«Астана Опера» театрының камералық залында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін өткізу аясында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Айтулы өнер оқиғасы елорданың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сақтау, дамыту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Кештің мәнді де қызықты концерттік бағдарламасын Мәдениет қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова жетекшілік ететін Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры ұсынды.
Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы камералық хорының негізі 2004 жылы қаланып, өзінің 14 жылдық тарихында Қазақстан мен одан тыс аймақтарға бірнеше мәрте гастрольдік сапарға шығып, көптеген халықаралық музыка байқауларында жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, олардың қатарында: «World Choir Games» байқауының қос алтын медалі (Латвия, 2014), «Шабыт-2014» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдесі (Астана), «Жұбанов көктемі-2012» халықаралық байқауының бас жүлдесі (Ақтөбе), «Хайнувка» ХХХ халықаралық рухани музыка фестивалінің бас жүлдесі (Польша, Белосток, 2011), Бейжіңдегі Бүкіләлемдік хор форумының екі алтын кубогы (Қытай, 2011), «Астана – ән қанатында» фестивалінің бас жүлдесі (Астана, 2008) және тағы да басқа марапаттар бар. Ұжымның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова өзінің ұстазы КСРО халық әртісі, қазақстандық хор дирижері Анатолий Молодовтың дәстүрін лайықты түрде жалғастыра отырып, әрдайым хор музыкасын орындауда жоғары шығармашылық деңгейді бағындырып келеді.
Бас шаһардың мәдени-рухани өмірін өркендетуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жас та болса жасампаз өнер ұжымының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі аясында өткен «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалінің ашылу салтанатына арналған концерттік бағдарламасына отандық және әлемдік хор мектептері шеберлерінің үздік туындылары мен заманауи өңдеудегі халық әндері еніпті. Абайдың «Көзімнің қарасы», Ақан сері Қорамсаұлының «Қараторғай», Е.Астатуровтың өңдеуіндегі П.Чайковскийдің «Щелкунчик mix» және саз әлемінің тағы да басқа үздік туындылары айтулы кештің көрігін кіргізіп, талғампаз музыка жанкүйерлеріне естен кетпес өнер думанын сыйлады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»