• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қараша, 2018

Саланы цифрландыру – қызмет көрсету сапасын арттыру кепілі

385 рет
көрсетілді

Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға байланысты саланы цифрландыру, заманауи технологиялық жетістіктермен жұмыс істеу сала мамандарының күнделікті іс-тәжірибесіне дендеп еніп кетті.  

ДДҰ деректері бойынша, әлем дәрігерлерінің 15 пайызы өз тәжірибесінде жасанды и­н­теллектіні пайдаланады. Ал жасанды интеллект тәжірибесімен әлемнің алдыңғы қатарлы 15-тен аса мемлекеті жұмыс істейді. Осы тұрғыдан алғанда қазақстан­дық мамандар үшін де заманауи жетістіктерді молынан игеретін кезең туды. Себебі отандық медицинада қатерлі ісік сияқты қауіп­ті ауруларды ерте анықтауда көп­теген қиындық кездесуде. Оған дәлел ретінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мәліметтері бойынша қатерлі ісікпен есепте тұрған 180 мыңға жуық науқастың жағдайын айтсақ та жеткілікті. Ал елімізде қатерлі дерттен жылына 15 мың адам көз жұмады. Сондықтан медицина саласын цифрландыруға көшірудің қатерлі ісікті ерте анық­тау мен диагностикалаудағы маңызы зор. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі мен IBM компаниясы әріптестік жөніндегі мемо­рандумға қол қойып, ағым­дағы жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титутында Watson for oncology жасанды интеллекті жобасын іске асырғандығын айта кету қажет. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау мен емдеуде дәрігер үшін таптырмас көмекші бола алады. Әрі миллиондаған деректерді талдап, сараптауға мүмкіндігі зор. Жасанды интеллект роботтың көмегі арқылы бүгінде елімізде 70 мыңнан астам қатерлі ісік анықталған науқастардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. 

Денсаулық сақтау министрлі­гі­нің деректері бойынша, 2019 жыл­ға дейін еліміздегі барлық ден­сау­лық сақтау мекемелері қағазсыз меди­цина режіміне өтеді. Бүгінде емха­наларға бекітілген 1 951 338 азамат мобильді қосымша арқы­лы дәрігер кеңесіне жүгінген. Елі­міз­де цифр­лы сауаттылықты арт­тыруға байланысты 546 тірек құры­лып, 10,2 млн электронды ден­сау­лық кар­тасы толтырылған. Ал меди­ци­на­лық мекемелер толық ақ­па­раттық жүйелермен қамта­масыз етілген. 

Алматы қаласы бойынша Рес­пуб­ликалық электронды ден­сау­лық сақтауды дамыту орта­лығы директорының орынбасары Ербол Дархамбаевтың айтуынша, цифрлы жүйе бүгінде Алматы қаласындағы ауруханалар мен емханаларда да белсенді түрде енгізіле бастады. Қала тұр­ғындары ЖСН арқылы электрон­ды қызмет түрлеріне e-gov.kz немесе telegram мессенджері ар­қылы тіркеледі. Бұл бағытта DamuMed мобильді қосымшасы көмекке келеді. Яғни смартфон арқылы емханадан өзіне қатысты ақпарат алып, дәрігер кеңесіне қашықтықтан жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар дәрігер кеңесіне жүгінген кез келген азаматтың денсаулығы жайын­дағы ақпараттар да электрон­ды жү­йеге енгізілген. Аталған мо­биль­­ді қо­сым­шаның қызмет ая­сы ал­дағы уақытта тағы да толықтырылады. 

Бүгінде оңтүстік астанадағы медициналық мемлекеттік мекеме­лердің 74-і толықтай ақпараттық жү­йемен қамтамасыз етілді. Жаңа тех­нологиялық мүмкіндіктерді иге­руге байланысты дәрігерлер то­лық біліктіліктен өтті деуге негіз бар. Себебі еліміздің медицина сал­а­сына дендеп енген цифрландыру нәтижесіне орай дәрігерді үйге шақыру, дәрігер кеңесіне жаз­ылу, жедел жәрдем қызметіне жү­гіну, т.б. салаларды ақпараттық жүйе­лерсіз елестету мүмкін емес әрі бұл жүйе сала мамандарынан жо­ғары біліктілікті талап етеді. Сон­дай-ақ зертханалық сарап­тама­­­лар­ды жетілдіруге байланысты PACS (цифрлы рентген) жүйе­­сін енгізу жұмыстары жолға қойылуда. 

Қазіргі кезде еліміздің бар­лық өңірінде жұртшылықты ақпарат­тандыру мәселесі жолға қойылып келеді. Осы орайда скрининг жүйелерінің тиімділігін атап өту қажет. Яғни, скрининг өту үшін хабарлама жіберу де ақпараттық жүйелерге жүктелген. 

Алматы қаласында 15 қыр­күйек­тен 15 қарашаға дейін қала ем­ханаларына еркін тіркелу жүр­гізілуде. Сондай-ақ ЖСН арқылы жаңа туған сәбилерді де электронды тіркеу мүмкіндіктері қарас­тырылған. Ең бастысы, елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру шаралары кез келген азаматтан заман көшінен қалмай, өз ден­сау­лы­ғына қырағы болуды талап етеді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ