• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2018

Бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған

485 рет
көрсетілді

«Нұрлы жол» темір жол вокзалын салу барысында 50 млн теңге негізсіз жұмсалғаны анықталып отыр. Бөлінген қаражатқа жоғары деңгейде атқарылуы тиіс жұмыстар сапасыз орындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылмаған. Бұл туралы Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников айтты.

 

ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына орай қызмет көрсете бастауы тиіс болған Астанадағы жаңа темір жол вокзалының бастапқы құны 210,3 млрд теңге болатын. Құрылыс барысында бұл 243,6 млрд теңгеге дейін артты. Пайдалануға құрылыс-монтаждау жұмысының, құрал-жабдықтар мен құрал-сайманның тек 36,3 пайызы ғана берілген. Бұған қоса, 50,7 млн теңгенің жұмыстары сапасыз орындалып, құрал-жабдықтар орнатылмаған», деді К.Плотников. Сонымен қатар темір жол вокзалының мүгедектерге арналған ақпараттық-дабыл құрылғысына 11,1 млн теңге бөлінгенімен, ол құрылғылар жұмыс істемейтін болып шықты. Қысқы зал құрылысына арналған 22,1 млн теңгенің де тиімсіз пайдаланылғаны анықталып отыр. «Сұйытылған ауа және азот өндірісін орнату жөніндегі жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінген. Бірақ бұл сома  пайдаланылмаған. 2015 жылдан бері бюджетке қайтарылмайтын болғандықтан, 18 млрд теңгеден астам қаражат бақылау есеп шотында жатыр», деді К.Плотников. 

Айта кетерлігі, Есеп комитеті Ұлттық эко­но­мика министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жос­пары мен көрсетілетін қызметтер сала­сын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағ­дар­­ламасына бөлінген қаражатқа аудит жүр­гіз­ді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар заң бұ­зушылықтар анықталды: қызметтер көрсе­ту саласындағы зерттеулердің сапалы орын­далмауы және құрылыс қызметі туралы заң­наманың сақталмауы бойынша 963,5 млн теңгені құрайтын қаржылық заң бұзушы­лық­тар анықталып отыр. Сонымен қатар сомасы 208 551 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ сомасы 6 162 млн теңгеге бюджеттік өтінімдерді сапасыз жасау фактілері анықталған. Есеп комитеті жүргізген тексеріс кезінде ірі төрт жобадан шикілік шыққандығы белгілі болды. Олар – «Нұрлы жол» вокзалы, Жезқазған – Бейнеу темір жол желісі, Құрық портындағы паром кешені және Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі». 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»