• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2018

«Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау» республикалық ғылыми-теориялық online конференция өтті

1133 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында Ахмет  Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлесіп «Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау» атты Республикалық ғылыми-теориялық online конференция өткізді. 

Латын әліпбиіне қатысты сан-түрлі сауалдар мен өзекті мәселелерді ой-талқысынан өткізуге арналған online конференцияға Қазақстанның барлық өңіріндегі тіл мамандары және Алматы қаласының мұғалімдері қатысты.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ директоры Раиса Садвакасова «Латын әліпбиіне көшу – жалпыұлттық мемлекеттік реформа. Осы реформаны жүзеге асыруда қазіргі заманғы білім беру үрдісінің ерекшеліктерін түсіндіру, латын  әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша  алқалы жиынға қатысушы қонақтар мен зиялы қауым өкілдері ұтымды пікір, тиімді ұсыныстарымен бөліседі. Тарихи тамыры тереңде жатқан тілімізді түлетіп, уақыт талабына сәйкес бірлікте еңбек етсек, қателіктерге бой алдырмай, нақты жетістіктерге қол жеткіземіз» атап өтті.

Іс-шараның бірінші бөлімінде ғаламтор желісі арқылы Америка, Пенсильвания штаты Суортморск университетінің  профессоры, PhD доктор, лингвист Джонатан Уашингтон Латын әлипбиіне көшу туралы ой-пікірі мен ескертулерін қазақ тілінде жеткізді. Сонымен қатар Түркия, Еге Университетінің профессоры, ф.ғ.д. Mustafa Öner «Қазақ тілі үшін тәуелсіз әліпби, тәуелсіз емле және тәуелсіз емле туралы көзқарастар», Польша, Варшава университетінің шығыстану факультетінің докторанты Вячеслав Чернев «Жаңа қазақ брайльінің ерекшеліктері», Америка, Уисконсин университетінің профессоры, Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының басшысы Юлай Шамилоғлу «Еуропа тілдері көз қарасынан жаңа қазақ латын әліпбиі», Халықаралық Түркі академиясының профессоры, ф.ғ.д., Кадыралы Конкобаев «Түрік әдеби тілдерінің әліпбилері» тақырыптары бойынша өзекті мәселелерді қозғап, өз тәжірибелерінде сыннан өткен тиімді әдістерді ортаға салды.

«Жаңа әліпбидің ғылыми-теориялық мәселелері» тақырыбына жалғасқан конференцияның екінші бөлімінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек «Тілдік реформа-рухани жаңғыру негізі», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, академик  Өмірзақ Айтбаев «Рухани сілкініс немесе қазақ жазуының күні туды» тақырыбында және тағы да басқа ғалымдар латын әліпбиіне көшу тұрғысында баяндама жасады.

Тіл білімі саласының көрнекті ғалымдары тіл мамандарының сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді талқылады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ