Қазақ қоғамында қолданылған араб жазуының қадим, жадид түрлерінде ерін үндестігі жүйелі түрде таңбаланып отырды: үйүм, қолұң, бүгүн т.б. Тіпті алғашқы буында езулік дауысты тұрса да, соңғы буынға еріндік дауыстыларды жазу үрдісі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды: барұб, келүб, айтатұн, беретүн, барұр, келүр, т.б. Бұлайша жазылуының басты себебі, сол кезеңдегі жазуда фонетикалық принциптің (айтылуы бойынша жазу) басым болуы және түркі тілдерінің туыстық негізіне жақындатып жазудың бертінге дейін жалғасуы. Тек ерін үндестігі ғана емес, бірқатар фонетика-грамматикалық белгілер де ұзақ ғасырлар бойы ортақ формада таңбаланған болатын: сығыр (сиыр), ағыз (ауыз), сағ-саламат, айтадүр, көб, көчүб, иұрт, иахшы, тұрғушы, бармыш т.б.
Н.И.Ильминскийдің 1860 жылы шыққан «Материалы к изучению киргизского наречия» деген сөздігінде (бұжұр, бөрүк, мойұн т.б.), Ы.Алтынсариннің 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» (түсүрді, жүгүрүп, үшнүнші т.б.), 1894 жылы шыққан «Краткий русско-киргизский словарьда» (бұйрұқ, мұрұн, жұлұн, тұқұм т.б.), А.Алекторовтың 1907 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» (орұндұқ, шойұн, үлкөндүгү т.б.), В.Радловтың 1911 жылы шыққан «Опыт словаря тюркских наречий» деген сөздігінде (жүзүк, жүзүм) қазіргіше ы, і келетін орындарда ұ, ү тіпті кейде ө әріптері жазылған. Алайда бұл ерекшелік бірте-бірте жойылды. Ғалым С.Мырзабеков бабаларымыздың еріндік дауыстыларды тежемей сөздің өн бойында анық айтқандығын, ал қазіргі тіл бабалар айтуынан алшақтап кеткендігін алға тартады (Қазіргі қазақ тілі фонетикасы. 1997).
Ерін үндестігі қай уақыттан бастап таңбаланбады және таңбаланбауының себебі неде? ХХ ғасырдың басында, ұлт зиялылары қазақ тіліндегі ерін үндестігін жазуда таңбалау қажет пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде біраз дауласқан болатын.
1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Е.Омарұлы: «Бұрын ескі түрік тілінде ы-ның орнына көбінесе ұ дыбысы айтылатын. Бірақ жүре келе қазақ тілі басқа түрік тілінен жігі ашылып, ұ дыбысы бар сөздердің көбі ы-мен айтылатын болған. Бұл қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі. Ол өзгеріске қарсы болып, ескішілдік қылудың жөні жоқ, болған өзгерісті қабыл алып, қаттап отыру керек. Қазақ тілінде ұ өзгеріп ы болып бара жатқандығы себебі, ы мен ұ-ның көмескі естілген жерінде ұ-ның орнына ы жазатын болсақ, жазуымыз тілдің өзгерісінің жөніне дәл келеді», деген болатын. Алайда Х.Досмұхаммедұлы: «Біздің қазақ тілінде ұ өзгеріп ы-ға айналып барады. Қырғыз тілінде ұ сақталған. Біздің үшін-ді қырғыздар үчүн дейді, оқы-ны оқұ дейді, дұрысы қырғызша болуға тиіс», дейді. Ал А.Байтұрсынұлы қоры, тоқы, мұжы сөздерін қорұ, тоқұ, мұжұ деп жазатын болсақ, олардың тәуелдеу түрлері де ұ арқылы жазылуы тиіс болып шығады дейді: қорұуұ, тоқұуұ, мұжұуұ. Осы съезде қазақ сөздерінде о, ұ дыбыстары басқы буындарда ғана кездесетіндігі, кірме сөздерде ғана соңғы буында жазылатыны, сондықтан да соңғы буынында о, ұ дыбыстары бар жаттілдік сөздерді тілімізге енгізгенде о, ұ-ларды басқа дауыстыға айналдыру қажеттілігі де көтерілген болатын (Покров-боқырау).
1929 жылы 2-4 маусымда Қызылорда білім кеңесі мен қазақ жаңа әліп кіндік комитеті шақырған емле конференциясында Т.Шонанұлы: «Мұнан 50-60 жыл бұрын академик Радлов тілімізде ерін үндестігі өте күшті екенін байқап, қазақ сөздерін былай жазған: өкшөсүнө сартылдап, ақ төбөнүң басында... Біздің тұсымызда ерін үндестігі бірте-бірте құрып бара жатқанын байқаймыз. Ерін үндестігі сөздің аяғынан басына қарай жоғалып келеді, сөздің бас буынына қонақтауға айналып келеді. Жаңа әліпке (латынға – Г.М.) көшпей тұрғанда-ақ өкшесіне, төбенің деп жаза бастадық. ...Бұдан 50 жыл ілгері Радлов жүгүргөн деп жазса, бұл күнде еш қазақ олай жазбайды, жүгірген деп қана жазады. Біз енді Радловша жаз деп ешкімді зорлай алмаймыз. Сондықтан емлемізде ерін үндестігі болмасқа керек», дейді (Емле конференциясының стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930 ж.). Ал еріндік дауыстыларды соңғы буында таңбаламауымыздың себебін былайша түсіндіреді: «Еріндік дауыстың алғашқы буыннан артыққа жібермейтін себебіміз не? Мұны қисынға сүйеп түсіндіргім келеді. Ор деген сөзге, ады қоссақ, орады болады, ородұ бола алмайды, сол сияқты, тұр-дан тұрады болады, тұродұ бола алмайды» (Емле конференциясының стенографиялық есебі. Қызылорда, 1930 ж.). Яғни тұр, ор сөздерінде еріндік дауысты болғанымен, қосымшалар жалғағанда ерін үндестігі толық сақталмайды. Бұл қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі. Қазіргі таңда, әлеуметтік желілерде бабалар тіліндегі ерін үндестігін қайтадан жаңғыртып, жазуымызға енгізу қажет деген пікірлер кездесіп қалады. Алайда көмөктөс, жүрөк, бұрұм, қолұ деп жазған күннің өзінде көмөктөскөндөрдүң, көмөктөсүп, жүрөктөрүндөгү, бұрұмдорұнұң, қолұммөн, қолұмдоғы деп еш қазақ дыбыстамайтыны бүгінгі таңда дау тудырмайтын мәселе. Ғалым Н.Уәли түбір сөздегі ерін үндестігі, қосымшалардың ықпалына қарай, алдын ала езулік дыбысқа айналып кететінін айтады.
Профессор Қ.Күдеринова тіл үндестігінің жазуда бейнеленіп, ал ерін үндестігінің тек ауызша тіл категориясы болып табылуының басты себептеріне мыналарды жатқызады: 1) Қазақ тіліндегі ерін үндестігі қырғыз, алтай, тува тілдеріндегідей жаппай қамтитын құбылыс емес. Оны жалғаулар арқылы білуге болады. Жалғаулар қатарында еріндік варианттар жоқтың қасы. Сондықтан сөз ашық буынды болса да, үшінші буындағы жалғау езулікпен айтылады: төмөн – төмөнде. 2) Ерін дауыстылары алғашқы үш буында айтылады да, ары қарай солғындайды: сүйүнүшшіз, төбөсүнің. 3) Екінші буындағы ы, і дыбыстарына қарағанда е езулігін өзгерту қиын: құрмөт – құрметте (Қазақ жазуының тарихы мен теориясы. 2013).
Қорыта айтқанда, ерін үндестігін жазуда таңбаламау ХХ ғасырдың басында басталды. Оған ерін үндестігінің бірте-бірте жоғалуы, бас буындағы еріндік дауыстының ықпалы екінші буыннан әрі аса алмауы, екінші және үшінші буындардағы дыбыстардың дәл еріндік болып анық естілмеуі әсер етті. Осының негізінде жазуда ерін үндестігі еленбей, көмескі естілетін жерлерде езулік дыбыстары жазылатын болып орнықты. Бұл алаш зиялылары ескертіп кеткендей, «қазақ тілінің өз еркімен болған өзгерісі».
Гүлфар Мамырбек,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері,
Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты