Өткен 20 қыркүйекте Пхеньян қаласында қос Кореяның басшылары және бірінші ханымдары, басқа да бірқатар министрлер мен делегация мүшелері Пэктусан тауына көтерілді. Екі елдің басшылары аспалы жолмен «кабельді машинаға» отырып, Пэктусан тауының «Чончжи» – «Аспан көліне» жетті.
Оңтүстік Корея президентінің өткен 27 сәуірдегі 2-ші Корей саммитінде Ким төрағаға айтқан арман-тілегі орындалды. Ол Солтүстіктегі Пэктусан тауына бір көтеріліп шықсам, Ким төраға сол арманыма жеткізсе», деп әзілдеген болатын. Сапардың соңғы күнінде Ким төраға әріптесін арман-тілегіне оңай жеткізді.
Бұл тау – екі елдің тарихында үлкен орын алатын тарихи тау. Тек екі елдің тарихына ғана емес, бірнеше ғасырдағы ірі оқиғаларға куә тау. Сонау аласапыран ғасырларда, Қытайдың Тан империясынан бері бүкіл Қытай патшалықтары, Батыс Түркі және Шығыс Түркі қағанаты мен Корей патшалықтары тығыз байланыс орнатып, кейде одақтасып, кейде қақтығысып, Азия аймағында территориялық ықпал етуге күшіне ұмтылған кездері осы тау арқылы бір-бірімен елшілер алмасқан десе-ді. Сондықтан бұл тау өткен ғасырдағы жұмбаққа толы тарихи оқиғаларға куә таудың бірі.
Осы таудың басына өрлеп шығу «3-ші Корей саммитінің» мәні мен мағынасын аша түсті. Пэктусан тауы Алматыдағы Алатаумен аттас тау. Корей тілінде «Пэк» – «Ақ», «Ту» – «Бас», «Сан – Тау» деген мағынаны білдіреді. Жалпы, корейлердің тілі ғана емес жер атауларынан қазақтың жер-су атауларымен мағыналық жақындық сезуге болады.
Мун мырза Пэктусанның басына шығып тұрып: «Оңтүстік Кореяның қарапайым халқы да Пэктусан тауына турист ретінде келетін заман туатынына сенімім мол. Бүгін міне, алғашқы қадам басталды. Бұдан кейін көп адамдар келеді», деген ойымен бөлісті. Оның сөзін жалғаған Ким Чен Ын: «Бүгін тау басына аз адам келді. Бірақ алдағы уақытта Оңтүстік елден көпшілік, шетелдегі қандастарымыз келіп, олар Пэктусанды көруі керек емес пе. Екі елдің арасы бөлініп қалғаннан кейін ол Оңтүстіктегі жұрттың арман тауына айналып еді», деді. Мун мен Ким бірінің қолын бірі көтеріп, достықтарын тағы да күллі әлемге паш етті. Туыс пен туыстың табысқанын және бейбітшіліктің жылы самалы соға бастағанын көрсетті. Сөйтіп Мун мен Ким Пхеньян саммитіне Пэктусанда нүкте қойды.
Пэктусан тауына оңтүстіктің бұрынғы басшылары шықпаған. Онда Ким Чен Ынның атасы Ким Ир Сен, Ким Чен Ирлер барып серуендеуді ұнатқан. Алдағы уақытта ол тек Оңтүстіктік Корея халқы ғана емес, әлем жұртшылығы барып тамашалайтын тау болмақ. Ким Чен Ынның билігі міне, осылай биік дипломатия мен саясат шыңына бару үшін көпірме сөз емес, нақты қадамның керектігін байқатты.
Тау басында Оңтүстік Корея президенті мен оның жұбайы Ким Чжон Сук ханым «Аспан көлінен» бір құтыға естелік үшін су құйып алды. Ол Халласан тауының көл-суларынан алып келген суды Чончжи «Аспан көліне» төкті. Оның бұл әрекеті «Суға су қосылсын, елге ел қосылсын» деген ниеттен туған еді. Дәлірегі, бөлінген елдің басы біріксін деген ырым-сенім ретінде жасады.
Ким Чжон Сук ханым су алып жатқан кезде оның етегі су болып қалмасын деп жасаған Солтүстік Корея басшысы жұбайының әрекеті бүкіл Оңтүстік Корея жұртының сүйіспеншілігіне бөленді. Қазіргі таңда бұл сурет ғаламтордағы «Күннің ғажайып суреті», «Ридің жаны да сұлу» деген атау алып, газеттердің басты бетінен орын алды. Сол сәттегі суреттерді телеарналар да жарыса жариялап жатты. Ол ең көп оқылған жаңалық болды. Ли Соль Чжу ханым – тек сұлу әйел ғана емес, қазіргі таңда Ким төрағаның сыртқы саясатына өзінің сұлулығы және ақылдылығы, ізеттілігі және қарапайымдылығымен ықпал етіп отырған ханым. Бүгінге дейін Бейжің мен Сеул қаласына күйеуімен бірге сапар жасады. Сыртқы саясатта өзінің бірінші ханымдық рөлін белсенді атқаруда. Қазіргі таңда «Ли ханымның дипломатиясы» айтарлықтай сәтті қадамдар жасауда. Солтүстік Корея жұртшылығы оған «Ұлттың жас анасы» деп бейресми ат берген.
Пхеньян сапары барысында Мун Чже Ин мен делегация мүшелері көптеген мемлекеттік нысандарда болды. Пхеньян қаласын аралап, саябақтарда болып, туыс елдің әртістерінің өнерін тамашалады. Бірақатар экономикалық жобаларды талқылады. Басқа да ірі жобалар болашақта қарастырылмақ. Бәрі екі елдің қарым-қатынасы мен алдағы АҚШ пен Солтүстік Корея саммитіне байланысты болайын деп тұр. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы темір жол қосылатын болса Еуразия құрлығымен де байланыс орнауы мүмкін. Қоғамда халықаралық сарапшылар арасында жас көсем Корей түбегін Еуропаға шығармақ деген болжамдар тегін айтылып жатқан жоқ.
Оңтүстік Корея басшысының сапарына қатысты ұйымдастарылған қонағасы кезінде Мун мырза: «Ким төрағаның денсаулығын және Пэктусан тауынан Халласан тауына дейінгі 80 миллион халықтың бір болуын тілеймін», деген тілек айтты.
Бұдан басқа, Мун Чже Ин 200 мыңнан аса халық жиналған «Пхеньян 5.1» деп аталатын мемлекеттік стадионда арнайы сөз сөйледі. Сол стадионда жұрттың алдында сөйлеген Мун Чже Ин екі елдің басы көп ұзамай бірігетінін және ол бірігуді Ким Чен Ын төрағамен бірге бастайтынын жеткізді. Ол «Біз 5000 жыл бойы бірге өмір сүрген халық едік. 70 жыл бір-бірімізден ажырап өмір сүрдік. Бүгін мен осы жерде 70 жыл бойы бір-бірімізге деген жаулықты түбімен жойып, қайта бір ел болу үшін бейбітшілікке қарай үлкен қадам басайық деп ұсыныс жасаймын. Ким төраға және мен Солтүстік пен Оңтүстіктегі 80 миллион туған халқымыздың қолын қатты қысып ұстап, жаңа отанымызды жасаймыз. Бәріміз бірге жаңа ғасырға барайық!» деп ұран тастады.
Артынан құрметті қонаққа арналған үлкен концерт болды. Оны дегелация мүшелері бір сағаттан артық тамашалады. Бұл стадионда «Таши маннаё» (Қайтадан кездесейік) деп аталатын корейдің ұлттық әні қойылды. Концертті арна арқылы тамашалаған Оңтүстік Корея халқы үйлері мен көшелерде көздеріне жас алып көрді.
Сарапшылар Мун Чже Иннің стадионда айтқан сөзіне үлкен мән беріп отыр. Сөздің мәтінін Солтүстік Корея билігімен алдын ала келіскен дейді. Өйткені ел алдында және тікелей арнада ұлттық бірігу мен ядролық қарусыздану туралы ашық айта алмайды деп отыр. Қалай десек те, «Екі Корея, бір Корея» болу үшін бейбіт күнді аңсап, тарихи қадамдар жасауға бет бұрды. Суға суды қосты, енді елге елді қосу мұраты қалды.
Дастан АҚАШ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
Оңтүстік Корея, Сеул қаласы