Елімізде заңсыз айналымдағы атыс қаруы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар азайған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде тұрғындардан суық қаруды ерікті түрде қайтару жөніндегі биылғы іс-шараның аяқталуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов мәлімдеді.
Аталған іс-шаралардың мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Биыл аталған акция 10 сәуірден басталып, халықтың қолындағы қаруларды сатып алу үшін республикалық бюджеттен 125,4 млн теңге бөлінген.
– Акция шеңберінде ел азаматтары 2454 бірлік атыс қаруын, 35 мың дана ойық ұңғылы қарудың патрондарын тапсырды, – деді М.Байболов.
ІІМ-нің деректеріне қарағанда, мұндай акция 2008 жылдан бастап өткізіле бастаған. Барлық акциялардың нәтижелері бойынша халық тарапынан ақшалай сыйақыға ерікті түрде 47 мыңнан астам атыс қаруы және 1 миллионнан астам ойық ұңғылы қарудың патрондары тапсырылған. Бұл мақсаттарға бөлінген қазынаның жалпы сомасы 1,5 млрд теңге қаражатына ел ішінен қару-жарақ сатып алынған.
М.Байболов соңғы он жылдағы арнайы акциялардың нәтижесінде заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың анағұрлым азайғандығын айтып отыр. Төмендеген көрсеткіш – 5,5 есеге жетеғабыл.
ІІМ өкілінің айтуына қарағанда, тұрғындардың қолындағы заңсыз заттардың азаюына түсіндіру жұмыстарының ауқымы кеңейгендігі және қаруды өз еркімен тапсырушылардың әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктерден босатылатындығы себеп болған.
– Бұл ІІМ қолға алған жалғыз іс-шара емес. Жыл сайын тұрақты түрде «Қару», «Құқық тәртібі», «Браконьер» жедел-алдын алу шараларының нәтижесінде де заңсыз сақталған қарулар тәркіленіп келеді. Осы уақытқа дейін соңғы аталған іс-шаралар нәтижесінде заңсыз сақталған 2 мыңдай қару анықталып, алынды. Жалпы, сегіз жыл ішінде заңсыз айналымнан 60 мыңнан астам қару алынған болса, оның 47 мыңдайын халық өз еріктерімен тапсырды, – дейді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
ІІМ соңғы жылдары атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың да азайғандығын тілге тиек етті. Мәселен, соңғы бес жылда мұндай қылмыстар екі есеге азайған.
Ал тұрғындардан суық қаруды ерікті түрде қайтару акциясы алдағы үш жылда да жалғасын таппақ. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 309 млн теңге қарастырылған.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»