• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Желтоқсан, 2018

Қостанай облысындағы балабақшада робототехника кабинеті ашылды

783 рет
көрсетілді

Алтынсарин ауданындағы Обаған ауылының «Сәбинұр» бөбекжай-балабақшасында робототехника кабинеті ашылды. Ол үшін кабинетке алдын ала жөндеу жұмыстары жүргізіліп, конструкторлар, жиһаз сатып алынды. Жобаны жүзеге асыруға демеушілерден тартылған 317 мың теңге жұмсалды.

Кабинетте бүлдіршіндер түрлі құрастыру мен робототехниканың негізімен танысатын болады. Ол баланың өсе келе ғылыми-техникалық салада базалық білімін толықтырады және  кейін инновациялық технологияларды тез меңгеруіне мүмкіндік жасайды.

«Цифрлық технология экономиканың дамуында, әлеуметтік саланың жақсаруында маңызды роль атқарады. Сондықтан баланың бүлдіршін кезінен ақылының ұшқырлығын, кез келген затты, оқиғаны талдай білуі машығын, бойындағы тұлғалық сапаны қалыптастыру мектепке дейінгі білімнің мемлекеттік жаңарған стандарттарының талабы болып табылады» дейді кабинеттің ашылуына қатысқан «Өрлеу» біліктілігін арттыру институтының мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш білім және тұлғаны тәрбиелеу кафедрасының бас оқытушысы Гүлнар Ділдәбекова.

Кабинеттің ашылуы бүлдіршіндер ғана емес, ата-аналар, аудан жұртшылығы үшін де жағымды жаңалыққа айналды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай