Елімізде 15 қыркүйектен бастап емханаға тіркеу науқаны басталды. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекованың айтуынша науқанның мақсаты – қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға, қалауынша тіркелуіне мүмкіндік беру. Сондай-ақ бұл шара медициналық қызмет көрсету нарығына жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі. Мәселен, былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған көрінеді. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден екі есе көптігін байқатып, тіркеу кампаниясына деген жұртшылықтың қызығушылығының артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді. Ботагөз Жақселекова мән бергендей, бұл үшін медициналық қызметті халыққа көрсетушілердің әлеуеті заңнамамен белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Ең бастысы – емдеу мекемесінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түзетін базада болуы және емхананың белгілі бір тіркелген тұрғындар қатары болуы шарт.
Журналистерге науқан туралы баяндаған мамандар отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс екенін айтты. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Өйткені жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларға сәйкес, бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жедел жәрдем қызметі емес, жергілікті емханалар қызмет көрсететіні мәлім.
Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отырады. Бұл бойынша 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсетіп, оның емханалардағы кезек санын ұлғайтып келген. «Бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болады деп үміттенеміз және аталған мәселеде медицина бизнесінің өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілер саны едәуір артты. Қазіргі таңда қордың жеткізушілер тізімінде 1365 медицина ұйымы бар. Оның 623-і жекеменшік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2019 жылы олардың саны тағы 10 процентке артады деген болжам бар», дейді МСҚ стратегия және әдіснама жөніндегі басқарушы директор Серік Тәңірбергенов.
Тұрғындардың емдеу мекемесін таңдауды жүзеге асыруының бірнеше әдісі бар. Алғашқысы – таңдаған емханаға тікелей бару болса, енді бірі – электронды қолтаңбаны пайдаланып, онлайн тіркелу. Сондай-ақ қолтаңба болмаған жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жазылу. Ал медициналық мекемені ауыстырғандар жыл соңына дейін өздері бұрын тіркелген емханада қаралып, жаңа емхананың қызметіне 1 қаңтардан бастап қана жүгінеді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарушы директоры Забира Оразалиева түсіндіргендей, егер тіркеліп жатқан отбасы мүшесі 18-ге толмаған болса, ондай жағдайда баланың мүддесін қорғай алатын құжаты бар ата-ана немесе заңды тұлға сол баланың атынан өтінішін және құжатының көшірмесін беріп тіркелуі тиіс. Бұл жерде балаларды және 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді тіркеу тек қана емханалар арқылы жүргізілетініне назар аударған жөн. Медициналық қызметті тұтынушы egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелуде Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады. Жиында көп көтерілген мәселелердің бірі еліміз бойынша учаскелік терапевтерден тыс мамандандырылған дәрігерлер – кардиолог, невропатолог, маммолог, эндокринолог сияқты мамандарға қаралудың азабы жайлы болды. Бірнеше ай бұрын жазылып қойып, уақыты келген күні талонын алып, маманданған дәрігерге көрінбек пациенттер жолығатын қиындықтарға қатысты МСҚ стратегия және әдіснама жөніндегі басқарушы директор Серік Тәңірбергенов жауап берді. Оның айтуынша мұндай тығырықтан жалпы практикалық дәрігерлер қызметін кеңейту алып шықпақ. «Мұндай жағдайда жалпы практикалық дәрігер пациенттерді маманданған дәрігерге жібермей-ақ өзі есепке қойып, емін жүргізе береді. Сондықтан бұл мақсатта жұмысымызды қарқынды атқара береміз. Болашақта кезекті азайтудың бір жолы – жалпы практикалық отбасылық дәрігер жұмысын мейлінше кеңірек қолдап, олардың жалақыларын өсірудің де жолын ашу», дейді С.Тәңірбергенов.
Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып, ел тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетеді деп күтілуде.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»