Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясынан тіркелген Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар қазіргі күні еліміздің әр түкпірінде халық арасына барып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде.
Кешегі күні Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесов Атырау облысының Махамбет ауданында болып, аудан орталығының жұртшылығымен және ауыл адамдарымен кездесті. Кездесу барысында академик партия бағдарламасында көзделген басымдықтарды және оларды жүзеге асыру үшін қолданылатын тетіктерді әңгімеледі.
– Біз нарықтық реформалардың қиын кезеңінен өттік. Қазақстан халқының еңбегінің, бай табиғи-ресурстарымыздың және солар бойынша әлемдік нарықта қалыптасып отырған қолайлы бағаның нәтижесінде ел экономикасы аяғынан нық тұрды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Дегенмен, халықтың тұрмысын жақсартуда әлі де ескеретін мәселелер баршылық. Міне, сол мәселелер «Ауыл» партиясының бағдарламасы мен сайлауалды тұғырнамасында айқын көрініс тапқан, – деген академик осы орайда партияның алға қойып отырған міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Солардың қатарында елімізде күшті әлеуметтік мемлекетті нығайту, ауылдың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды мәселелер бар.
– Ауылда жұмыс орындарының өсуі 2,5-3 есе қамтамасыз етілуі тиіс. Ауылдықтардың кірісі айына бір адамға кемінде 100 мың теңгеге, ауыл дәрігерлері мен мұғалімдерінің жалақысы 150 мың теңгеге жету қажет, – дей келе, «Ауыл» партиясының Парламент Мәжілісінен қажетті орындарды алған жағдайда осы үшін күш салатындығын жеткізді.
Жалпы, «Ауыл» партиясының құрамында ауылдың мүддесін көздейтін ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен қатар, мәдениет пен өнердің адамдары да аз емес. Солардың қатарында жазушы Дулат Исабековті, атақты әнші Нұрғали Нүсіпжанды айтуға болады. «Ауыл» партиясының атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат болып тіркелген олар қазіргі күні осындай мәртебеге ие болған ауыл шаруашылығына қатысты мекемелердің басшылары Сейітқазы Кешуов, Әлихан Меделбековпен бірге партияның Алматы қалалық ұйымының сайлауалды штабында аудандық партия ұйымдарының төрағаларымен, қаладағы белсенді азаматтармен кездесіп, мәжіліс құрды.
Кездесу барысында сайлауалды науқанды ұйымдастыру мәселелері, жоспарланған жұмыстардың орындалу барысы және партияның орталық штабымен, Алматы облыстық штабымен жұмыстарды бір арнада үйлестіріп отыру жағдайы талқыланды.
Дәл осы күні мұндай кездесулер еліміздің басқа да өңірлерінде болып өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.