Сириядағы азаматтық соғыс және Идлибпен байланысты соңғы оқиғалар бұл әлемдегі жалғыз проблема осы дағдарыс екен деген пікір қалыптастырады. Алайда негізінен түркі-ислам әлемінде көптеген аймақтар тұрақсыздық мұхитында жанталасып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, келешекте жаңа дағдарыстар пайда болуы әбден мүмкін. Орталық Азия аймағының бұл жаңа кезеңде тұрақсыздықтан айналып өтуі өте қиын.
Мұндай жағдайлар аймақтың барлық елдерінде, әсіресе Қазақстанда үлкен алаңдаушылық тудырады.
Аймақта алаңдатушылық тудырып отырған тағы бір фактор – Батысқа қарай сыртқы саясатын тұрақты түрде жылжытып отырған Қытай. Осыған байланысты, Қытай соңғы уақытта басымдығына айналған Жаңа Жібек Жолы жобасын өзінің аймақтық және ғаламдық гегемониясының ажырамас бөлігі деп санайды.
Осы мүдделердің тоғысында макро деңгейде Орталық Азия, ал микро деңгейде Қазақстан тұр. Түркі әлемінің «қауіпсіздік қалқаны» болып табылатын Қазақстанның геосаяси және стратегиялық маңыздылығы бүгінде ең жоғарғы деңгейде. Атап айтқанда, Қазақстан тек Еуропа мен Қытай арасында ғана емес, сонымен бірге солтүстіктен оңтүстікке қарай, батыстан шығысқа қарай жылжитын транзиттік дәліздердің басты қиылысы және құрлықтағы ең басты мемлекет болып табылады. Сондықтан Еуразияның жүрегі болып есептеледі.
Қазақстан Еуразияның жүрегі болғандықтан терең жауапкершілікті сезінеді. Яғни Қазақстанның тұрақтылығы тұтас аймақтың тұрақтылығына әсер етеді деген сөз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың конструктивті сыртқы саясат жүргізуі және аймақтағы бейбітшілікке дәнекер болуы кездейсоқтық емес. Оны барлық елдің құрметтеуі, оған сенуі және оны «лидер» деп атауы өте маңызды. Міне, осы абыройына байланысты Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы «СУ-24» ұшағы дағдарысын шешуге, сондай-ақ Астана процесінің аясында Сирия дағдарысын бейбіт жолмен реттеуге маңызды үлес қосты.
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты
Президент Н.Ә.Назарбаевтың ішкі саясатындағы «үйлесімділік» ұстанымы сыртқы саясаттағы «бейбітшілік» ұғымына ұласуда. Әрине күшті және бірлігі мығым Қазақстан аймақтық және ғаламдық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болып табылады. Астананың тепе-теңдікке негізделген көпвекторлы сыртқы саясаты аймақтық және халықаралық баланстар тұрғысынан өте маңызды және Елбасы Н.Назарбаев осы нәзік баланстарды қорғап келеді.
Бұл аспект «Сыртқы саясат тұжырымдамасында» айқындалды. Ол Қазақстанның сыртқы саясатының келесі сындарлы мақсаттарына негізделген:
1. Ұлттық қауіпсіздікті, ұлттық қорғанысты, тәуелсіздікті және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету;
2. Халықаралық бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;
3. Әділ және демократиялық әлемдік тәртіпті орнату үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық;
4. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз ету;
5. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетті сақтау.
Соңғы мәселе өте маңызды, себебі егер ол жүзеге аспаса, Қазақстанның бар болуы да екіталай. Осы себепті, Қазақстанның ішкі саясатында ұлттық құндылықтарға оралу және ұлттық болмысты жандандыру жолдарын іздестіру тұрғысынан Түркілік және сыртқы саясатта «Түркі әлемі» аса маңызды орынға ие. Түркі әлемінің әйгілі астаналарының бірі болып табылатын Астана өзінің архитектурасымен, мұражайларымен, кітапханалары және концерт залдарымен түркілік болмысты еске түсіреді.
Түркі одағы және Нұрсұлтан Назарбаев
«Түркі еуразияшылдығының» негізін қалаушылардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевты ерекшелейтін қасиет, бұл – оның эмоционалдылық пен популизмнен алыс болуы және өзара тиімділік пен теңгерімге негізделген нақты стратегияны дамытуы. Негізгі мақсаты – Түркі әлемінің интеграциясы.
ХХІ ғасырда тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің әлемдік саяси жүйеде аман қалуы, сөзсіз, бірлік пен ынтымаққа байланысты. Бірлік – түркі-ислам әлемінің ең көкейкесті мәселесі. Аймақтың тұрақтылығы, өркендеуі және қауіпсіздігіне қол жеткізу мақсатында «Түркі әлемінің интеграциясы» саясаты 90-шы жылдардың басынан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатына айналды.
Бұл тұрғыдан Нұрсұлтан Назарбаев «тілде, пікірде, істе бірлік» идеологиясының өкілі болып табылады. Ол осы теорияны іс жүзінде жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасаған көшбасшы. 1992 жылы Анкарада басталған және бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан түркі тілдес мемлекеттер басшыларының барлық кездесулеріне қатысқан жалғыз көшбасшы.
Елбасы Н.Назарбаевтың түркі әлемінің интеграциясы жолында жасаған келесі қадамдарын атап өтуге болады:
1. 2009 жылы «Түркі кеңесін» құру бастамасы және «Түркі іскерлік кеңесі» және «Түркі академиясы» сияқты механизмдерді енгізу;
2. 2018 жылы наурызда Астанада ұзақ үзілістен кейін Орталық Азия елдері президенттерінің кездесуін өткізу;
3. Қазақстанның ең тығыз қоныстанған провинциясы атауының 2018 жылы «Түркістан» деп өзгеруі.
Назарбаевтың Түркі кеңесіндегі мәлімдемелері
Біз түркі әлеміндегі бірлікті құруға бағытталған үдерістердің қарқындап келе жатқанына куә болып отырмыз. Бұл тұрғыдан 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің алтыншы басқосуында түркі әлемінің лидері Назарбаевтың жасаған ұсыныстарына назар аударғанымыз жөн.
Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын тереңдетудің маңыздылығына баса назар аударған Нұрсұлтан Назарбаев Каспий келісімінің нәтижесінде туындаған жаңа құқықтық мәртебенің Түркі кеңесі елдеріне де пайдалы болатынын атап өтті. Бұл мәселе Каспий теңізіне шығу мүмкіндігі бар бес елдің үшеуі Түрікменстан, Әзербайжан және Қазақстан үшін және Каспий бассейні елдерінің бірі болып табылатын Түркия үшін терең стратегиялық маңыздылығы бар мәселе.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа да ұсыныстарын атап өтуге болады:
1. Түркі кеңесі аясында «Түркі әлемінің 100 жаңа тұлғасы» және «Түркі әлемінің 100 қасиетті орны» жобаларын жүзеге асыру;
2. Жас көшбасшылар форумын тұрақты өткізу;
3. Түркі Кеңесінің қамқорлығымен институттар мен механизмдерді реформалау; қажет болса, олардың санын азайтып, тиімділігін арттыру.
Бұл үдерісте Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы өте маңызды орын алатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан, өзара сапарларды одан әрі жандандыру, түркі әлеміне бағытталған қауіп-қатерлерді жою, мүмкіндіктерді тиімді бағалау маңызды.
Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,
Анкара Дағдарыс және саяси зерттеулер орталығының директоры, профессор, доктор