• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2018

Мүмкіндіктер сайыста сыналады

342 рет
көрсетілді

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту – «Нұр Отан» партиясының жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Бұл жөнінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев білім беруде ерекше жағдайды талап ететін балаларға арналған «ВІ-Жұлдызай» республикалық спартакиадасының ашылу салтанатында айтты. Биыл аталған сайыс Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр.

Спартакиада 2016 жылдан бері «ВІ-Жұлдызай» корпоративті қорының бастамасымен «Нұр Отан» партиясының, Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, Назарбаев университетінің, спорт федерацияларының, Паралимпиадалық комитеттің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп келеді.

Қатысушылар футзал, голбол, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен қатар, асық ату, бес тас сынды ұлттық ойындардан да сынға түседі. Республикалық спартакиадаға еліміздің барлық аймағында өткен іріктеу жарыс­тарында топ жарған балалар қатысуда. Іріктеу сайысына еліміздегі 97 мамандандырылған интернатта оқитын және жал­пы білім беретін мектеп ұстаз­дары­ның жетекшілігімен үйден білім алатын үш мыңға жуық бала мен жасөспірім қатысты. Нә­ти­жесінде олардың 411-і рес­пуб­ликалық додаға жолдама алды.

Салтанатты рәсімде барша қатысушыны спарта­киа­даның ашылуымен құт­тықтаған М.Әшімбаев жас спорт­шы­ларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар ол бұл бағыт­та елімізде жасалып жатқан жұ­мыстарға назар аударып:

– Кез келген елдің дамуын анықтайтын түрлі көрсеткіштер болады. Солардың бірі және ең маңыздысы – мүмкіндігі шек­теулі жандардың өмір сапасы. Егер мұндай жандардың құқы­ғы қорғалып, барлық қажетті жағдай жасалса, ондай мемле­кетті жан-жақты дамыған деп айтуға толық негіз бар. Осы тұрғы­дан келгенде, Қазақстанда Елба­сымыздың тікелей тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүргі­зіліп жатқанын атап өткен жөн. Яғни, елімізде инклюзивті білім беру жүйесін енгізу, кедер­гісіз орта қалыптастыру, мүмкін­дігі шектеулі жандардың жұмыс­қа орналасуына қолдау көрсе­ту және осы салаға қатысты заңна­маларды одан әрі жетілдіру жұ­мыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді.

Сондай-ақ бұл жұмыстарға тек мемлекеттік органдар ға­на емес, саяси партиялар, қоғам­дық бір­лестіктер, үкіметтік емес ұйым­­дар және бизнес-қауымдас­тық­тар да белсенді атсалысуы тиіс екенін айтқан «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орынбасары мемлекет пен қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Жас спортшыларға сәттілік тілеп, құттықтағандардың қатарында жүзуден 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, «BI Group» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары, директорлар кеңесінің мүшесі Арман Ахметов және тағы да басқа есімдері елге таныс азаматтар болды.

Сайысқа қатысушылар үшін ең жарқын сәттердің бірі ретінде белгілі қоғам белсендісі Аружан Саинның жетекшілігімен өткен жаттығу болғанын айтуға болады. Одан бөлек, спартакиада аясында арбаға танылған жан­дар­ға арналған «Боча» ойыны бойынша білікті жаттық­тыру­шы­лардың шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»