• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2010

ҚАЗАҚСТАН – БЕДЕЛДІ ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ

1366 рет
көрсетілді

Халықаралық мәселелер мен әлемдік қоғамдастықтағы Қазақ­стан­ның орны туралы ойларын ор­таға салған Төраға біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты бо­луын қамтамасыз ететін жетістік­те­рімізге тыңдаушылар назарын аударды. “Қазақстан – еуразиялық ірі мемлекет. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқығын алғаннан кейін біздің еліміз сенімді әріптес, әрі тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде де­мо­кратиялық институттар құрылы­сы мен нарықтық экономиканы да­мы­туда, сондай-ақ аймақтық және ха­лықаралық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуде елеулі жетістіктерге жет­кен беделді еуразиялық мемлекет мәртебесін нақтылады”, – деді Қ.Тоқаев. Қазақстан қазіргі заман та­рихындағы күрделі кезеңдердің бірінде осынау жауапты миссияны атқаруға кіріскенін атап өте келіп, Төраға біздің елдің төрағалық ету мерзімі ЕҚЫҰ-ның 35 жылдығы, жаңа Еуропа үшін қабылданған Париж хартиясының 20 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыс­тың аяқталуының 65 жылдығы аталып өтілетін ерекше уақытпен сәйкес келгеніне назар аударды. Қазақстандық төрағалықтың қағидаларына қатысты Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік, экономика мен экология және гуманитарлық мәселелер саласындағы үш негізгі “себетін” қалыптастыру жөніндегі біздің еліміздің бастамалары жайында әңгімеледі. Біздің еліміздің төрағалық етуіндегі ең өзекті істердің бірі 2010 жылы Қазақстанның баста­масы бойынша ЕҚЫҰ саммитін өткізу болып табылады. Төраға атап өткендей, Ұйым аясындағы жоғары деңгейдегі кездесулер дағдарысты еңсеруге және 35 жыл бұрын Хельсинкиде басталған үдерістерді жандандыруға мүмкін­дік береді. ЕҚЫҰ басшысы лауазымын­дағы Қазақстан бағдарламасының басты тармағы ретінде Төраға 14-16 мамырда Алматы қаласында “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламентшілер жиынын өткізуді атады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақ­станға “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді. Бұл бағыттағы табысты жұмыстар елді негізгі еуро­палық және жалпы адамдық бағдарларға шығаруды қамтамасыз етіп, төрағалық өкілеттігі аяқтал­ған­нан кейін де Қазақстанның жақ­сы дамуына оң ықпал жасай­тын болады. Жақсыбай САМРАТ. ТӨРАҒАЛЫҚ ТІЗГІНІ БЕКЕМ ҚОЛДА немесе қазақстандық басқарудың басымдықтары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жа­­қында ресейлік “Известия” газетінде жа­рияланған “ЕҚЫҰ тағдыры және перспек­ти­валары” атты мақаласы әлемдік қоғам­дас­тықтың үлкен қызығушылығын тудыр­ға­ны белгілі. Өйткені, еліміз соның алдында ғана осы  беделді халықаралық Ұйымның төрағалығына кіріскен болатын. Президенттің биылғы Жолдауынан бір күн бұрын жарық көрген Ел­басының бұл мақаласын барша қазақстандықтар да осынау аса маңызды бағдарламалық құжаттың сыртқы саясат орайындағы құрамдас бөлігі ретінде қа­рас­тыруда. Біз өзінің осы орайдағы пікір-пайымдарын айтуды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан СЕЙДІННЕН  өтінген едік. – Біріншіден, баса назар аударғым келетін мәселе сол, Президент өз мақа­ласында қайраткерлігінің негізгі ұстанымы эволюциялық жол екендігін тағы да ай­ғақ­тап берді. Сол арқылы сыртқы және ішкі саясатта маңызды шешімдер қабылдауда төңкерістік әдістер мен әрқилы жағдай­да­ғы ұстамсыздыққа жол берілмейтіндігін, біз­дің саясатымыздың сарабдалдығын  дәйектеді. Екіншіден, Президент бұрынғысынша мемлекеттік сыртқы саясаттың басына әр­тарапты көпбағыттылық пен еуразияшыл­дық­қа бейімділікті қойып отыр. Бұл жай ақылға қонымды, өйткені, Қазақстан өзі­нің геосаяси орналасуы мен экономика­лық мүмкіндіктері тұрғысынан алғанда тек аймақтық мәселелермен ғана шектеліп қалмайды. Біздің мемлекетіміздің сыртқы сая­си мүдделері мағынасы жағынан еур­азия­лық болумен қатар, көпэтносты және поликонфессиялы ерекшеліктерді де әбден ескереді. Сонымен бірге, ол Азия мен Еуропаға, Шығыс пен Батысқа бірдей қа­тыс­тылығынан жазбайды. Осындай көп­ба­ғыттылықты Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің “Известия” газетіндегі мақаласында “әлем­дік шаралар мен біздің мемлекет үшін нақты қызығушылық тудыратын бар­лық мемлекеттермен достық және алдын ала болжам жасалатын байланыстарды дамыту” ретінде түсіндірді. – Бірақ мемлекеттердің деңгейі, қуаты әртүрлі болып келеді емес пе. Осы нәзік мәселедегі саясат жоғарыдағы мақалада  қалай ежіктеледі? – Бұл жай да назардан тыс қалмаған. Белгілі бір әлемдік мәселелерге қатысты шешім қабылдаудағы мемлекеттер мүм­кін­діктерінің теңсіздігін есепке ала отырып, Қазақстан басшысы құрамына біздің ел де кіретін, әлемдік қоғамдастықтың басым бө­лігін құрайтын “орташа көлемді” мемле­кет­тердің рөлін арттыру туралы ойын білдірді. Елбасының пікірінше, тек орташа мемлекеттер ғана өзара пәтуаға келу арқы­лы жаһандық және стратегиялық шешім­дер қабылдауға қол жеткізе алмақ. Еура­зия­лық кеңістіктің ауқымды ЕҚЫҰ кеңіс­тігіне “жеткілік­сіз кірігуін” ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев тек еу­ро­палық қана емес, одан да кеңі­рек ауқымды қамтып, еуразия­лық қауіпсіздікті тұ­тасымен қам­тамасыз ету мәселесін көтерді. Елбасы Ресей газетіндегі ма­қа­ласында сондай әртүрлі мем­лекеттер аясында қазіргі таңда жаңару үрдісін бастан кешіріп отырған заманауи халықаралық қатынас­тар жүйесін талдау мәсе­лесіне баса назар аударды. Гео­саяси және геоэкономикалық ықпалдың көне батыстық орталықтары­ның орнына БРҮҚ (Бразилия – Ресей –Үндістан – Қытай) және Азия-Тынық мұ­хит аймағы елдері секілді жаңа орталықтар пайда болуда. – Нұрсұлтан Әбішұлының осы мақа­ла­дағы қаржы секторына қатысты айтқан ойлары туралы не дер едіңіз? – Жаһандық қаржы дағдарысы әлем­дік қаржы-экономикалық жүйенің ішкі құрылымында өткір қайшылықтардың бар екендігін көрсетіп, басқармалы һәм бол­жауға икемді әлемдік экономикалық тәр­тіп туралы көкейкесті мәселені көтерді. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта әлем­дік қоғамдастықтың әртүрлі деңгейлерінде балама валютасы бар жаңа валюта-қар­жы­лық халықаралық ұйымдар құру идеясы, жаһандық қаржы-экономикалық дағда­рыс­тан шығу стратегиясы және әлемдік экономика мен әлемдік қаржы рынок­тарының дағдарыстан кейінгі дамуы мә­се­лелері белсенді түрде талқылануда. Осыған байланысты ЕҚЫҰ аясында жаһандық экономика, экология және дағ­дарыстан кейінгі даму мәселелері бұған дейін мүлдем талқыланбағанын айта кетуі­міз қажет. Бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өз қаре­кетін тек үшінші гуманитарлық себет төңі­регінде жүргізіп, халықаралық саясаттың шетіне шығып қалғандығына мысал боларлықтай. ЕҚЫҰ-ның мұндай саясаты “қырғи-қабақ соғыс” кезеңінде, екі идео­логия мен қарама-қарсы дүниетаным кезін­де қалыптасқан еді. Бірақ КСРО-ның ыдырауы, Варшава шарты ұйымының жойылуы мен Германияның бірігуі кез­де­рі­нен бері 20 жыл өтті. Сондықтан да ЕҚЫҰ-ның бұрынғы страте­гия­сын қайта қарастырып, оны 1975 жылы өзі құрылған кезең­дегі мақсаты, яғни аса күрделі халықаралық мәселелермен айналысатын беделді де пәр­менді халық­ара­лық ұйымға айналдырудың уақыты келді. – Демек, мақаладағы ой сорабына бойласақ, Қазақстан өзіне ЕҚЫҰ-ның мүмкіндік өрістерін кеңейту миссиясын да алады екен-ау? – Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықтағы орасан зор географиялық және саяси кеңістікті алып жатқан Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, өкінішке қарай, бірте-бірте әске­ри-саяси мәселелерге деген қызығушы­лығын әлсіретті. Бұл үрдіс Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, обыр метастазы секілді, бірте-бірте заманауи өркениетті жалмап келе жатқан экстремизм мен халықаралық лаңкестіктің қарқынды күшеюі кезеңінде орын алып отыр. Н.Назарбаев атап айтқандай, “Хель­син­ки процесі бренді” барынша көмес­кі­леніп, өзінің тартымды күшінің бір бөлігін жоғалтқан. Сондықтан да Қазақстан бас­шы­сы бірінші кезекті міндет ретінде “Хель­синки брендін” қайта жандандыру ғана емес, сонымен бірге, оған жаңа нұр мен күш-қуат беру үшін Қазақстан бас­та­масымен құрылған еуразиялық аймақ­тық құрылымдармен тиімді өзара ықпал­дастық орнату қажеттігін айрықша нұсқап көрсеткен. – Елбасымыздың мемлекеттер арасын­да­ғы ықпалдылық пен қауіпсіздікті нығайту туралы пікірлері қандай топшылауларға бастайды? – Еуропалық қоғамдастық елімізді ЕҚЫҰ-ның төрағалығына сайлау арқылы оған зор сенім мен құрмет көрсетті. Осы жыл­дың жазында біз Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымын басқарсақ, келесі 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық жасаймыз. Көптеген шетелдік сарапшылар мен талдамашылардың пікі­рінше, тиімді көпбағытты сыртқы саясат қалыптастыруға қол жеткізген Қазақстан Республикасы мемлекеттер арасындағы сын­дарлы өзара ықпалдастықты нығайту арқылы Батыс пен Шығыс арасындағы пікір алмасуды қалыптастыруға барынша бейілді әрі қолайлы үміткер. Бұл фак­торлар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы бағдарламасын жасау барысында есепке алынбауы мүмкін емес. Ресей газетіндегі мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі Ұйым­ға кірмейтін көрші мемлекеттердің қауіп­сіздігімен астасып жатқандығын және оны ажыратып қарастыруға болмайтындығын айрықша қадап айтып өткен. Міне, сон­дықтан да қазіргі төраға ретінде Қазақстан Орталық Азия аймағы мен көрші елдерден төнетін жаңа қауіп-қатерлерді залалсыз­дандыруға барынша күш салып отыр. Ауғанстанда тұрақтылық және бейбіт­ші­ліктің орнауына ерекше мүдделілік танытқан еліміз бұл мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық жағынан қалпына келуіне баса назар аударады. Елбасының еліміздегі жоғары оқу орындарында бір мыңға тарта ауған азаматын оқытуға 50 млн. доллар қаржы бөлу туралы шешімі барлық қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттерді осы өнегені негізге ала отырып, әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында осындай бағдарламаларды жүзеге асыруға шақырды. – ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан тағы қандай мәселелерге назар аударуы тиіс екен? – ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақ­стан экономика саласында Ұйымның көлік-тасымалдау мүмкіндігін арттыруға күш салады. Бірінші кезекте Батыс Еуро­падан Ресей мен Қазақстан арқылы Қытайға бағытталған ауқымды көлік дәлізі негіз болатын Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру мәселесі қарастырылады. Сонымен қатар, біздің еліміз үшінші себетке – демократиялық құқықтар мен адам бостандығын сақтау мен қорғау мәсе­лесі­не де көңіл бөледі. Президент Н.Ә.На­зарбаев Ұйымның әрекет ету кеңістігінде ұлтаралық және дінаралық мазмұндағы, заң­сыз еңбек миграциясы мәселелерінің өзек­тілігі артып келе жатқандығына тоқ­талды. Бұл мәселелерді шешу барысында әлемдік аймақтардағы ұлттардың өмір дағ­ды­сы, дәстүрі, мәдениеті мен ұлттық та­рихы сияқ­ты жәйттерді назарға алмауға болмайды, өйткені, бұл мәселелер қақ­ты­ғыс­тың шиеленісуі мен күшеюіне әсер етуі мүмкін. – Елбасының аталмыш мақаласында әлем үшін де, еліміз үшін де өзекті тағы қандай пікірлері назар аударарлық? – Президенттің “Қазақстан көпұлтты және поликонфессиялы мемлекет ретінде мәдениетаралық және өркениетаралық пікір алмасу идеясын қолдай отырып, Ұйымның қуатты мүмкіндіктерін ұлтшыл­дық, діни төзімсіздік, нәсілшілдік, ксено­фо­бия және антисемитизм мәселелерін жеңуде тиімді пайдалануды көздейді”, деген пікірі өз еліміз үшін де, әлем үшін де өзекті болып отыр. Қазақстан басшы­сының бұл ой-түйінін бүкіл әлем естиді, бұл, әсіресе, ұлтшылдық, нәсілшілдік пен ксенофобиялық көзқарастар  қақтығыс­тар­ға алып келген елдер үшін өте маңызды деп білеміз. Көріп отырғанымыздай, ЕҚЫҰ қаре­ке­тінде біршама шешілмеген мәселелер қордаланып қалған. Ұйымды қарқынды да­мып отырған XXІ ғасыр ақиқатына тиімді бейімдеу, яғни ЕҚЫҰ-ға деген сенім мен құрметті нығайту үшін оны “бастапқы нүктеден қайта бастау” қажет. Бұл шараның тиімді шешімі ретінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары­ның саммитін осы жылы Астана қала­сында өткізу мәселесін алуға болады. Қа­зақ­стан басшысының пікірінше, бұл сам­митте халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері, оның ішінде қауіпсіздіктің біртұтас құрылымын қалыптастыру, Ауған­станды қалпына келтіру мен оған көмек көр­сету, ұлтаралық және дінаралық келі­сімді қамтамасыз етудің бағдарламасын жасау секілді мәселелерді талқылауға қол жеткізуге болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы. САН ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ОРТАҚ МҮДДЕ “Нұр Отан” ХДП Пар­ламентаризм институтының ұйытқы болуымен  “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі: 2010 жылғы жалпы және тақы­рып­тық басымдықтар” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Парламент депутаттары, Мемлекет­тік органдардың, шетелдік дипломатиялық корпустардың, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының, Азаматтық қоғам институттарының өкілдері, еліміздегі саяси партиялардың жетекшілері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Бұл күнгі жиын негізінен бір­неше тақырыпты талқылаудан тұр­ды. Олар: Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің тарихи жағ­дай­лары және саяси контексі, ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі: мемлекет қауіп­сіздігінен жеке адам қауіп­сіз­дігіне дейін, Қазақстанның төр­аға­лық етуі кезеңіндегі ұйымның гуманитарлық қызметіндегі өзекті басымдықтары, Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысулық қоғам­дас­тықты қалыптастыру арқылы аталған Ұйымның дамуы мәсе­ле­лері бойынша консенсустық алаң­ды кеңейту мен нығайтудың жол­дарын іздестіру секілді маңызды бағыттар аясында өрбіп отырды. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның адами өлшем саласындағы міндеттері атты 1-ші сессияда Парламент Се­натының Халықаралық қатынас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов адам қауіпсіздігін нығай­ту­дың жаңа басымдықтары жөнін­де өз пікірін білдірсе, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшы­сы Александр Кельчевский атал­ған Ұйым аймағындағы қауіпсіздік пен адами өлшем саласындағы міндеттер төңірегінде кеңінен ой тарқатты. Ал Төзімділік және кемсітпеу деген атпен ұйымдастырылған 2-ші сессияда “Төзімділік және кем­сітпеу: қауіпсіздіктің жаңа пара­диг­маларын мәдениеттер үнқаты­суы арқылы іздеу”, “Төзімділік уақыт талабы ма, әлде саяси бренд пе?”, “Жұмыспен қамту және ең­бекақы төлеу қоғамның үйлесімді дамуының факторы ретінде”, “ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кон­тексіндегі Қазақстандағы конфес­сия­аралық қатынастар” тақырып­та­ры бойынша баяндамалар тыңдалды. Бұл күнгі ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде гендерлік мәселе де назардан тыс қалмады. Бұл мәселенің өзектілігі гендерлік теңдікті қамтамасыз ету деген атпен өткен 3-ші сессияда айқын көрінгендей болды. Онда еліміздің қоғамдық және саяси өміріндегі әйелдер үшін мүмкіндіктер мен тең құқық беру, билік құры­лы­мын­дағы әйел азаматшалардың өкілділігін қамтамасыз ету және оны халықаралық тәжірибемен сәйкестендіру, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы әйелдер рөлі секілді мәселелер жан-жақты талқы таразысына түсті. Бір атап өтерлігі, аталған жи­ынға адамдар саудасымен күресу, оның ішінде балаларды сату саудасының жекелеген көріністері мәселесі де өзек болып, онда көпті қызықтырған маңызды жәйттер айтылды. Мәселен, конферен­цияға қатысушылар балаларды сатуға қарсы іс-қимыл­дарды қамтамасыз етудің тиімді психологиясын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияны қорытын­ды­лай келе оған қатысушылар арнайы ұсынымдарын ортаға сал­ды. Оларда Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасын­дағы мәдени, діни және этностық айырмашылықтардың медиаторы ретінде көрсету, 2009-2012 жыл­дарға арналған адам құқықтары мәселесіндегі ұлттық іс-қимыл жос­парының дер кезінде орын­далуын қамтамасыз ету, адам құ­қық­тары саласындағы халық­ара­лық маңызды құжаттардың өз мерзімінде Қазақстан тарапынан ратификациялануына жол ашу секілді міндеттер бар. Сала маман­дары бұл мәселелердің жоғары деңгейде шешімін табуына өз тараптарынан мүдделі екендіктерін жеткізді. Астана.