Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықтың, қоғамның санасын селт еткізетін, елдің, ұлттың, мемлекеттің тарихына тағы бір терең үңілуге түрткі болатын құнды дүние – «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы жарық көрді. Мақаланы жаңа деп тек шыққан уақытына байланысты айтуымыз шарт, себебі онда айтылған терең философиялық-дүниетанымдық ойлар Елбасының үнемі қоғам назарына бағыттап жүрген мақалаларының, идеяларының жалғасы іспетті.
Осы орайда, былтырғы жылдан жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да айтқанымыз абзал. Аталған бағдарлама аясындағы әрбір ірі жобаның нәтижесі халықтың санасына түрткі болып, оның ішкі дүниесін байытуға, өмір көкжиегін кеңейтуге бағытталды. Әйтсе де, кейбір тұстарын, мысалы ел тарихына байланысты, ата-бабамыздың өткен жолын, қасиетті мекендерін, туған жерін дәріптеудегі ерекшеліктерге қатысты нақтылаудың қажеттілігі бір жарым жыл ішіндегі нәтижелерден туындап отыр.
Біз, Қазақстанның әрбір азаматы қоғамның саналы мүшесі ретінде қалыптасқан мемлекетіміздің тарихына қайта үңілу, оны ғаламдық тарихи процестермен байланыстыра отырып түйсіну арқылы өз тарихымызға оң көзқарас қалыптастыруға Елбасы мақаласы арқылы бағыт аламыз. Ол тарих Қазақстанда ұзақ жылдар мекендеп, оның өркендеуіне жеке үлестерін қосып келе жатқан барлық этностардың жалпы ортақ тарихы ретінде қабылданып, бұрмалаусыз, ақтаңдақ тұстары жасырусыз ашық талқыланып, жарияланып, талданып, зерттеліп, зерделеніп жатуы қажет. Олай дейтін себебіміз, Қазақстан тарихында түрлі қайғылы оқиғалар, соғыстар мен текетірестер, әлеуметтік қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер болды.
Тарихты тек адамзат қоғамының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым ретінде қарастырып, нақты фактілерге сүйене отырып, сол тұрғыда басқа халықтардың мүддесіне нұқсан келтірмей қалыптастырған жағдайда, біз өзіміздің өркениеттілігімізді әлемдік қоғамдастыққа көрсете білеміз. Тарих ғылымының мақсаты – халыққа өткенін жеткізе отырып, рухани дүниесі мен құндылықтар жүйесін қалыптастыру екенін ескерсек, «тарихсыз ұлт жоқ» деген нақыл сөздің растығын түсінеміз. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады, рухани жаңғыру үдерістері жетілдіріле түседі, келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болады.
Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихи тұрғыдағы жеті қыры көрсетілген, олар – Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны. Осы аталған жеті қырымыз шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салғанын көрсету фактілері. Ендігі кезекте оларды дәріптеу, оған халықтың сенімі мен қызығушылығын ояту тарихқа жаңаша үңілуге үлкен түрткі болары сөзсіз.
Мысалы, Алатаудың баурайы алма ағашы мен қызғалдақ гүлінің «тарихи отаны» болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы жерден бүкіл әлемге таралған өсімдіктер бастау алған. Ұлы Жібек жолы арқылы Алатаудан Қазақстан территориясы арқылы Жерорта теңізіне, одан әрі мұхит арқылы біздің қазіргі білетін алма ағашының атасы жер жүзіне таралды. Алма ағашына құрмет ретінде, оның елді мекен тарихындағы алар орнына байланысты тәуелсіздігіміздің бесігі болған Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласының атауы қалыптасқан.
Осы сияқты жоғарыда аталған әрбір Ұлы даланың тарихи қырлары туралы нақты мысалдарды, фактілерді табуға болады. Дегенмен бұл үрдісті әсіре мифтендіруден, жаңсақ пікірлерден, сол арқылы ел тарихын, ұлт тарихын негізсіз аса жоғары бағалаудан ада болғанымыз дұрыс.
Айта кетерлігі түрлі келеңсіз жағдайлардың, тарихи бұрмалаушылықтың алдын алу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз мақаласында тарихқа сүйене отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың жолдарын да ұсынып отыр. Атап айтсақ, «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын, «Ұлы даланың Ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін, «Дала фольклорының антологиясын», тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісін жасау туралы халыққа пайдалы, үлкен қызығушылық тудыратын ауқымды жобалар ұсынылған.
Бұл жобалардың барлығы осыған дейін жүзеге асырылған гуманитарлық бағыттағы «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында» сияқты ірі бағдарламалар мен жобалардың жинақталған базасын толықтырып, оларды заманауи форматта, яғни цифрландыру арқылы халыққа жеткізген жағдайда, әрі қарай жаңа технологиялар мен ғылыми әдіснамаларды пайдаланған жағдайда берері мол, іс жүзіндегі игілікті іс боларына сенім білдіреміз. Елбасы мақаласында айтылғандай, «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».
Қазіргі жастар жаңаша білім алып, алдыңғы қатарлы әлемдік оқулықтармен білімін тереңдетіп, заманауи трендтермен ұштасқан ұлттық мәдениетпен сусындап өсіп келеді. Сол ұрпақты, яғни қазіргі заманның жаңа сападағы азаматтарының цифрлық кеңістікте, түрлі заманауи игіліктерді пайдалануда өзіндік адами қасиеттерін, құндылықтарын жоғалтпауы үшін өз елінің, ұлтының тарихымен мақтаныш сезімін тудыру, оның кешегі өткен жолын жалпы әлемдік даму үдерістерімен сабақтастыра отырып тәрбиелеуіміз − үлкен міндет, жоғары жауапкершілік.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы, PhD докторы