• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2018

Көмір қоры жеткілікті

1066 рет
көрсетілді

«Қызылжар өңірінде қатты отын тапшылығы орын алып отыр, көмір бағасы өсіп кетіпті» деген алыпқашпа сөздің шындыққа жанаспайтынын облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров жоққа шығарды.

Ол БАҚ өкілдеріне берген түсі­нік­темесінде мұндай олқы­лықтар былтыр орын алса, биыл күні бұрын қам жасаудың арқасында әлеуметтік нысандар қажетті 146 мың тонна көмірмен қамтамасыз етілгенін жет­кізді. Қазір 34 темір жол тұйы­ғында 60 мың тоннадан астам көмір жинақталған. № 2 Петропавл жылу электр стансасында 175 мың тонна қара отын, 664 тонна мазут қоры бар. Облыс тұрғындары қысқы мау­сым кезінде орташа есеппен 384 мың тонна көмір тұтынса, бүгінде бұл көлемнің жартысына жуығы жеткізілді.

 Кен орындарынан көмір жет­кізумен жергілікті 4 фирма айна­лысатындықтан, бағада айтар­­лық­тай айырмашылық жоқ. Темір жол тасымалының бағасы екі рет көте­рілуіне байланыс­ты аз-кем қым­баттағанымен қолжетімді. «Турдыоглы» жеке кәсіп­кер­лігінің менеджері Мұратхан Тұрма­ғам­бетов­тың айтуынша, Екібастұз көмі­рінің бір тоннасы – 8600, Майкөбенікі – 12200, Шұбаркөлдікі 13950 теңге тұрады. «Соңғы сұрыпқа сұраныстың жоғары екенін ескеріп, оның ай сайынғы мөлшерін 8 мың тоннаға дейін өсіретін боламыз. Қазір 4 мың тоннасы әкелініп, күні­не 200-350 тоннадайы саудал­а­нады. Бұған көмір тиелген 14 вагонды, ал қыркүйекте кес­те бойын­ша 70, қарашада 120 вагон көмір жет­кізілетінін қоссақ, қыстан қысылмай шығатынымыз анық», дейді М.Тұрмағамбетов.

Бұдан тысқары «Уголь Норд», «Отын LTD» серіктестіктерінің қой­маларында 10 мың тонна көмір еш кедергісіз сатылуда. Бұдан бір тонна көмірдің бағасы 17 мың теңгеге дейін көтерілді деген сөздің ақиқат ауылынан алыс екенін бағам­дауға болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы