«Әрине, әуелі жарық болуы керек...» деген ежелгі тәмсілді тура мағынасында қайталаудың реті келіп тұр. Бұл жердегі мысалды көне кітаптардан емес, шаруасы оңынан келген шағын зауыттың күнделікті тіршілігінен алмақпыз.
Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қасымбек атты ауыл бар. Осы ауылда әлемдік стандарттарға сай электр тауарларын өндіретін зауыт жұмыс істейді. 2012 жылы ашылған «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны күнделікті тұрмыста қолданатын және көшені жарықтандыруға қойылатын жарықшамдар, лампалар, аспалы шамдар, розеткалар, ток ұзартқыштары мен басқа да жарық техникасы жабдықтарын жасаумен шұғылданады. «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны Алматы облысының ғана емес, еліміздің экономикасына қызмет көрсетіп отырған және өңірдегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлес қосушы бірегей отандық өндіріс. Өнім өндіруші зауытта 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Республика бойынша 4 филиалы мен 13 дилерлік дүкені жұмыс істеп тұр.
– 2015 жылы «Тексан Металл» жобалық желісі бойынша электрқалқандарды, өрт қалқандарын, қоқыс жәшігін, шешінуге арналған және құжаттар мұрағатына арналған металл шкафтарды жасауды жолға қойдық. Бүгінде Бішкекте, Душанбеде, Ташкентте және Дубай, Панама мен Ганада бөлімшелерімізді аштық, – дейді компанияның бас директоры Диас Құрмашев.
Қазір кәсіпорынның зауытында ай сайын 200 мың данаға жуық өнім шығарылады. Яғни кеңседе, көшеде, өндірісте және күнделікті тұрмыста қолданылатын жарықдиодты шамдардың 350 түрлі нұсқасы дайын күйінде нарыққа жөнелтіліп жатыр. Шамдарға қажетті заттардың 92 процентін жергілікті өнім құрайды. Өнімнің сапасын Жапония, Түркия мен Голландиядан әкелінген құрал-жабдықтар қамтамасыз етеді.
«Қазақстанда жасалған» брендін әлемге таныту бағытында да «Қаз Тек Инвест» кәсіпорны айтарлықтай еңбектенуде. Анығында, зауыттың экспорттық әлеуеті зор. Қазіргі кезде Қасымбек ауылында жасалған жарықдиодты шамдар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Парсы шығанағы, Латын Америкасы елдеріне, БАӘ, Гана сияқты мемлекеттерге экспортталады екен. Бұл жайында кәсіпорын басшысы Диас Құрмашев:
– Біз елімізде бірінші болып отандық тауарды Парсы шығанағы елдеріне, Латын Америкасы мен Африка елдеріне экспорттай бастадық. Гуан Чжоу қаласында жарықдиодты деңгейлер мен дроссельдерді шығаратын жеке зауытымыз бар. Біздің мамандар кез келген өнімге 10 жылға дейін кепілдік береді, – дейді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы, Жамбыл ауданы