Боксшы Әділбек Ниязымбетов 81 кило салмақ дәрежесінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жеңімпазы. Қазақ бокс тарихында Олимпиада жүлдесін екі реттен иеленген төрт боксшының бірі саналатын атақты спортшымен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– 2016 жылғы Жазғы олимпиада ойындарынан кейін сізді небәрі үш жарыстан ғана көрдік...
– Олимпиададан соң конфедерация кубогының финалдық кезеңінде бір рет шаршы алаңға шығып, Маңғыстау облысының құрамасымен жеңімпаз атандық. Одан кейін Қазақстан чемпионаты мен биыл наурызда Галле турниріне қатыстым. Былтыр ел чемпионы атанғаныммен, Германияда өткен кіші әлем чемпионатына баланатын турнирден бұйырғаны күміс болды. Таяуда өткен Азия ойындарына да қатысуым мүмкін еді. Алайда, бокстан жоғары үш салмақ дәрежесінің енбей қалуына байланысты бұл сыннан тыс қалдым.
– Өміріңізді тек бокспен елестетесіз бе? Әлде бокстан бөлек басқа жұмыспен айналысасыз ба?
– Мен бар уақытымды жаттығу арнадым, сол жолда еңбек етуші адаммын. Осыған дейінгі бар уақытымды спортпен тығыз байланысты. Жалпы, мен үшін бокс әуелде екінші спорт еді. Бірінші кезекте футбол жаныма жақын.
– Сонда кәсіби деңгейде футболмен айналыстыңыз ба?
– Өзбекстанда тұрғанымызда тұрақты түрде футболға қатыстым. Бар уақытым доп қуумен өтіп жатты. Сол кездері туған ағам Батырбек боксқа қатысатын. Уақыт өте келе өзімен бірге мені де жаттығуға барғанымды қалады. Осылайша боксқа біржола ден қоя бастадым. Кейін ағам екеуіміз бірге үйірмеге барып жүрдік. Батырбек аздап жалқаулау болды. Жарты жолдан достары кездесіп қалса, мені жаттығуға жіберіп өзі ойнап кететін. Қайтар жолда солар күтіп алады да, үйге бірге жаттығудан келгендей болып баратынбыз (күлді). Футболды тәуір ойнадым, қазір де солай. Ал боксқа қатысқан соң әуелгіде тәуір нәтиже көрсетсем керек, Өзбекстанда жүріп халықаралық жарыстарға бардық. Әлі есімде, жасөспірімдер арасында Өзбекстанның Жизақ қаласында өткен халықаралық турнирде топ жардым. Шарт бойынша жеңімпаз атанған жас боксшылар спорт шеберлігіне үміткер атануы тиіс-тін. Алайда, мен жеңіске жеткеніммен, өзбектің бокс федерациясы қазақ баласының спорт шебері болуға бір табан жақындағанын қаламаған болуы керек, түрлі сылтау айтып бермей қойды. Мені қазақ баласы деп шеттете бастағаны анық сезіліп тұрды. Өзбекстанда басқа ұлтты, оның ішінде қазақты бөлу қатты асқынғаны болар, жеңімпаз ретінде құрамаға да алған жоқ.
– Бапкеріңіз өзбек болғанда біраз биікке баратын ба едіңіз, бәлкім?..
– Керісінше бапкерім Рашид Сейітов деген өзбек болды. Алғаш жаттықтырып, бокстың әліппесін үйретті. Елге кетіп бара жатқанымда қатты қуанғанның бірі сол Рашид еді. «Сенде бокстың негізі бар, Қазақстанда өзіңді ашып көрсет» деп тілегін білдірді.
– Атажұртқа оралу туралы шешімді кім қабылдады? Әкеңіз сіздің бокстағы болашағыңыз үшін деп қоныс аударған болып тұр ғой сонда?
– Жо-жоқ. Әкем 2000 жылы Жаңаөзенде асханада жұмыс істейтін. Аспаздықты түбегейлі қолға алған маман. Кейін анам Өзбекстаннан әкемнің қасына кетті. 2001 жылы жазғы демалыста Жаңаөзенге келдім. Әкем Жаңаөзен қаласында Жеңіс Жарылғапов деген бапкердің досымен араласады екен. Әңгіме арасында менің боксшы екенімді естіген ол «Әділбекті Жеңіске апарып көрсетсейші» деп қолқа салды. Сөйтіп, Жеңіс Жарылғаповқа бардық. Жаттығу жасатып көрді де, бірден спаррингке шығарды. Көп жылдан бері боксқа қатысып жүрген балалардан басым түстім. Жеңіс аға бірден: «Сенің осында қалғанын дұрыс» деді. Бір аптадан соң Ақтауда жарыс өтетін болып, соған қатыстым. 1987-1988 жылы туған балалар арасындағы турнир екен. Финалға дейін еркін бардым. Бірақ бапкер финалда Асылбек Донбаев деген баламен шығармады. «Неге шығармадыңдар?» деп жылағаным есімде. Сол турнирде Марат Жақиев мені көріп, қасыма келді. Өзім туралы, ата-анам жайлы сұрады. Алайда мен сабағымды жалғастыру үшін Өзбекстанға кетіп қалдым. Тек келесі жылы Қазақстанға біржола қоныс аудардық.
– Марат Жақиев жаттығуға шақырмады ма?
– 2001 жылы Қазақстанға келген соң Жаңаөзенде жаттығып жүрдім. Жеңіс Жарылғапов боксқа деген талабымды одан әрі ұштай түсті. Арада жарты жыл өткенде Марат Жақиевтің қол астына апарып табыстады. 2012 жылы Олимпиада жүлдегері атанғанымда Ж.Жарылғаповқа Қазақстанға Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
Өкінішке қарай, Марат аға мені қанша баптаса да көп жылдар бойы үміті ақтамады. Жасөспірімдер мен жастар арасында айтарлықтар нәтиже көрсете алмадым. Үнемі барған жарысымда ұтылатынмын. Әкем күнде таңғы бес жарымда жүгіруге оятады. Үйдің тоғызыншы қабатына баспалдақпен бірнеше рет жүгіріп шығамын. Әкемнің маған айтқан бір айтқан сөзі: «Бокстың соңына дейін баруың керек», деген сөз болды. 2001 жылы әкем Ақтаудағы 23 мектепте 12 мың теңге айлыққа жұмыс істеді. Киім жұпыны, жағдайымыз мүшкіл болған кездерде жаттығудан қол үздірген емес. Сонда да нәтижеге қол жеткізіп жатқаным шамалы. Бірақ бокстың наның жеу үшін біз отбасымызбен келер күннен үміт үзбедік. 20 жасыма дейін далаға шықпадым. Үнемі жаттығу. Күнде қайталана беретін тіршілігім осы. Тәртіпке қатал қарайтын әкем тіпті сабаққа да бармай-ақ қой деп рұқсат берді. Ақтау мен Ақшұқыр аулының арасында бірнеше шақырымды тоқтамастан жүгіремін. Далада соққы жұмсап дайындаламын. Арасында ағаммен футбол ойнаймын. Жаттығу кезінде қасымда әкем, шешем, ағам, тіпті қарындасым еріп жүрді. Барлығы менің тілеуімді тілеп, боксшы болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді.
– Үздіксіз еңбек өз жемісін қашан берді? Алғашқы нәтиже қалай болды?
– 18 жасымда жастар арасында 69 килода Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Бұл менің талай жеңілістен кейінгі алғашқы айтулы жетістігім еді. Ақтөбе қаласында өткен ел біріншілігінің финалында қарағандылық Ермек Серіковті қанша жерден ұрғаныммен, жеңіс соған бұйырды. Марқұм Ермектің аты аспандап тұрған жылдар еді ғой. Соққысы жойқын боксшы-тұғын... Бірақ сол кездегі жастар құрамасының бас бапкері Сұлтан Костоев жаттықтырушыммен сөйлесіп, мені 64 килода Азия чемпионатына қатыстырғысы келетінін айтты.
– Сұлтан Костоевтың сенімін ақтау оңай болмаған шығар. Оның үстіне төменгі салмаққа ауысу керек болса...
– Сөйтіп мені жастар арасында Азия біріншілігіне қатыстыру туралы шешім шықты. 64 килода жұдырықтасу қиындық тудырмағанымен, салмақ қуу жолында қатты қиындықтарға тап келдім. Таразыға тұрғанда салмағым 73-74 килоны көрсететін. Күнде таңертең бапкерім Марат аға бір тілім нанға уылдырық жағып береді. Таңғы асым осы. Түсте кішкентай кесек еті бар жарты кесе сорпа азығым болды. Айға жуық уақыт өткенде 9 кило салмақ тастадым. Өзі күндіз-түні қасымнан бір елі ұзаған жоқ. Себебі, қиналғаннан тамақ ішіп қою мүмкін деп қауіптенді. Бағыма қарай Алматыда өткен Азия чемпионатында жеңіске жеттім. Одан кейін бірден ересектер сапына ауысып кеттім. Бұл 2007 жылдың қыркүйегі болатын.
– 2008 жылы 69 килода ел чемпионаты аса тартысты болғаны белгілі. Сол жылы Олимпия ойындарында Бақыт Сәрсекбаев топ жарды. Әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев осы салмаққа ауысып жатты. Әлем кубогында жасындай жарқылдаған Қанат Орақбаев болды. Осындай мықтылардың салмағына келуге жүрексінген жоқсыз ба?
– Сол жылғы сын мен үшін үлкен баспалдақ болды. Маңғыстау облысынан ел біріншілігінде 69 килода сынға түстім. Бұл ересектер арасындағы алғашқы жарысым. Іріктеу кезеңдерінде құрамадағы Әлімбаев дейтін боксшыны ұттым. Сөйтіп жүріп финалға шықтым. Финалда мені Қанат Орақбаев қасқайып күтіп тұрды. Секунданты қазіргі бас бапкер Мырзағали Айтжанов. Осы көріністі көрудің өзі жас боксшыны психологиялық тұрғыда мысын басатын. Бірақ менің ол сында жоғалтатын ештеңем болған жоқ. Ұтылсам маған ешкімнің уәж айтпасы белгілі. Марат Жақиев тактикалық тұрғыдан рингте оған қарсы не істеу керектігін айтты. Мен соны мүлтіксіз орындадым. Жеңімпазды хабарлаған сәтте төреші менің қолымды көтерді.
– Араға уақыт салып, 2009 жылғы чемпионатта 75 кило топ жардыңыз ғой. Салмақ ауыстыруға Серік Сәпиевтің 69 килоға ауысуы тікелей әсер еткен сияқты...
– 69 килода Қазақстан чемпионатын ұтқаныммен халықаралық жарысқа қатысудың реті келмеді. Себебі, арада үш ай өткенде қайтадан ел біріншілігі өтетін болып шешілді. Оған себеп, АИБА тарапынан әлем бойынша боксқа өзгеріс еніп, кездесу уақыты 3 раундқа қысқарып жатқан. Қостанайда өткен біріншілікке мен де қатыстым. Оның алдындағы чемпионаттан кейін аздап тыныққан соң салмағымның артып кеткені тағы бар. Салмағым 74 килоны көрсетіп тұрған соң бапкерім: «Әділбек, 69 килоға Серік Сәпиев ауысып жатыр. Сондықтан бұл салмақта қалатын мүмкіндігіміз аз. Оны ұтқан күнде де негізгі жарыстарға Серіктің баратыны анық», деді. Сол кездері Серік әлемнің екі дүркін әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы еді. Тәжірибе жағынан маған оны ұту қиынға соғатыны анық. Тіпті, басым түстім дегеннің өзінде құрамадағы №1 боксшы болу оңай болмайтынын ескердік. Қостанайдағы чемпионаттың финалында Азамат Белгібаевпен кездесіп, жеңімпаз атандым. 2009 жылы оқу-жаттығу жиындарынан соң Қытайдағы Азия чемпионатына аттандық. Бас бапкеріміз – Дамир Буданбеков. Қытай еліндегі бірінші кездесуімде қырғыз боксшысымен шықтым. Көрші елдің спортшысын ұпай бойынша ұтып жаттым. Үшінші раунда есеп 24:5 өте алшақ көрсеткіш қой. Одан өтсем, келесі кезеңде шаршы алаң иесімен шығуым керек. Бірақ саясат ойнады ма, үшінші раундта жағдай басқаша болды. Төреші күтпеген жерден үш рет есеп ашты да, ұпайға қарамастан кездесуді тоқтатып тастады.
– Қырғыз боксшысына есе кеткен соң Дамир Буданбеков не деді?
– Не деуші еді? Келді де «келесі оқу-жаттығу жиындарына келмей-ақ қой» деді. Ішім ашыды, жыладым. Бірақ ол кезде бізді тыңдайтын кім бар дейсіз?! Осылайша сол жылы күзде әлем чемпионатына бару бақыты маған бұйырмады. Бар үмітім алда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалу болды. Мен үшін 2010 жылғы біріншілік сәтсіз өтті. Астанадан Ақтауға жүлдесіз оралдым. 2011 жылдың ақпан айында Алматыда өткен ел біріншілігінде қайта қырсық шалды. Алматы қаласының атынан сынға түскен Шыңғыс Бердібековтен 2:1 есебімен ұтылдым да қалдым. Бабым келісіп тұрған сияқты. Бірақ өзіме бағытталған соққыларды байқамай қала беруім жиі қайталанатындай көрінді. Кездесуден соң бірден бапкеріме айттым. Дәрігерге тексертіп көрсек, сол көзім алысты тіпті көрмейді екен. Көзімді тексерген дәрігер «Боксты қоюың керек» деп шорт кесті. Ертең көзім көрмей қалуы мүмкін еді. Ақылдаса келе, Марат ағаға боксты қоямын деп айтуыма тура келді. Себебі, көздің мәселесі өте күрделі деңгейге жеткен-тін. 2010-2011 жылы тіпті шаршы алаңда жолым болмады. Бірақ Марат Жақиев: «Әй, бала! Біз бес-алты жарыста қатарынан ұтылсақ та боксты қойғанымыз жоқ. Сондықтан келер күннен үміт үзбейік. Соңына дейін баруың керек» деп қайрады. Ойлана келе, Орынборға барып көзімді емдеттік. Қаржы мәселесінің бәрін бапкерім өзі реттеді. Марат Жақиев менің екінші әкемдей болды. Әкем мені оған табыстаған кезде мен 12 жаста болдым. Үйде өз әкем, ал сыртта жүргенде азамат болып қалыптасуыма Марат Жақиев барын салып бақты.
– Орынбор сапары бірден нәтижесін берді ме? Әлде ұзақ уақыт тағы кідіруге тура келді ме?
– Орынбордағы ота сәтті жасалды. Ем алу барысында бапкерім менен ұзаған жоқ. Басынан соңына дейін қасымда болды. Ота жасатумен әуреге түсіп жүргенде салмақ та артып кетті. Кейін жаттығуға кірістік, 2011 жылы Орал қаласында Асқар Құлыбаевтың кубогына қатысып көруге бел будық. Жаттығуға енді кіріскен кез. Бұл уақытта 81 килоға ауысқанмын. Бірінші кездесуден өткеніммен екінші айналымда сол кездегі ел чемпионы Арман Рысбекпен 6:6 есебімен тең түсіп, Арман жеңімпаз атанды. Жолым тағы да келте болды деп қапаланып тұрғанымда құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов келесі оқу-жаттығу жиындарына шақырды. 2011 жылдың мамырында ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары мен үшін нағыз бәсекеге айналды. 81 килода Артаев, Белгібаев, Абдуллаев, Серімов, Рысбек деген есімінен ат үркетін мықтылардан жасақталған. Сапта тұрғанда біздің салмақтағы боксшылар саны 12-13 адамға дейін жетіп жығылатын. Өзара жеңімпазды анықтау бапкерлерге де оңайға түспеген болар. Бірі жеңсе, келесіде екіншісі жеңеді дегендей. Спаррингте Азамат Белгібаев Бақтияр Артаев пен Арман Рысбекті қуып жүріп ұрады. Ал мен Азаматтан басым түсіп жүрдім. Осылайша әлем біріншілігіне апаратын лайықты боксшыны анықтау үшін үлкен «қырғын» болды. Оқу-жаттығу жиындарының ең соңында ӘЧ баруға екі үміткер таңдалды. Бірі мен, екінші Азамат Белгібаев. Федерациядан Юрий Цхайдың өзі келіп, ринг шетінде қарап отырды. Бірнеше рет жұдырық сілтестік, ең соңында тағы да үш раунд еркін бокстастық. Бұл соңғы мүмкіндігім болған шығар. Федерацияның вице-президенті Юрий Цхай: «Кім үздік, сол әлем біріншілігіне барады» деуі көп сөзге нүкте қойды. Мұндай мүмкіндіктікті кім жібергісі келсін, Белгібаев та барын салды. Азаматты барынша соққының астына алып, тырп еткізбеуге тырыстым. Мұрны қанаған сәтте Цхай орнынан тұрды да: «ӘЧ-на Ниязымбетов барады» деп қысқа қайырды да кетіп қалды. Егер 2011 жылы Мырзағали Айтжанов мені құраманың жаттығу жиындарына шақырмаса, спортшы ретінде мұнша жетістікке жетпеуім әбден мүмкін еді...
– Әлем чемпионатына Бақтияр Артаевты апару туралы бапкерлердің ойы болмады ма?
– Сол кезде Артаев келді де «Әділбек, Бакуде аянып қалма, саған сәттілік тілеймін» деді салқынқанды түрмен. Бұл менің алдымдағы үлкен сынаққа баланды. Әрі әлем біріншілігіне алғаш баруым. Әзербайжан астанасындағы Гейдар Әлиев сарайында адам көп. 1/8 финалдық кезеңге шығайын деп тұрмын. Қарсыласым Колумбия боксшысын ұтсам, ширек финалға жолдама. Бұл кезеңге өткен боксшыларға бірден Олимпиада жолдамасы беріледі. 81 килода ширек финалға өткенімді хабарлағанда арқамнан бір жүк түскендей болды. Алыстан Лондонның шаршы алаңы елестегендей көрінді.
– Финалда кездескен Куба боксшы кейін талай жарыста бөгет болды. Жеңісті жұлып алуға не жетпеді?
– Баку мен Алматыдағы әлем біріншілігінің финалында Ла Крузбен жолым түйісті. Екеуінде де есем кетті. Кейін құрамада өткен талқылау жиынында сол кездесуді бәріміз қайта қарадық. Мені тұрғызып қойып, жіберген қателігімді бойынша сұрады. Бірақ бапкерлер кеңесі бұл кездесуде ұпай саны бойынша «жеңіс сенде» деп атап өтті. Кейін кездесуде жіберген қателіктер үшін жұмыс істедік. Жалпы, кубалық боксшы екеуіміз рингте 4 рет кездесіппіз. Үшеуінде ол ұтса, тек біреуінде төрешілер шешімімен жеңіске жеттім.
– Ла Крузды Бакуде айқын ұттым деп отырсыз. Дегенмен, осы тұрғыда төрешілер тарапынан бұра тарту көп жағдайда әуесқой бокстың сәнің кетіргендей болады да тұрады...
– Біз кейде қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаймыз. Спортшы ретінде соған ішім ашиды. Неге мен жеңілмеген кездесуде жеңісті маған бермейді? Екінші жағынан, ел ішіндегі турнирде шетелдік боксшыны қонақ қылғандай қылып жеңісті соған беріп жібергендей әсер қалдырады. Мысалы, 2013 жылы Алматыдағы әлем біріншілігінде Ла Круздан гөрі мен көп ұпай алдым деп есептеймін. Ұтылып жатсам, әңгіме басқа! Спортта жүріп, осындай бұра тартулардан шаршадым. Құрамадағы әріптесім Иван Дычко осындай жайттардан кейін әуесқой бокстан біржола кетіп қалды.
– Бокстағы бұра тарту туралы айтайықшы. Жеңіп тұрып жеңілген сәттеріңіз туралы...
– Лондон Олимпиадасының финалында ресейлік Егор Мехонцевпен алтын үшін тартысты кездесу өткізгеніміз ел есінде шығар. Оған дейін Алматы, Галле турнирлерінде аз ғана ұпай айырмасымен есе жібергенім бар. Жекпе-жекке толық дайын болдым. Тіпті Мехонцевтің барлық әдіс-тәсілін жаттап алғанмын. Рингте қалағанымдай жұдырық жұмсап, соққыларым діттеген жерге тиіп жатты. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер 15:15 есебін көрсетті де, жеңісті орыс боксшысына беріп жіберді. Жеңіп тұрып жеңілудің салдары өте қиын. Бірақ марапаттау кезінде Мехонцев: «Әділбек, бұл бокс қой. Келесі Олимпиаданың алтының аларсың!» деп қол алысты.
2016 жылы Олимпиадаға азиялық іріктеу турнирі Қытайда өтті. 81 килода финалда бұрыннан бері келе жатқан қарсыласым өзбек Елшод Расулов екеуіміз қайта кездестік. Рингте өте бір-бірімізді аямастан ұрғыладық. Оның тізерлеп қалған сәттері болды. Алайда, соған қарамастан жеңіс маған берілмеді. Бұл спортшы үшін үлкен соққы.
– «Сүріндіруге» төрешілер неге мүдделі болды?
– Себебі, төрде Гафур Рахимов отырды. Расуловпен кездесуден соң Азия бокс федерациясының президенті Серік Қонақбаев оның ықпал еткенін айтты. Бірақ оны халыққа қалай түсіндіресің?!
– Кеше ғана сол Гафур Рахимов АИБА-ның президенті болып сайланды. Алда мұндай жағдайлар қазақ пен өзбек боксшылары арасында төрешілік жасауда қайталануы мүмкін бе?
– Әрине! Оған дәлел ретінде былтырғы Азия чемпионаты мен Азия ойындарын атауға болады. Біздің көптеген боксшыларымыз жақсы өнер көрсеткеніне қарамастан «ұтылып» жатты. Оған АИБА-ның қазіргі жаңа басшысының тікелей ықпалы бар. Мысалы, былтыр Ташкентте өткен Азия чемпионатында өзбектердің 10 салмақтан 9 алтын алу деген еш қисынға келмейді. Сөз жоқ, өзбек құрамасында мықты боксшылар баршылық, бірақ біздің құраманың жігіттері олардан асып түспесе кем емес.
– Сіз іріктеу сынында есе жіберген Расулов Риода оңбай ұтылды. Кейін ол ұтылған боксшы екеуіңіздің жолдарыңыз түйісті. Ұмытпасам, ағылшын боксшысы Джошуа Буатси...
– Олимпиада жеребесі тартылған кезде бапкерлер жартылай финалда Расулов пен Ниязымбетов кездеседі деп болжам жасады. Алайда Расулов оңбай ұтылған кезде, өзбек тарапы біздің бапкерлерге «аға, ағылшын Әділбекті оңдырмайды. Құлап қалмасын десеңдер шығармаңдар» дегенге саятын психологиялық тұрғыда қысым көрсеткен әңгіме айтып жүрді. Шыны керек, ағылшын боксшысы өте мықты. Соққылары мығым. Марат аға кездесу алдынан екі күн бұрын «Өзіңді жақсы сезініп тұрсың ба? Еш жерің ауырмай ма?» деп бәйек болды. Бас бапкерге де, жеке жаттықтырушы ма «Жеңемін, аға!» деп сенімді түрде айттым. Себебі, Риодан 3 ай бұрын Ирландияда Еуропа боксшыларымен біріккен оқу-жаттығу жиындарында болғанбыз. Джошуамен бес раунд еркін бокстастық. Әлеуеті сол кезде байқалды. Сөзсіз мықты. Соққысына түсіп қалсаң, Расуловтың күйін кешесің. Бірақ Расулов оны рингке менсінбей шықты да, нәтижесінде кездесу мерзімінен ерте аяқталды. 2016 жылы Олимпиаданың жартылай финалынан соң ағылшын боксшысы маған «сен мені бүгін оңдырмай алдадың» дегені бар.
– Қарсыласты менсінбей шығу деп айтып отырсыз. Өзіңіздің менсінбей шығып ұтылған кездеріңіз болды ма?
– Болды. Ұмытпасам 2013 жылы Иорданияда өткен Азия чемпионатының финалында өзбек боксшысы Ойбек Момозулиновты онша менсінбедім. Бұрын жарыстардан байқамаған соң ба, әлде сол уақыттары мен тоқырауда жүрген болармын. Нәтижесінде ұпай бойынша ұтылып, елге күміс медальмен оралдым. Бірақ әлем біріншілігінің жартылай финалында тастүйін дайын шығып, сыбағасын бердік (күлді).
– Кездесу алдында көңілдегі алаңды қалай жеңесіз? Мысалы, жеңілген жағдайда қалың жанкүйер спортшыларды «жерлеп» тастайтын жайттар жиі кездеседі...
– Жалпы, спортшыда қорқыныш деген атымен болмайды. Тек ішкі алаңдаушылықты жеңсек болғаны. Ішкі алаң деген не? Ол халықтың сенімін ақтай алам ба деген үміт. 2016 жылы Рио Олимпиадасында мен тұғырда тұрғанда не үшін жылады дейсіз? 2015 жылы өткен Ғалым Жарылғапов турниріндегі жеңілістен соң менің атыма түрлі әңгімелер айтылды. «Әділбектің мүмкіндігі жоқ, оның орнына Әли Ахмедовты апару керек. Оны ауыстыру қажет» деген сарындағы әңгіме психологиялық тұрғыда маған үлкен соққы болды. Соның алдында ғана мен әлем біріншілігінен жүлдесіз оралған-тынмын.
– 2014 жылы Азия ойындарына барар сәтте туды тапсырғанда қандай ойда болдыңыз?
– Әр жекпе-жек сайын халықтың сенімін ақтай алмаймын ба деген жауапкершіліктің жүгі иықта тұрғандай болды. Себебі, халық сенімін арқалау қиын. Бір жарыста жеңілсең, кеше ғана қолпаштап тұрған қалың жұрт сені көтеріп тұрып жерге тастай салғандай болады. Кінәлау, «неге басқа боксшы бармады?» деген табалауларды есту спортшыға жеңіл тимейді. Спортшы ретінде өзіне мықты болмасаң, керексіз күйде құрамадан тыс қаласың. Ал ту ұстап барудың жүгі тіпті ауыр.
- Рио Олимпиадасының финалы туралы әңгіме болғанда өзегіңізді өкініш өртейтін шығар. Уыста тұрған алтын екінші рет қарсыластың мойнында кетті...
– Риода жартылай финалдың алдында бапкерім «Осы жекпе-жекті ұтсаң, алтын қолымызда тұр» деп қадап айтты. Жартылай финалдан кейін шынымен Олимпиада алтынын алам ба деген ой санамда жаңғырып тұрды. Ла Крузбен финалға шыққан бапкерлердің айтқанын ұмытқан жоқпын. Оған қарсы толық дайындалдық. Тура бапкерлер айтқандай бокстастым. Мен Ла Крузды мойындаймын. Бір сөзбен айтқанда ол талантты спортшы. Асырып айтты демеңіз, 2020 жылы Ла Круз Токио Олимпиадасында сөзсіз жеңімпаз болады. Қазір әлемде 81 килода одан асып түсетін боксшы жоқ. Соңғы он бес жылда әлем біріншілігін 4 рет қатарынан ұтқан тек сол кубалық боксшы ғана.
– Ұлттық құрамада 81 килода лайықты боксшы ретінде кімдерді атауға болады?
– Қазір көбі шымкенттік Бек Нұрмағанбетовті атайды. Сол баладан үміт күтейік. Одан бөлек, былтырғы Азия чемпионатының финалисі Ерік Әлжановты ерекше атауға болады.
– Қазақ боксында шаршы алаңда барын бермей кеткен боксшылар ретінде кімдердің жолы қысқа болды? Бұл жерде өз мүмкіндігін толық пайдаланбай кеткен спортшылар туралы айтып отырмын.
– Беріректегі спортта өз ізін қалдырған Ердос Жаңабергенов, Мерей Ақшалов соңына дейін ашылмай кеткен спортшылар. Бұлар мүмкіндігі жоғары боксшы еді. Ердос 81 килода әлем және Азия чемпионы болды. 2005 жылы әлем кубогында қарсыластарын қоғадай жапырғаны әлі күнге көз алдымызда. Өкініштісі сол, оның жолын қарсыласы емес, денсаулығы кесті. Ал Мерей Ақшалов та үздік спортшы. Әлем, Азия біріншіліктерін ұтқанымен Олимпиада тұғырына шықпай жатып бокспен қоштасты. Ол қазақ боксшылары арасында Данияр Елеусіновті ұтқан жалғыз боксшы. Мерейден кейін 64 килода жасындай жарқылдаған боксшылардың болмай тұрғаны өкінішті.
– Алда бокстан ел чемпионаты тұңғыш рет Ақтау қаласында өткелі отыр. Қатысу ойда бар?
– 2018 жылмен менің бокстағы кәсіби жолым тәмәм деуге болады. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Солар мен алмаған асуды бағындырсын. Алдағы уақытта өңірде шағын футболды дамыту бойынша жұмыстар атқарғым келеді. Екінші жағынан 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмедік. Үнемі түзде жүрдім. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде «грыжа» пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасының кезінде қатты қинады. Соған қарамастан жаттығу жасай бердік. Үй іші 2012 жылы боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Биыл көктемде бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтының қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді.
– Алда 81 килода құрамаға лайықты боксшы табылмаса Токио шаршы алаңынан сізді көруіміз мүмкін бе?
– Ол жағын кім біледі? Күніміз саған қарап тұр десе, ел сенімінен аттап қайда барамын... Онда оралуым мүмкін. Жоқ дегенде жүлдегер атанатын әлеует әлі де бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жанкелді ҚАРЖАН,
журналист