Кеше елордада Бас прокуратура мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» атты форум өткізді.
Осымен үшінші рет өткізіліп отырған форумға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысты. Іс-шараның беташарында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Мемлекет басшысының бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалаудан қорғау жөніндегі тапсырмаларына орай қабылданып жатқан шаралар барысына тоқталды. Қ.Қожамжаров прокуратура тарапынан «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып негізгі бағыттар бойынша 200-ге жуық шара орындалғанын атап өтті.
Бас прокурордың айтуынша, кәсіпкерлерді заңсыз тексеру соңғы бірнеше жыл ішінде бір жарым есеге азайған. 2015 жылы тексерулер саны 1270-ке, 2016 жылы – 993-ке, 2017 жылы – 979-ға, биыл 10 айда 747-ге төмендепті.
Бизнеске заңсыз араласқысы келетіндердің жолын кесу үшін прокуратура органдары тексерудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске қосқан. Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай реестрі деп аталатын жүйе бақылау субъектісін адамдардың қатысуынсыз, дербес анықтайды екен.
– Қудалауды азайту, кәсіпкерлерді қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу мақсатында экономикалық қылмыстарды ізгілендірудің екі кезеңі жүргізілді. 23-бап бойынша қылмыстық жазалардың көлемі азайтылып, оған балама түрлер енгізілді, – дейді Бас прокурор.
Бизнес субъектілерін сотқа дейін қамауға алуға тыйым салу, келтірілген залалды өтеген жағдайда кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босату сынды жолдардың қарастырылғаны жақсы нәтиже бергені байқалды. Бұл өзгерістің арқасында экономикалық қылмыстарға қатысты тергеу-тексеру істерінің ауқымы 5 есеге азайғаны соны көрсетеді.
«Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев атап өткендей, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше басымдық береді. Бас прокуратурамен бірлесе отырып, соңғы жылдары еліміз бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсету жүйесін қолға алғаны осының белгісі.
«Атамекен» ҰКП Төралқасы төрағасының айтуынша, үш жыл бұрын кәсіпкерлердің үстінен 9 мыңға тарта қылмыстық іс қозғалса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 1800-ден сәл асқан. Яғни көрсеткіш 5 есеге дейін азайды деген сөз. Бұл 20 мыңнан астам кәсіпкердің өз ісін одан әрі жалғастыруына, жұмыс орындарының сақталуына жол ашты. Сол арқылы ел экономикасының дамуына оң ықпал жасалды деуге негіз бар.
Т.Құлыбаев атап өткендей, қазіргі таңда бақылаушы органдар кәсіпорындарды жазаламас бұрын, алдымен оларға жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ескерту жасайды. Бизнесмендер жіберілген кемшілікті жоймаған жағдайда ғана жауапқа тартылады.
– Әкімшілік заңнамаларды қайта қарауға келер болсақ, бизнеске қатысты баптардың 80 пайызына өзгерістер енгізілді, айыппұлдардың көлемі 30 пайызға төмендеді, салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуге болады, 50-бапқа ескерту жасау туралы өзгеріс енгізілді, – деп атап өтті ол.
Т.Құлыбаев форум барысында мемлекеттік бақылау жүйесінің сапасына тоқталып өтті.
– Бақылау заң бұзушыларға бағытталуға, ал адал бизнесті негізсіз тексерістерден босатуы тиіс, осындай тексеру жүйесін құру керек. Алты салада жүргізілген талдау нәтижесі кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, бірде-бір мемлекеттік орган тәуекелдерді басқару жүйесін толықтай қайта қарауға, дұрыс индикаторлар енгізуге тырыспайды. Осыған байланысты «Атамекен» барлық мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілген ортақ бизнес-реестр құруды ұсынады, – деді ол.
Форум қорытындысы бойынша жаңа Жол картасы бекітілді. Онда бәсекелестікті және мемлекеттік-жекешелік әріптестігін одан әрі дамытуға қатысты кешенді іс-шаралар, сондай-ақ экология, еңбек, жер, ветеринария салаларындағы құзырлы органдардың тексеріс талаптарын қайта қарастыру қамтылады деп күтілуде.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»