Астанада Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстанда дінтану сараптамасын жүргізудің өзекті мәселелері» атты дәстүрлі оқыту семинары өтті.
Шараға Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы, БҒМ ҒК «Мемлекет тарихы» мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы бойынша сот сараптамасы институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Кәсіби психологиялық лига» қоғамдық бірлестігі, «Сараптамалық зерттеу орталығы» жеке мекемесінің білікті мамандары мен белгілі дінтанушы сарапшылар, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар қатысты.
Дінтану сараптамасымен айналысатын мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арнап ұйымдастырылған семинар аталған қызметтегі мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, діни мазмұндағы материалдарға сараптама жүргізудің өзекті мәселелері мен тиімді әдіс-тәсілдерін талқылау, салалық мамандардың өзара тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыруды көздейді.
Семинарды ашқан орталық директоры Айнұр Әбдірәсілқызы аталған мекеменің атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасады. Оның пікірінше, 2011 жылдан бастап сараптама жүргізуді қолға алған орталықта бүгінге дейін 8528 нысан сараптамадан өткізілген, оның 958-іне теріс қорытынды берілген.
Өз кезегінде Қоғамдық келісім комитеті Төрағасының орынбасары Б.Мырзаев еліміздегі дінтану сараптамасын жүргізудің кезеңдік нәтижелеріне тоқталып, бұл тақырыптың мемлекет қауіпсіздігі үшін маңызы зор екенін атап өтті. Комитеттегі осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі ретінде әлеуметтік желілердегі, атап айтқанда, 2016 жылы 10700, былтыр 10174, биыл 3790 нысанға сараптама жасалғанын айтты.
Ал экстремистік және дәстүрлі емес материалдарға дінтану сараптамасын жүргізудің мазмұндық мәселелері туралы тақырыпты тарқатқан А.Әбдірәсілқызының мәліметі бойынша, 2013-2018 жылдар аралығында сараптамадан өткізілген дәстүрлі емес діни ағымдағы нысандар саны 236-ға жеткен, оның ішінде 111 дана кітап, 27 СD диск, 13 дәптер, 11 видео, 8 сайт және басқа да әлеуметтік желі парақшалары, скриншоттар мен түрлі заттар бар. Сараптама жасау кезінде Ата заң, «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдар басшылыққа алынатынын, сондай-ақ ұлттың тарихи-мәдени мұрасынан айырылу қаупі – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жағдайлардың бірі екенін сөз етті.
Семинар барысында аталған орталықтағы Дінтану сараптамасы базасына, теріс қорытынды берілген материалдарға қатысты баяндамалар жасалды.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»