• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Желтоқсан, 2018

Алматыда ақысыз сырғанақ алаңдары ашыла бастады

887 рет
көрсетілді

Тынысыңды ашатын салқын жұпарды құшырлана жұтып, құмарың қанғанша сырғанақ тебу қыс айларының бір кереметі. Қысы қатты қыспаққа алмайтын Алматылықтар үшін бұл игіліктің орны тіптен ерекше деуге болады. Былтыр шаһар тұрғындарын айрықша қуанышқа бөлеген қаладағы тегін сырғанау алаңдары биыл да қыс түсе салысымен қайта ашыла  бастады.

Биылғы маусымда Алматылықтар үшін алғаш есігін ашқан алып сырғанау алаңы Атакент көрме орталығының іргесінен орын тепкен. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін  сырғанау алаңына саламатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары мен мегаполис қонақтары қалаған уақытында келіп ақысыз сырғанақ теуіп сергіп қайта алады. Тіпті мұндағы арнаулы нұсқаушылар, келушілерге тегін кеңес беріп қызмет көрсетеді. Алдағы күндері қаланың 10-нан астам нүктесінде орналасқан мұндай орындар алматылықтарға құшақ ашатын болады.

Жоғарыда айтқанымыздай тәулік бойы жұмыс істейтін сырғанау орындары барлық келушілер үшін ақысыз. Тек  демалушылар өзімен бірге конькилерін ала келуі тиіс. Сондай-ақ сырғанау алаңдарының маңында тамақтануға арналған арнаулы орындар мен конькилерді жалға беру орталықтары жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар олардың бағалары бұқара халыққа қол жетімді болуы әрдайым қадағаланып отыратынын айтады.

Сырғанау алаңқайларының барлығы заманауи стандарттарға сай жаңа технологиялардың көмегімен жасалады. Ең бастысы Алматының мың құбылған ауа-райына орайластырылған. Мұз алаңдары күн райы қалай болғанына қарамастан, тіпті 10 градус жылы болса да ерімей қатып тұра береді. Яғни, алаңдардың арнаулы тоңазытқыш құралы мұзды ерітпеуге қолайлы температураны қамтамасыз ете алады. Қала жұртшылығына қуаныш сыйлаған  әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға қала әкімдігі мұрындық болып отыр.

– Сырғанақ тебу санаңды сергітіп, денеңді жаттықтырудың ең тиімді тәсілі ғой. Ойын-сауық орталықтарындағы мұз айдындарына барғанда быраз шығындалатынбыз. Былтырдан бері осы тегің сырғанау алаңдарына келетін болдық. Бұл да қарапайым тұрғындар мен студент жастарға жасалған үлкен көмек деп есептеймін, – дейді қала тұрғыны Бекзат Нұрыметов.

Сырғанақ алаңдарының есігі көктемнің алғашқы айына дейін айқара ашық. Жолыңыз түсіп ару Алматыға келе қалсаңыз, Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап,  сырғанақ теуіп сергіп қайтуды ұмытпаңыз, оқырман!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ