Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, белгілі журналист Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев – жазушы, журналист, қайраткер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары мен студенттері, қаламгердің ұрпақтары қатысқан жиынды ҚазҰУ-дің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөзбен ашты.
Конференция жұмысы ұлт журналистикасын кәсіби деңгейге көтеруге атсалысқан сара сөздің сардары, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының дара өкілі Кемел Тоқаевтың руханият үшін жасаған қызметінен, ғибратты ғұмырынан сыр шертетін «Кемел Тоқаев» атты жаңа жинақтың тұсауын кесуден басталды. Көркем сөз шеберінің бірнеше шығармасының үзіндісі мен замандастарының ыстық лебізі, әріптестерінің естеліктері, мұрағат құжаттары, фотосуреттер қамтылған «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітаптың лентасын жазушының қызы Қарлыға Тоқаева мен белгілі дипломат Ақмарал Арыстанбекова қиды.
Кемел Тоқаев өмірінде қасірет пен қуаныш алма-кезек ауысып қатар жүрді: тігерге тұяқ қалдырмай, қолындағы бар малын тартып алған алмағайып кезеңде ата-анасы кәмпескеге ұшырап, сонау Қаратал бойынан Шымкентке жер аударылды, ондағы жетімдер үйі, жасы жиырмаға ілінбей қан майданға аттанып кете барғаны, жараланып, жарымжан болып оралғаны, білімге құштарлығы, ҚазМУ-дің студенті атануы, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттеріндегі жарқылдаған журналистік жол, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысындағы» бас редакторлық, Жазушылар одағында әдеби кеңесшілік қызметі оның сан қырлы тағдырының тақтайдай тегіс болмағанынан хабар бергендей. Білімге құштарлығы бала күнінен байқалған әсершіл Кемелдің әдебиетке соқпай кетуі мүмкін емес еді. Дарынды болу аз, өз дара соқпағын қалыптастыра алмаса, мойындалуы қиын әдебиетке ол детектив дейтін соны жанрдың тұлпарын мініп жеке келді. Әлі түрен түсе қоймаған тың жатқан тақырыпты әдебиетке Тоқаевтың әкеліп қосқанын, әзірге бұл жанрдың ірі әрі қайталанбас өкілі екенін өз қатарластары да, Кемел бастап беріп кеткен дара жолды келістіріп дамыта алмағанын кейінгі буын ізбасарлары да бірауыздан мойындайтынына шүбә жоқ. Ұлттық әдебиетіміздегі әлі ешкім аяқ баспаған тың саланы ол «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы» атты қысқа әңгіме, кере қарыс романдарымен құнарландырып, байыта түсті. Әдеби ортада серпіліс тудырған бұл шығармалардың мазмұны да, табиғаты да бөлек екенін оқырман да бірден бағалап, шытырман оқиғалы кітаптарды пышақ үстінен үлесіп, қолдан-қолға өткізіп оқитын болды. Оның дәлелі – К.Тоқаевтың бір кітабының өзі 400 мыңнан аса данамен тарап, бірнеше буын оқырманын қалыптастырып, шығармаларын қадірлейтіндер қатарының уақытпен бірге толығып отыруы.
Жиында белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев әдебиеттің кемел тұлғасының шығармашылығына жан-жақты тоқталып, мазмұн-сипатына кәсіби тұрғыда талдау жасады. Айрықша тақырыпты әдеби айналымға енгізген қаламгердің бұл жанрды қолға алудағы көрегендігін, қалам тарту себебін, алғышартын, өзіне етене жақын идеяны ширатудағы шеберлігін түрлі мысалдар негізінде тарқатып, жазушының бай әрі ғибратты өмірінен мол мәлімет берді.
Ақын Рафаэль Ниязбек жүректілер мен батылдар ғана қол арта алатын бітімі бөлек детектив жанрына К.Тоқаевтың кездейсоқ келмегенін, өр рухтан қайнап шыққан шымыр да ширақ туындылар әділдікке, ақиқатқа құштар адал жанның өз өмірлік ұстанымымен астасып жатқанын айтып, қаламгер рухына арнаған өлеңін оқыды.
Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың мерейтойына орай студенттер, магистранттар, PhD докторанттар мен жас ғалымдар арасында «Елім деп соққан жүрегі» атты байқау ұйымдастырып, сол бәйгенің қорытындысын жариялауы – конференцияның ең маңызды сәтіне айналды. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов жиырмадан аса ең үздік журналистік жұмыс пен байқау жеңімпаздарына Кемел Тоқаев атындағы атаулы шәкіртақылар мен дипломдарды табыс етті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»