Жапония айналасын теңіз қоршаған, өзен-көлге бай ел болса да, суды үнемдеудің бірегей технологияларын игерген мемлекет. Мұнда табиғат берген ағын судың әрбір тамшысы орнымен жұмсалады. Мәселен, Гудзйо қаласы, Хачиман ауданында Нагарагава, Йошидагава және Кодарагава деп аталатын үш өзен ағып жатыр. Жапон архипелагының дәл ортасында орналасқан бұл қалада 107 саф бастау суын көреміз. Бастаудың тұнық суы ағаш астауға құйылады. Жоғарғы жақтағы суды ішуге пайдаланса, төменгі тұсында жеміс-көкөністерді жуады. Бұл суды үнемдеуде қарапайым әрі тиімді әдістің бірі болса керек.Экономиканы дамытуда үнемшілдік маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де көкейкесті болғандықтан Күншығыс елінің осынау жақсы үрдісін назарға ұсынғанды жөн көрдік.
Жапония ғалымдары тек өз елінде ғана емес, су сапасын жақсарту мен оның тапшылығын жою мақсатында әлемнің көптеген елдеріне көмек қолын созуда, суды тазартудың ерекше амал-тәсілдерін ұсынуда. Оның ішінде табиғи жолмен сүзгіден өткізетін қарапайым амалдар да бар. Мысалы, суды ферменттелген соя бұршақтарымен тазартуға болады екен. Соя бұршағының құрамындағы γ-полиглутамин қышқылы судағы қажетсіз бөлшектердің бірігуіне әсер етеді. Аталған химиялық зат суға түскенде ыдыстың түбіне түйдектелген масса түзіліп, артық элементтер төмен шөгіп, су мөлдір күйге енеді. Бұл жапондық жоба бүгінде Бангладеш, Бразилия, Колумбия, Үндістан, Танзания сияқты елдерде енгізіліп, тұрғындар ауызсуды жапондар ұсынған әдіспен тазартуда.
Су жүйесінің сапасы жөнінен Жапония әлемде теңдессіз технологияларға ие мемлекет. Ал жер асты құбырларына келсек, бір Токио қаласының жер асты су жүйесінің ұзындығы 27 мың шақырымға жетеді екен. Бұл бүкіл жер шарының үштен екісіне тең қашықтық деген сөз. Жапонияда мамандар арнайы құралдардың көмегімен жер асты су құбырларының жағдайын тексеріп біледі. Яғни жер асты су құбырларында болатын ықтимал төтенше жағдайдың алдын алудың бір амалы осы. Жер асты су құбырының қандай жағдайда екенін анықтайтын стетоскоп қолға жеңіл, мамандардың жұмысын оңайлатуда ерекше құрал. Жалпы, жер асты құбырынан су кету жағдайы Жапонияда жоқтың қасы. Бұл Жапонияның су жүйесінің әлем бойынша ең мінсіз, жоғары сапаға ие екеніне бір дәлел. Еске салайық, су асты құбырының жарылу фактілері Жапонияда 1 пайыздан сәл асса, басқа дамыған елдерде 10-20 пайыздық көрсеткішке ие.
Мемлекеттегі су сапасы өте жоғары деңгейде болуы үшін Токио әкімшілігі гидротехникалық құрылғылар бөлімінің мамандары орманды алқаптарды да ұдайы бақылап, жасыл желекті аймақтарды күтімге алған. Жапонияда бір қараусыз ағаш немесе көзі қоқыспен бітелген иесіз бастау жоқ. Токио муниципалитеті су өңдеуде озонды пайдаланады. Озондық өңдеу бассейндерінің жұмысы да жоғары деңгейде.
Жапония астанасында су жүйесінің көпғасырлық тарихы бар. Токиода 1590 жылы Коишикава Дзйосуй деген су құбыры жүргізілген. Сол кездің өзінде жапондар ағаш, тастан жасалған құбырлар арқылы арнайы цистернаға су өткізу технологиясын пайдаланыпты. Осындай құбырлардың көмегімен су егістік алқаптарына жеткізіліп отырған. Құбырлар өзен аңғарларына орнатылғандықтан су жүйесі қаланы түгел қамтыған. Ал цистерналар тұрғындарды тұрмысқа қажет сумен қамту үшін орнатылған. 400 жыл бұрынғы су құбырларының кейбірі әлі күнге дейін пайдаланылуда. Киотода арнайы салынған канал арқылы Шига префектурасындағы Бива көлінен су келеді. Осы каналдың арқасында Жапониядағы тұңғыш ГЭС салынып, су шаруашылығы өте жақсы дамыған.
Жапон мамандары тасқыннан қорғанудың ерекше жолын тапқан. Жауын-шашын көп болатын өңірде жаңбыр суына арналған жер асты коллекторы орнатылған. Мысалы, Кандагаваның жер асты коллекторына 540 мың тонна жауын-шашын суы сияды. Алып туннель тәрізді коллектор қырық метр тереңдікте орналасқан. Оның солтүстіктен оңтүстікке дейінгі ұзындығы 4,5 шақырым. Токионың тасқыннан қорғауда пайдаланатын коллектор жүйесі әлемде ең үздік саналады.
Су құбырлары арнайы құралдар арқылы ұдайы бақылауда болатындықтан Жапонияда суды апаттық жағдайда кенеттен тоқтатып тастау фактілері мүлдем жоқ. Осы орайда Алматы қаласына келіп, бірнеше жыл қызмет еткен жапон мұғалімнің мына бір сөзі еске түседі: «Қазақстанда бәрі жақсы, бірақ маған ұнамаған бір жайт бар, ол кейде ваннада жуынып жатқанда судың белгісіз себептен тоқтап қалуы. Жапонияда қалалық жер болсын, ауыл болсын, ыстық су да, суық су да ешқашан тоқтатылмайды. Өйткені су құбырлары әу баста жарылмайтындай берік сапамен жасалған. Жер асты құбырлары іске қосылғаннан бастап, ұдайы бақылануда. Көпқабатты үйлерде су жүйесі кенеттен істен шығып, соның салдарынан тұрғындардың біраз уақыт сусыз қалуы сияқты жағымсыз жайт жапондардың түсіне де кірмейді».
Иә, расында республиканың ірі қалаларында судың кенеттен тоқтап қалуына байланысты тұрғындардың жуына алмай, ауызсу сатып алу үшін дүкенде кезекке тұратын кезі болып тұрады. Бір ғана Алматы қаласының өзінде суды жылына бірнеше рет, кейде бірнеше күнге дейін өшіріп тастайтынына үйреніп кеткендейміз. Құзырлы мекемеге хабарлассақ, беретін жауаптары белгілі «апатты жағдай орын алды» немесе «құбырларды жөндеп жатырмыз» дейді. Суды үнемдеу мен тиімді пайдалану технологиясын игеруде Күншығыс елінің үлгі аларлық тұсы көп-ақ.
Жапонияда суды үнемдеу әдістері барлық салада қолданылады. Бұл елде ванна, душ құралдары да суды тиімді пайдалануға негізделген ерекше әдістермен жасалған. Мысалы, Toto компаниясы адам жуынғанда су аз мөлшерде құйылса да мол аққандай әсер беретін душ құралын жасап шығарды. Мұндай сантехникалық құралдан су аққан кезде ауамен араласып, көлемі артады да, су 35 процентке үнемделеді. Бұл бұрынғыдай суды көп ағызатын душ құралдарынан анағұрлым тиімді. Осындай әдіспен су үнемдейтін заманауи унитаздар да жасалды. Жапон мамандары ойлап тапқан «Торнадо» унитазында су зор екпінмен құйылумен қатар, бір аққанда 3,8 литр су үнемеделеді екен. Бұл санитарлық құралдың суды үнемдеу көрсеткіші жөнінен әлем бойынша ең үздік нәтиже.
Ал «Тошиба» компаниясы жуылатын заттың көлемін, кездеменің түрін және температураны анықтайтын сенсорлар орнатылған заманауи кір жуғыш машиналар жасап шығарды. Мұндай кір жуғыш машиналар суды көп мөлшерде үнемдеп қана қоймай, процестің сапасын да қадағалайды. Осы сияқты Жапониядағы ыдыс жуғыш машиналар да суды аз мөлшерде шығындап, көп ыдыс жууға икемделген ерекше технология өнімі.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА, жапонтанушы