• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2018

Алғашқы маусымдағы сәтсіздік

415 рет
көрсетілді

Еуропа футбол қауымдастығы одағының (УЕФА) ұлттық құрамалар арасында футболды дамыту мақсатында құрған жаңа турнир Ұлттар лигасының алғашқы кезеңі аяқталды. Үш айға созылған турнирде 55 құрама 138 ойын өткізіп, 333 гол соқты. Бұл – орта есеппен әр ойында 2,41 гол соғылды деген сөз.

Ұлттар лигасын құру идея­сы қолға алынғанда бірқатар отандық футбол мамандары бұл Қазақстан құрамасы үшін Еуропа чемпионатында өнер көрсетуіне тамаша мүмкіндік деп бағалаған болатын. Тіпті «Астана» командасымен Еуропаны дүр сілкіндірген бапкер Станимир Стойлов жыл басында ұлттық құрама тізгінін ұстағанда жанкүйерлер мен мамандардың жеңіске деген сенімі арта түсті. Алайда Ұлттар лигасының алғашқы маусымы Қазақстан үшін сәтті бола қойған жоқ. Жаңа турнирдің шымылдық ашар кездесуін жеңіліспен бас­таған футболшыларымыз соңғы ойынын да жеңіліспен аяқтады. 

«D» лигасындағы бірінші топта Грузия, Андорра және Латвия құрамаларымен сынға түскен Қазақстан құрмасы 6 ойында 6 ұпай жинап, топты екінші орынмен аяқтады. Алғашқы кездесуді «Астана Арена» стадионында Грузия құрамасына қарсы өт­кізген біздің футболшылар 0:2 есебімен есе жіберсе, сырт алаң­да Андорра құрамасымен тең түс­ті. Топтағы үшінші кездесуді Лат­вияға қарсы өткізіп, тағы да 1:1 есебімен тең түстік. Төртінші тур­да Андорра құрамасын қабыл­даған қазақстандық футболшылар қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соғып, жанкүйерлердің көңіл күйін көтеріп тастады. Бір қызығы, Қазақстан құрамасының ресми ойында жеңіске жетпегеніне үш жыл болған екен. Соңғы рет құрама 2015 жылы Еуро-2016 додасының іріктеу аясында сыртта Латвияны ұтқан. Сол кезде Исламбек Қуаттың жалғыз голының арқасында үш ұпай еншілеген едік. Ұлттар лигасының бесінші турында өз алаңымызда Латвиямен тең ойнасақ (1:1), соңғы турда сырт алаңда Грузиядан 2:1 есебімен есе жібердік. 

Жалпы, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алты ойында қарсыластар қақпасына 8 гол соғып, өз қақпасына 7 гол өткізіп алды. 8 голдың үшеуін қорғаушылар салса, бесеуін шабуылшылар соқты. Турнирде 11 футболшымыз сары қағазбен жа­заланып, бір ойыншымыз (Се­рікжан Мұжықов) қызыл қа­ғаз алды. Осылайша Қазақстан құ­ра­масы Ұлттар лигасындағы ал­ғаш­қы мау­сымын екінші орынмен аяқтады.

Қазақ футболындағы күрмеуі шешілмей келе жатқан негізгі мәселенің бірі шабуылшылар деп айтқанымызбен, қақпашы мәселесі одан да күрделі болып тұрған секілді. Өйткені қазіргі құраманың өзінде өзге елде туған екі қақпашы жүр. Ұлттар лигасы басталғалы қақпаны Сербиядан келген Ненад Эрич күзетіп жүрсе, Грузиямен ойында украиналық  «қазақ» Дмитро Непогодов шық­ты. Осылайша өзге елден келіп, Қазақстан намысын қор­ға­ған қақпашылардың саны сегіз­ге жетті. Бұған дейін өзбек фут­болының түлегі Владимир Цирин мен Жасур Нарзикулов, Түрік­менстаннан келген Виталий Ка­фанов, ресейлік Андрей Морев пен Андрей Сидельников, украи­налық Роман Нестеренко Қазақ­стан құрамасының қақ­пасында тұрған болатын. Оған Эрич пен Непогодов қосылып отыр. Осылардың арасында ең көп ойын өткізген – Сидельников. Ол 29 матчқа қатысқан. Одан ке­йінгі тізімде Эрич (8), Кафанов (6), Нар­зикулов (3), Морев (2), Нес­теренко (2). Цирин (1), Непо­годов (1) тұр.

Ұлттар лигасының өзге то­бын­дағы жағдайға аз-кем тоқта­лып өтсек. Германия құрамасы үшін биыл өте сәтсіз маусым болады. Ресейде өткен әлем чемпионатында топтық кезеңнен шыға алмаса, Ұлттар лигасында «А» лигасында сынға түскен Германия бір саты төмен сырғып, «В» лигасына түсіп қалды. Төрт ойынның екеуінде тең түсіп, екі ойында жеңілді. Сонымен қатар Германиядан бөлек «А» лигасынан «В» лигасына Исландия, Польша және Хорватия түсіп қалса, олардың орнын Украина, Швеция, Босния және Герцеговина мен Дания құрамалары толықтырды. 

«В» лигасында соңғы орын­ды иеленген Словакия, Түр­кия, Солтүстік Ирландия мен Ир­ландия «С» лигасына ауысса, Шотландия, Финляндия, Норвегия және Сербия құрамалары «В» лигасына көтерілді. «С» лигасындағы Эстония, Кипр, Словения және Литва «D» лигасына көшсе, олардың орнын «D» лигасының үздіктері Грузия, Беларусь, Косово және Македония толықтырды.

Кеше Ұлттар лигасы тур­ни­рінің қорытындысы бойынша УЕФА 2020 жылы өтетін Еуропа чем­пионатының ірік­теу кезең­ін­де ойнайтын құрама­лар­ды әртүрі се­беттерге бөліп тастады. Іріктеу бо­йынша, Қазақстан­ның футбол­шылары 2020 жы­лы өтетін кәр­і құрлық чемпионатының ірік­теу турнирінде бесінші себетке түсті. Бұл себетте бізден бө­лек, Македония, Косово, Бела­русь, Люксембург, Армения, Әзер­бай­жан, Молдова, Гибралтар және Фарер аралдары бар. 

Ал өзге себеттерде мына ел­­дер­­дің ұлттық құрама командалары бар: 

1 себет – Швейцария, Пор­ту­галия, Голландия, Англия, Бель­­гия, Франция, Испания, Ита­лия, Хорватия және Поль­ша. 

2 себет – Германия, Ислан­дия, Босния және Герцеговина, Ук­­раи­на, Дания, Швеция, Ре­сей, Аустрия, Уэльс және Че­хия. 

3 себет – Словакия, Түркия, Ир­ландия, Солтүстік Ирландия, Шотландия, Норвегия, Сербия, Фин­ляндия, Болгария және Из­раиль.

4 себет – Венгрия, Румыния, Гре­кия, Албания, Черногория, Кипр, Эстония, Словения, Лит­ва және Грузия. 

6 себет – Латвия, Лихтенш­тейн, Андорра, Мальта және Сан-Марино. 

2020 жылы өте­тін Еуропа чем­пионаты ірік­теу тур­нирі­нің жеребесі 2 желтоқ­санда Ир­лан­дияның астанасы – Дуб­лин қаласында тартылады. Ал жарыстың өзі келесі жылдың нау­рыз айында басталады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»