• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қазан, 2018

Мәдениетсіз мемлекеттің көсегесі көгермейді

930 рет
көрсетілді

Ел мәдениетіне, жалпы өнер атаулыға өнердің өз адамындай дәл баға беретін жан жоқ шығар, сірә. Кірбің шалмаған, былғанбаған нағыз өнер ғана мемлекет мәдениетінің мерейін тасытып, елдің де абыройын асқақтата түсетіні анық. Саф өнерді қарабайырлық деңгейге дейін төмендетіп, өнер өкілдерінің күнкөрістің емес, ашкөздіктің «объектісіне» айналуы мәртебелі мәдениеттің құнын түсіретіні тағы мәлім. 

Ендеше, көңіл түкпіріне қонақтаған қойын кітапшадағы кейбір пікірлерді оқырман назарына қайта ұсынып отыр­ған жайымыз бар. Мынау орыс режиссері Борис Покров­ский­дің айтқаны: «Егерде өне­ріміз асқақ болмаса, онда өркениетті ел де болмайды. Төл мәдениетімізсіз ешқандай экономика да, еш­қандай саясат та еңсемізді кө­теруге кө­мек­тесе алмайды». Ұлт мәде­ниетін ұлықтай білу деп ұқ­тық режиссердің мұнысын. Шы­нында да ұлық өнер ғана ұлттың рухын асқақтатып, мәртебесін биіктетеді емес пе. Қажет десеңіз адал еңбек етіп, нәпақасын айыруға да, халықтың қазынасына қол сұқ­пай, адал өмір сүру дағдысын қалыптастыруда да мәртебелі мәдениеттің ықпалы айрықша болары сөзсіз.

Адал еңбек демекші, атақт­ы грузин актері Вахтанг Кика­бидзе бұл жөнінде бүй дейді: «Ертең үрім-бұтағың сенің есіміңді алып-жүруден, сенің әулетіңнен екенін айтудан ұял­майтындай өмір сүру керек». Өмірлік кредосы осы өнер адамының. Құдай-ау, Кикабидзенің осы айтқаны керенау кеңселерде мамық креслоларда жантайған жандар компьютерін ашқан сәтте немесе ұялы телефондарынан сәт сайын жылтылдап шығып тұр­са, ұяты оянар ма еді, кім біл­сін!?. Нағыз жұмақ ұрлық бол­ма­ған қоғамда орнайды емес пе? 

«Қарапайымдылық қана хал­­қыңмен жақындастыра тү­се­ді. Пиар сабын су сияқты, пайда болып, жылдам жоғалып кетеді. Ал адам бойындағы асыл қасиеттерді ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз». Жарты ғасырға жуық тыңдарманын тамаша әндерімен тербеп, қарапайымдылығының арқа­сында халқының құрметіне бөленген «Ялла» ансамблінің жетекшісі Фарух Закировтің айтқанын бекер дей алмассыз. 

Үштаған пікірдің сөз түсі­нетін кісіге айтар тағылымы аз емес. Б.Покровский мәдениет­сіз мемлекеттің көсегесі көгер­мей­тінін сөз етіп, В.Кикабидзе өнер адамының адал болуын айтса, Ф.Закиров оған қара­па­йымдылық сынды асыл қа­сиетті қосады. Қазақ мәде­ние­­тінің өріс өлшемін осы үш­та­ған деңгейіне салсақ қалай болар екен?!

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»