Елімізде екі жылдан бері мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылықты арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, Қазақстан халқын топтастырушы фактор ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттырудың ілкі қадамы пайда болды. Ол – жалпыхалықтық диктант. Осы аралықта іс-шараның ауқымы кеңейгендігін оған қатысушылардың арта түскенінен көреміз.
Мәселен, 2016 жылы бір мезетте синхронды түрде еліміз бойынша 3 мың адам диктант жазған болса, биыл қолына қағаз-қаламын алып партаға отырғандар саны 300 мыңнан асып кетті. Биыл жалпықазақстандық диктант Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып, «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында жазылды.
«Қазақ елі кеңестік кезеңде астанасын екі рет көшірді...», деп басталатын мәтінді Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ілеспе-аудармашы Камал Әлпейісова аса байыппен, буынға бөліп, түсінікті етіп оқуға тырысты. Өйткені аудиторияға тек студенттер ғана емес, әр түрлі саладағы қызметшілер, ондаған этностардың өкілдері жиналып, өз білім деңгейлерін және қаншалықты сауатты жазатындықтарын тексеріп көруді жөн санаған болатын. Мұндай шара әрбір қала, ауылдарда бір мезетте өткендігімен де ерекше. Астанадағы шараның негізгісі М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұйымдастырылып, оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар және этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлері, магистранттар мен студенттер қатысты.
Диктант алдында тілдескенімізде жазушы К.Әлпейісова: «Биыл Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында мақұлданған «Қазақтану» жобасы бойынша елімізді мекен ететін барлық этностарға қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрін, тарихын білу ұсынылған еді. Бүгінгі шара сол жобаның заңды жалғасы. Диктантқа бастапқы есеп бойынша 300 мың адам қатысады деп болжанғанымен, нақты көрсеткіш асып түсіп жатыр», деген еді.
Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан халқының 95 проценті қазақ тілінде еркін сөйлейді деген болжам бар. Бұны Мемлекет басшысының өзі айтты. Осы биік мұратты ұстанған халықтың алдындағы ендігі міндет – қоғамның жаңа талабына сай сауатты болудың маңыздылығына назар аударту. Алайда, Камал Әлпейісова жастардың жазу сауаттылығына көңілі толмайтындығын жасырмайды. Бұл пікірін аға буынның қай кезде де жастарға көңілі толмайтын көзқарасымен ақтағандай болғанымен, айтылған сөздің төркіні тереңде жатыр.
– Біздің балалардың сауаттылық деңгейін әлеуметтік желідегі жазбаларынан байқауға болады. Қазіргі кезде өздерінің ойын айта алмайтын, көркемдеп жеткізе алмайтын буын өсіп келеді. Ал мұндай іс-шаралар сол балалардың сауатты жазуына түрткі болар деген ойдамын, – дейді филология ғылымдарының кандидаты.
Қазақ тілін жетік білетін Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских та жиында жалпықазақстандық диктант шарасына қатысушыларға ақжарма тілегін арнады.
Мәжілісте депутаттық сауалдарын қазақша жолдап, баяндамашыларға мемлекеттік тілдің майын тамызып сұрақ беретін Г.Шиповскихтің әрбір сөзі телеоператорлардың нысанасына айналатыны рас. Сондықтан да тілімізді төрге шығаруға ынталы тұлғаны сөзге тарттық. «Қазақ тілі қазір мемлекетіміздің дамуына, мәдениетіміздің өрістеуіне зор ықпалын тигізуде. Екіншіден, бұл диктанттың маңыздылығы жоғары. Ең бастысы, осындай шаралар арқылы тіліміздің мәртебесі биіктеп, құндылықтарымыздың қадірі арта түспек», – деген депутат қазақ тіліндегі сауалдарына министрлерден орыс тілінде жауап алған сәтте іші күйетіндігін және Парламенттегі көптеген әріптестерінің қазақ тілін үйренуге ден қойып, баяндамаларының көбін қазақша жасауға тырысатынын атап өтті.
Осы шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өткізген М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-дің проректоры Арман Пірзадаев бүгінде студенттердің мемлекеттік тілде білім алулары үшін бар жағдайдың жасалғандығын, жастардың қазақ тілінде оқуға ынталарының зор екендігін айта отырып, салалық әдебиеттердің аз екендігін де тілге тиек етті.
«Еліміздегі заңгер ғалымдар құқық тақырыбындағы еңбектерін қазақша жазып, оқулықтар қорын молайтуға үлес қосса құба-құп», деген проректор қазір студенттер бір желіге біріктірілген кітапханалар жүйесіндегі кез келген оқулықтың электронды нұсқасын пайдалана алады деп пікір білдірді. Қазақ тілін жетік меңгергендігі арқасында елдің батасына ие болып, көсегесі көгере түскендердің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай: «Шараның ерекшелігі – Қазақстанды тұтас қамтығандығында. Еліміздегі этностардың өкілдері осындай науқандарда тұтастығын, ауызбіршілігін көрсетіп келеді», деп ой тұжырымдады. Алдағы күндері жалпыхалықтық диктанттың нәтижелері шығарылып, үздіктеріне ұйымдастырушылар естелік сыйлықтар табыс етпек. Әрине, 300 мың адамның еңбегін бағалау да оңайға соқпасы анық.
Жалпы, аталған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының аясына кіреді. «Мың бала» түрлі этнос өкілдерінің балалары мен жастарына қазақ тілін үйретуге, Қазақстан халқының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін тану арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған-ды.
Жоба 2015 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізіліп, бастапқыда тек аты айтып тұрғандай, мың баланың ғана мемлекеттік тілді білуінің сапалық деңгейін арттыруға ықпал етуі тиіс болғанымен, қоғам тарапынан қолдаудың арқасында бұл сан бірнеше есеге артып кетті. Бұл – қазақ тіліне деген сұраныстың боямасыз көрсеткіші.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан»