткізу үшін рупормен қаруланған екінші үгіт-насихат тобы түске дейін қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Басты алаңдардың бірі – Республика, Жастар шағын ауданын аралған халықшыл коммунистер керуені Астананың басты қақпасы – темір жол вокзалына соқты. Жиналған жұртты партияның тұғырнамасымен таныстырып, коммунистерге дауыс беруге үндеген үгіт-насихат тобы бұдан әрі Жеңіс, Бейбітшілік және Желтоқсан көшелерімен жүріп өтті.
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының Солтүстік Қазақстан облысындағы үгіт жүргізетін топтары да өз жұмыстарын ауқымды көлемде ұйымдастыруда. Олар облыс орталығының білім, мәдениет және тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінде болып, еңбеккерлермен кездесулер өткізді. Кеше облыстық штаб белсенділері жергілікті мерзімдік басылымдардың журналистерімен жүздесіп, өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысымен таныстырды.
Алдағы уақытта облыстық штаб өкілдері ауылдық аудандарға шығып, ауыл-ауылды араламақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.