Кеше Алматыда қазақстандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған ХІ Media-құрылтай мәреге жетті. Ақпарат айдынындағы әріптестерімізді тоғыстырған кезекті құрылтайдың артықшылығы – медиа-нарықтың ортақ жағдайы, яғни қазақтілді, яки орыстілді аудиторияның көңіліне қарамай, бүкпесіз ақтарылғандығы болды. Өйткені нарық – біреу, көрермен – ортақ, оқырман – жалғыз.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, құрылтайға тек редакторлар мен қазақстандық басылымдардың қожайындары, сарапшылар, саясаттанушылар ғана жиналмайды. Отандық медиа-нарықтың тамырын басып, қайда бағыт алып бара жатқанын бақылап отыру үшін құны жоғары жарнама таратуға әлеуетті трансұлттық компаниялардың PR-менеджерлері де әңгіме ауанына құлақ түріп отырады.
Биылғы медиа-құрылтайдың басты отырысы «Қазақстанның медиа нарығы: жыл сайынғы тексеру және диагностика» тақырыбына арналды. Мінберге шақырылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі Бекзат Рахымов, Медиа альянс басқармасының төрағасы Арманжан Байтасов, Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова сынды спикерлер еліміздің жалпы әлеуметтік-экономикалық өмірін алақанға тосқан медиа-нарықта бүгінгі болып жатқан өзгерістерді талқылауға тамызық тастады.
Құрылтайдың «Цифрлық дәуірдегі бұқаралық медиа: өлше де, үстем бол» тақырыбын төрге шығаруы да кездейсоқтық емес. Жаппай цифрлы технологияларға ауысып отырған заманда медиа тиімділігін дәл әрі нақты өлшеу БАҚ-тың бизнес-стратегиясына тікелей әсер етеді. Өлшеу мәселесі Media-құрылтай аясында тұрақты түрде көтеріліп отыратын тақырып ретінде кәсіби ортаның үлкен қызығушылығын тудырып қана қоймай, нарық ойыншыларына бүкіл салаға әсер ететін бірлескен шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Интернет деген терең құдықтың заманында теледидарды кім көреді? Дәстүрлі БАҚ арқылы тараған ақпараттарға кім түгел сенеді, деген статистикалар төңірегінде өрбіген панельдік отырыстар өткір пікірталастарға мұрындық болды. Өйткені бұл жерде әрбір медиа-ресурстың өз мүддесі бар. 2013 жылдан бері отандық телеарналардың рейтингі өсіп келе жатқанына қарамастан, спутниктік телеарналардың арқасында отандастарымыздың 77 пайызының шетелдік арналарды қарауға мүмкіндігі бар. Оған қоса digital дәуірінде жұртты өзіне бұрып әкетіп жатқан әлеуметтік желілер мен басқа да ақпарат көздері жеткілікті. Сондықтан да аудитория назарын бұру дәстүрлі БАҚ үшін бұрынғыдан да өзекті бола түскені ақиқат.
Сонымен рейтинг жасауда бірден бір монополист өлшегіш құралы болып отырған TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцеваның мәлімдеуінше, қазақстандықтардың 61 пайызы күн сайын, 90 пайызы ай сайын тұрақты түрде теледидар тамашалайтын көрінеді. 2013 жылдан бері Қазақстан бойынша телевизия өз аудиториясының 14 пайызын жоғалтқан. Бұл – өткен жылдың қорытындысы. Алайда құрылтайда TNS Central Asia жасап отырған рейтингке күмән келтіретіндер табылды.
Өйткені бұл өлшемдерді жасауда қандай телебағдарламалар таңдалады? Осы сауал жүргізілетін ортаны кімдер құрайды? Үйде отырған 2-3 мың респондент бүкіл қазақстандық медиа-нарыққа ықпал етуге және БАҚ-тың қаржылық жағдайына араласуға қаншалықты құзырлы, деген сауалдардың қойылуы заңдылық.
Осы тұрғыдан келгенде «Алаш медиа тобы» ЖШС бас директоры Батыр Қазыбаев, саясаттанушы Айдос Сарым, «Atameken Business Channel» ЖШС бас директоры Қанат Сахарияновтардың келтірген уәждері өте нанымды болды.
Сондықтан да отандық медиа-нарықта қазақ тілді-орыстілді болып бөліне бермей, нағыз жағдайды сараптайтын баламалы бірнеше өлшегіш құралы қажет. Біржақты, ала-құла жасалынатын рейтинг мемлекеттік тілдегі БАҚ-тың несібесіне қиянат жасап отырғанын жоққа шығарудың қажеті жоқ. Мәселен, Қазақстан нарығына келген компаниялар TNS Central Asia жасаған рейтингке арқа сүйейді.
Қалай десек те, Media-құрылтай қазақ тіліндегі БАҚ-ты дамыту мәселесінен ешқашан аттап өткен емес. Бұл жерде өз нәпақасынан көпе- көрнеу айырыла бермеу үшін мемлекеттік тілдегі медиа-құралдарының өзіне де етітірілік жетпей жататынын қынжыла баяндауға тура келеді. Себебі – біреу. Мемлекет қазақ тілді БАҚ-ты дамытуға елеулі қаржы салып отырғанына қарамастан, ол әлі де болса нарықтың талабына сай қадам баса алмай отыр, контентті монетизациялау жағы өте бәсең жүріп жатыр. Бірқатары медиа бизнес ретінде жұмыс жасап отырған жоқ, жарнамаға бөлінетін уақыт пен алаңды сату жағынан маркетингтік стратегиясы жоқ.
Мәселен, Media-құрылтайдың түстен кейінгі басты жиыны да «Мемлекеттік тілдегі БАҚ: нақтылық пен келешек» тақырыбына текке ойысқан жоқ.
– Бұрынғысынша өткір пікірталастар мен ұсыныстар аясында біз медиа-нарықтың ең өзекті деген мәселелеріне басты көңіл бөліп отырмыз, – дейді Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова. – Өткен жылдар ішінде Media-Құрылтай ақпарат айдынындағы ең елеулі оқиғалардың біріне айналып үлгерді. Біздің міндетіміз – ақиқатында медиа нарықта бар мәселелердің бетін ашып, шешімдер тауып, келісімге келу, медиа саласының ашықтығы мен кәсіби деңгейін көтеру.
Сонымен қатар құрылтайда БАҚ жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуге арналған дүниежүзі мойындаған технология – Chartbeat сервисін Қазақстанда іске қосу аясында шеберлік сабағы өтті. Нью-Йорктен келген Chartbeat командасы қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге арналған жүйенің мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түрде көрсетіп, халықаралық басылымдардың табысты кейстерімен таныстырды.
Қатарлас жүргізілген шеберлік дәрісінде Factcheck.kz командасы фактчекингке қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Яғни, медиа-мамандар жалған аккаунттар мен фотосуреттерді тануға арналған жаңа құралдарды, ашық деректермен жұмыс істеу технологияларын ұсынды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ