Шалшық су мен батпақты алаң үстінен ұшып келеміз. Сәлден кейін төмендедік те, өрістеп бара жатқан су бөкенінің табынын көрдік.
Натали ЭНЖЬЕР, «Нью-Йорк Таймс»
Біз Горонгосада табылуы қиын, тіссіз пілдерді іздеп жүрміз. Мұндай пілдердің сойдақ тістері болмайды. Әлемде таңғажайып піл азуларының қалталы коллекционерлерді қызықтыратыны белгілі.
Африкада тіссіз пілдердің саны саусақпен санарлық, бірақ Горонгоса олардың топ-тобымен жүретін отаны саналады. Мұның бәрі 15 жылға созылған азаматтық соғыстың салдары. Сойдақ тісті пілдерді сүйегі үшін оңды-солды қырып салды. Осылайша сирек кездесетін тіссіз пілдер кенеттен парктегі негізгі мекендеушілерге айналып шыға келді.
Қазіргі таңда мұндағы 700-ден астам пілдің ширегі – азу тіссіз және олардың бәрі – ұрғашы. Мен солардың біреуінің ізіне түскім келді. «Мұнда», деп айқай салды ұшқыш Альфредо Матавеле талдардың шоғырын нұсқап. «Мұнда да жүр», деді судың жағасын көрсетіп. Пілдерді бірнеше жерден байқадық. «Оларды көрдіңіз бе?» деді ол аптығып.
Әлбетте, мен оларды көрдім. Құлағын қағып, мұрнынан су шашқан ондаған піл тынығып тұр. Олардың бастарынан азу тістің тыртығы байқалмайды. Адамдар мен пілдерде даму барысында кездесетін ортақ ауытқушылық бар көрінеді. Мұны ДНК-дағы кішігірім кемшіліктерден анықтауға болады. Пілдердің сойдақ тістері – екі жағында өсетін ит тістердің үлкен нұсқасы. Олар күрек тіс пен азу тістердің арасында орналасқан. Қысқаша айтқанда, сойдақ тіссіз пілдерде ит тістер болмайды.
Ғалымдар кей пілдерде сойдақ тістің неліктен кездеспейтінін әзірге нақты анықтаған жоқ. Алайда олар сүтқоректілер тістерінің дамуына жауапты генетикалық өзгерістер туралы біршама деректерге қол жеткізді. Оның себебі бәріне ортақ көне генге байланысты екен.
«Тістің дамуы эволюция кезінде жақсы сақталып қалды», дейді Финляндиядағы Хельсинки университетінің даму жөніндегі биологы Ирма Теслефф. Ол тышқан тістеріндегі ауытқушылықтың іздері кейбір тісі жоқ не дұрыс өспеген адамдарға жүргізілген генетикалық зерттеуінде кездестірді. «Пілдердің адамдардан айырмашылығы шамалы. Сондықтан пілдегі сойдақ тістің шықпауына және адамдағы ит тістің өспеуіне бірдей гендер әрекет етуі әбден мүмкін», дейді доктор Теслефф.
Ит тістердің болмауы – жиілігі жөнінен екінші кездесетін тіс кемтарлығының түрі саналып келген. Қалыпты жағдайда мұндай кемшілік адамдардың 2-4 процентінде кездеседі. Бұл – Африка пілдерінің сойдақ тіссіз болу ықтималдығымен тең.
Көп жағдайда сойдақ тістер – азу тістің өзгеше түрі. Жабайы қабандар мен доңыздарда ол жоғары қайрыла бітсе, морждарда төменге сүйірленген. Арктиканың жалғыз мүйіздері саналатын нарвалдарда сойдақ тіс жалғыз азу тіс ретінде, жоғары ернінің сол жағынан ұзынша болып біткен.
Әдетте, сойдақ тістердің бірнеше қызметі бар. Пілдер өздерінің таңғажайып «қайшыларын» тұздар мен минералдарды қазу, бұтақтарды сындырып, жапырақ жеу, ағашқа сүйеніп, оны қабығынан аршу, батпаққа батқан төлін суырып алу, ұйықтап жатқан баласын ояту үшін қолданады.
Мен тығылып отырған жерден қос еркек пілдің сойдақ тістері айқасып, алысып жатқанын көрдім. Олардың сойдақ тістерінің әрқайсысы 45 килограмм тартады. Бұл – аналық пілдің сойдақ тісінің орташа салмағынан 7 есе көп.
Әйтсе де, сойдақ тістерді кереметтей құрал етіп жасаған биофизикалық қасиеті олардың иелеріне кері әсерін тигізіп жатыр. Адамдар әдемілігіне бола, және тылсым қасиеті бар деп сенгендіктен піл сүйегіне қатты құмартады.
Сондықтан пілдерді сүйегі үшін көптен бері қырғынға ұшыратып келеді. Мұндай саудаға салынған халықаралық тыйымға қарамастан, сойдақ тістердің қара нарықтағы жылдық айналымы шамамен 1 миллиард долларға жуықтайды.
Пілдерді браконьерлік жолмен аулаудың тоқтамауы ғалымдарды мынандай ойға жетеледі. Пілдер шындығында өздерінің сойдақ тістерін қажет ете ме? Африка пілдерінің арасында сойдақ тістері жоқтарының саны артса қаншалықты тиімді болмақ?
Калифорния университетінің экология және эволюциялық биология жөніндегі профессор көмекшісі Шон Кэмпбелл-Стейтон және оның әріптестері Горонгосадағы сойдақ тісі бар және жоқ пілдерді салыстыруға кірісіп кетті. Олар сойдақ тістің болмауына әсер ететін гендерді ғана анықтап қоймайды, сонымен қатар қаншалықты мұраға берілетінін де зерттеп көрмек.
Мәселен, неліктен Африкадағы сойдақ тіссіз пілдердің бәрі ұрғашы? Кэмпбелл-Стейтон сойдақ тістің әсеріне де мән беріп көрмек. «Сойдақ тістердің тамақ жеуде маңызды рөл ойнайтынын білеміз. Ендеше, егер оларды мұндай құрал жоқ болса, олар қоршаған ортада басқаша әрекет ете ме? Сондай-ақ мұндай өзгерістер пілдермен байланысты басқа аңдарға әсері қандай болмақ?» дейді ол.
Бұған нақты жауап беру қиын. Бірақ Горонгосадағы сойдақ тіссіз пілдер өсіп-өркендеп келеді. «Олардың жағдайы керемет. Мұндағы қоршаған орта оларға қолайлы, сондай-ақ пілдердің талғажау таппай қиналып жүргенін көрмейсіз», дейді Elephant Voices ұйымының ғылыми директоры Джойс Пул.
Бұл ұйым Горонгосада зерттеумен және пілдерді қорғаумен айналысады.
Ендеше, сойдақ тістер пілдерге қажет пе?
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»