Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы «Қожасай» кен орнында заманауи газ өңдеу кешені пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпірде жаңа зауыттың жұмысын бастауға тікелей эфир арқылы рұқсат берді.
Еліміздің газ саласындағы ірі индустриалды жобаларының бірінен саналатын бұл зауыт Президенттің Ақтөбені миллион тұрғыны бар заманауи қалаға айналдыру жөніндегі тапсырмасына дөп келеді. Өйткені саны артып келе жатқан қала тұрғындары мен қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған коммуналдық және өндірістік нысандардың табиғи отынға деген қажеттілігін қанағаттандыру бүгіннің маңызды мәселесі.
Индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпірде сөз алған газ өңдеу зауыты жобасының жетекшісі – «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Болат Сақтағанов Елбасына «Қожасай» кен орнында ілеспе газды кәдеге жарату және өңдеу жөніндегі заманауи зауыттың салынғаны туралы баяндады.
«Біз сіздің елдің ішкі нарығын тауарлы газбен толтыру және ресурстық базасын арттыру жөніндегі тапсырмаңызды орындадық. Шикізатты қайта өңдеуді арттыра отырып, өнімнің жаңа түрлерін игеруге, таяу және алыс шетелге экспорттауға дайынбыз. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы, энергетикалық кешенді қосуға рұқсат етіңіз!» деді ол. Елбасы аталған энергетикалық кешен жұмысына сәттілік тілеп, іске қосты.
«Бұл өңір халқы үшін өте қуанышты жаңалық. Қазақстан мұнай мен газ өндіретін елдердің бірінен саналады, сондықтан тұрғындарды газбен қамтамасыз ету – біз үшін маңызды міндет. Қазір біз «Сарыарқа» газ құбырын салайын деп жатырмыз және осының бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалуда. Мен сіздерді қуанышты жаңалықпен, өндірістің іске қосылуымен құттықтаймын. Іске қосайық, ақ жол, сәтті болсын!» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жаңа зауыт шикізат базасын ұтымды пайдалануға, ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді ұлғайтуға және ауаға зиянды заттардың шығарылуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жаңа жоба өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, облыстың экономикалық әл-ауқатына да айтарлықтай үлес қосады.
«Бұл – Қазақстандағы жеке инвестициямен салынған газ өңдеуші жалғыз зауыт. Кәсіпорын Ақтөбе облысының экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді, өйткені зауытты салу және пайдалану кезінде 1500 жұмыс орны құрылды, соның ішінде тұрақты 250 жұмыс орны пайда болды. Экспортқа бейімделген зауыт өнімінің басым бөлігі сыртқы нарыққа шығарылатынын атап өткім келеді», дейді облыс басшысы.
Инвестициялық жоба энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік саясат шеңберінде, сондай-ақ елдің ішкі нарығын тауарлы және сұйытылған газбен толықтыру мақсатында іске асырылып отыр. Жобаның басы-қасында жүрген Болат Сақтағановтың айтуынша, зауыт қазіргі заман талабына жауап беретін жаңа технологиялармен жабдықталған.
«Еліміздің ресурстық базасын тауарлы газбен толықтыруда маңызды орын алады. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы ішкі және сыртқы нарыққа газ тасымалдауға қажетті инфрақұрылымның барлығын салып берді», дейді ол.
Оның сөзінше, аталған жобаға 42 млрд теңге сомасында жеке инвестиция салынған. Қуаты сағатына 40 мың текше метр газ өңдеуге жететін газды кешенді дайындау қондырғысы ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жылына 226 млн текше метр тауарлы газ, 37 мың тонна пропан-бутан қоспасын, 5,4 мың тонна газ конденсатын, 10,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт алуға мүмкіндік береді. Жаңа газды қайта өңдеу кешені өнімінің 70 пайызы Бұхара – Орал магистралды газ құбыры арқылы шетелге экспорттала бастайды.
Алдын ала жасалған болжам бойынша, зауыт жеті жыл ішінде өңірлік және республикалық бюджетті 10 млрд теңгеден астам салық түсімдерімен толықтырады.
Ақтөбе облысы аумағындағы жаңа зауыт еліміздің отын-энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретінімен де құнды. Олай болса, жаңа жоба ғұмырлы болғай дейміз.
Тұмар МЫРЗА