• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 27 Қараша, 2018

Сейілбек Мұсатаев: Барын бағалай білгеннің бағы баянды

1004 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-философиялық мәні мен мазмұны терең, әр тармағы ұлттық идеяға айналуға дайын тұрған  жаңа тұжырымдамалық мақа­ласы халқымыздың рухын аспандатып, жігерін тасытты. Елбасымыздың салиқалы ой толғауы исі қазақтың ғана жүрегін тебірентіп қоймай, түбі бір түркі тілдес халықтардың да мерейін өсіріп, тарихи әділеттілікті қайта қалпына келтіргендей болды.

Ресей империясы кезінде болсын, кеңестік тоталитарлы дәуірде болсын шовинистік пиғылдағы оқымыстылар қазақтарды «мәдениеттен жұрдай, бұра­тана халық» деп көрсетуі ақылға сый­майтын арамза тұжырым еді. Сол ар­қылы қазақ ұлтын өткен тарихынан айнытып, ұлттық мәдениетінен жері­тіп, орыстық һәм батыстық үлгідегі мәде­ниетке бас идіру жүзеге асты. Осы­лайша қазақ ұлты жан-дүниесінің қалай азып-тозғанын, ұлттық рухы мен ар-намысының қожырағанын білмей қалды.

Ал шын мәнісінде қазақ ұлтының тарихи тамыры терең, мәдениеті бай екенін ежелгі дереккөздер мен бүгін­гі археологиялық зерттеулер жан-жақты дәлелдеуде. Қазақтардың қоғам­дық құры­лысы мен өмір-салты да дербес болған. Көшпелі дала мәде­ниеті­нің бас­ты ерекшелігі – оның табиғат­пен үй­лесімде өмір сүруі. Ата-баба­лары­­мыз гео­графиялық және кли­мат­тық ерек­шеліктерге бейімделе оты­рып, тұрмыс-тіршілігін жасап, шаруа­шылығын жүр­гізген. Осылайша әлемдік тарих пен адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған.

Мақалада аталған қырлардың бар­лы­ғы қазақтың бай тарихи мұрасы мен ұлттық мәдениетінің ажырамас құн­дылықтары, қазақы болмыстың сыр-сипаты. «Ұлы даланың жеті қыры» – әр­бір қазақтың бойында ұлттық мақ­таныш пен ұлттық намысты, ұлт­жан­дылық пен отансүйгіштікті дамытатын деректер мен дәйектерге толы.  

Өз заманында Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қандай маңызды рөл атқар­са, бүгінгі Қазақстан шынайылығын­да Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тұжырымдаған «Ұлы даланың жеті қыры» да сондай идеологиялық маңызы өте терең саяси құжат. Қазіргі жаһандану мен батыстық құндылықтарға жаппай еліктеу кезеңіндегі асқынып бара жатқан қоғамдық «кеселдердің» бетін қайта­рып, ұлттық мемлекет ретінде дамудың көкей­кесті мәселелерін шешуге септігін тигізетін кешенді саяси бағдарлама. Өйткені қазіргі кезде ұлттық мəдени құндылықтарымыз батыстық бұқаралық мəдениеттің экспансиясына төтеп бере алмай, бүкіл қоғам вестернизацияның жетегінде кетті. Ұлттық ою-өрнектер­мен әшекейленген, алтынмен апталып, күміс­пен күптелген, былғары мен жүннен өріл­ген бұйымдарды мұра­жай­лар мен сувенир сататын дүкен­дерден көретін болдық.

Көп қазақ бүгінде көкпар тартпақ түгілі, атқа қалай мінуді де ұмытқан. Жас­тарымыз ақыл-ойды, ептілік пен күш-қай­ратты қажетсінетін тоғыз­құма­лақ, асық, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сияқты көптеген қазақы ұлт­тық ойындардың бар екенін біл­мей, компьютерлік виртуалды ойындар әлемінде жүр. Бұқаралық мəдениет жас ұр­пақты жастайынан баурап, жас бала­лары­мыздың белі бесіктен шықпай жатып, сана-сезімін жаулап жатыр. Ұлт­тық ертегілер мен «Батырлар жырын» диснейлік мультфильмдер алмас­тырды. Басқасын айтпағанда, бұ­қаралық мəде­ниет бұл мақсатқа мультфильм кейіп­кер­лері арқылы-ақ жетуде: бүгінгі қазақ­тың қара домалақ баласы Алпамыс, Ер Төстік, Алдар Көсе, Қожанасыр, Таз­ша баланы немесе Батырлар жыры­ның кейіпкерлерін білмеуі мүмкін, ал Спанч Боб, Гарри Поттер, Бэтмен, Супер­мен, Өрмекші адам сияқты толып жат­қан ба­тыстық бұқаралық мəдениет туын­дат­қан тексіз кейіпкерлерді жазбай таниды.

Сол сияқты жасөспірімдерді, жас­тарды, ересектерді, тіпті қарияларды да табындырып, еліктіретін батыстық құндылықтар жетерлік. Киім кию үлгісі, сəн-салтанат, тамақ ішу, қысқасы, күн­делікті өмір-салтымыз тұтастай батыс­тық сарынға көшкен. Яғни, ұлт­тық кодты сақтау мен ұлттық құндылықтарды жаңғырту бүгінгі таңдағы өзекті мәсе­лелер болып отыр.

Бұл тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энци­клопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет деп қоғам алдына үлкен міндет қойып отыр. Осы жерде ескеретін мәселелер де баршылық. Кезінде «Көш­пенді­лер» фильмін түсіргенде жіберілген қателіктер ескеріліп, жаңа фильмдердің сценарийін қазақы болмыс­қа сай жазып, қаржы-қаражатты шашып-төгіп, атақты шетел актерлеріне жүгіре бермей, кино түсіруге өзіміздің талантты жас­тарымызды тарту қажет. Сонымен қатар балаларға арналған әсерлі де мәнді тарихи анимациялық, мультипликациялық фильмдер түсіруді де қолға алғаны­мыз жөн. Балаларға ар­нал­ған «Балапан» ұлттық арнасы қазір көбі­не­се шетелдік мульфильмдерді қазақ­шаға аударып көрсетуге мәжбүр. Өйткені отан­дық анимация мен мультфильм түсіру сала­сы дұрыс дамымай тұр.

Елбасы өзінің жаңа еңбегінде Қазақ­стан­ды күллі түркі халықтарының қа­сиетті «Қара шаңырағы» деп атап көр­сетті. Мұны жалпы мойындалған, еш­бір дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деуі­мізге болады. Тіл ғылымының өкіл­дері де қазақ тіліне – түркі тілдес халық­тардың ішіндегі ең көркем, ең әуезді, тіл­дік қоры бай, қаймағы бұзыл­май сақ­тал­ған тіл деп баға береді. Осыған бай­ла­нысты  Қазақстан Президенті «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі за­ман­ға дейін» атты жобаны қолға алуы­мыз қажет деген тың бастама жасап, осы жоба аясында 2019 жылы Астанада Түр­к­о­логтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозиция­ларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйым­дастыруды, сондай-ақ Түркі халық­тары­на ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсы­нып отыр. Мұның барлығы түркі тілдес туыс­қан халықтардың бірлігін нығайта түсетін халықаралық маңызы зор іс-шаралар болмақ.

Кезінде ақиық ақынымыз Ж.Мол­дағалиев «Тарихи бар ел ғана тарих жасай алады» деген еді. Елбасымыз көре­ген саясаткер ретінде ұлттық тарихы­мызды түгендеумен үздіксіз айналысып келеді. «Тарих толқынында», «Ғасыр­лар тоғысында» еңбектерін жазып, «Мәде­ни мұра» мемлекеттік бағдар­лама­сына арқау болып, «Халық тарих тол­қынында» жобасын, «Мәңгілік Ел» жал­пы­ұлттық идеясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тұжырымдап ұсынып, бүкіл ел болып жүзеге асыруға мұрындық болды. Бұл жолы да «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласында Елба­сы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін­гі кезеңді қамтитын барлық отан­дық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеу­лі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдар­лама­сын жасауымыз қажет деп жауапты міндет қойып отыр. 

Мұрағат – ұлтымыздың жады, ұрпақ­тан ұрпаққа берілетін, қатталған тарихы, жазылған хаты. Бірақ ұлттық тари­хымызға қатысты көптеген деректер шетелдердің мұрағаттарында сақтаулы. Олардың барлығын жинақтау өте өзекті мәселе. ХХІ ғасыр – цифрлы ақпараттық қоғам дәуірі, қағаздың заманы өтіп бара жатыр. Ендігі болашақ цифрлы дерек көздерде, қазіргі заман – Биг дата­ның, яғни, цифрлы форматтағы аса ірі дерек көздердің заманы. Жаһандану заманының талабы осы екен деп ұлттық құндылықтарымызды глобализация мен вестернизацияның құндылықтарына айыр­бастап, бұқаралық мəдениетке мас болып, əлемдік өркениеттен қалмай дамимыз деп жүргенде, өзіміздің кім екенімізді, өткен тарихымыз бен ұлттық салт-дəстүрімізді ұмытып, тілімізден айрылып, діліміз бен дінімізден ада­сып, дүбəра күйге түскенімізді байқа­май да қалуымыз мүмкін. Сол үшін мұ­ра­ға­тымызға, архивтегі тарихымызға ұқыппен қарап, цифрлы форматқа айналдырып сақтауымыз қажет.

Сонымен қатар Елбасы «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі мен «Ұлы даланың ұлы өрке­ниеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жобаларын ұсынып отыр. Жоғарыда аталған жобаларды Президентіміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарас­­тыру қажет деп атап көрсетті. 

Көріп отырғанымыздай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қисынды жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің дамуындағы жаңа кезеңді бастап бермек. Ендігі мәселе осы қойылған мақсат-міндеттерді іске асыруға қоғам болып атсалысу. «Бар қазақ – бір қазақ» деп күш қосуы керек. Қазақстан Президенті талап ет­кен­дей, «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лесуі керек». Жалған діни ағымдарға ілеспей, ата-баба жолын ұстануы шарт. Ұлтымыз жүз бен руға жіктелмей, тілі шұбарланбай, ұлт­­­тық мақтанышпен, ар-намыспен бірі­­гуі қажет. Бүгінгідей жаһандану мен ба­тыс­­тық сарындағы арзанқол бұқара­лық мәд­е­­ниетке еліктеу заманында «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» мақаласында тұжы­рым­­­далған асыл мұраларымызды жас ұр­пақ­­қа жеткізу, түсіндіру мен насихаттау жұ­мыс­тары күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Кез келген қоғам көшбасшысыз болмайтыны сияқты, ұлттық мемлекеттің халқын мемлекет құраушы көшбасшы – ұлт­сыз көзге елестету мүмкін емес. Он­дай деңгейге жетуі үшін мемлекет құ­рау­шы ұлттың саны мен сапасы, яғни əл-ауқаты, тұрмыс жағдайы, таби­ғи өсімі, интеллектуалдық əлеуеті, құн­ды­­лық­­тар жүйесі мықты болуы шарт. «Сан­ан­ы тұрмыс билейді» деген сөздің ай­т­ы­луы тегін емес. Орта дəулетті өмір сүре­тін адамдардың саны артқан сайын қо­­ғам­дық құндылықтардың жүйесі де са­палы бола түспек. Қазақтардың бо­йын­да «Мен ата-бабаларым аманат етіп, мұраға қалдырған ел мен жердің иесі­мін, ұлттық салт-дəстүр мен сана-сезім­ді келешек ұрпаққа жеткізушімін» де­ген сезім мен құндылықтар жүйесін бе­­рік қалыптастыру қажет. Бұған жалаң ұран­мен, бос кеуде қағумен қол жет­кізе алмаймыз. Ұлы дала елін Ата­ме­кен ет­кен халқымыздың өмір сүру дең­гейі жо­ғары, өмір сапасы жақсы болу керек. Яғни, «Қазақстан-2050» Стра­тегия­­сында көзделгендей, әлемдегі дамы­­ған отыз елдің деңгейіндей жоғары болуы тиіс. Бұл орайда Елбасымыздың «Қазақ­стан­дық­­­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­­­мыс сапасын арттыру» атты биылғы жа­­­ңа Жол­дауынан халықтың күтер үміті зор.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

АЛМАТЫ