Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп тура жолдың бағытын айқындай келе, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деп нақты жолды көрсетіп берді.
Осының аясында қазақ даласынан шыққан даналарымыздың, ғұламаларымыздың есімін қайта жаңғыртып жатырмыз. Солардың арасында Бекасыл Биболатұлы – түбі бір түркі жұртының руханиятының орнығуына мол еңбек сіңірген рухани ұстаз ретінде танымал бола бастады.
Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы халқымыздың құнды рухани мұрасы деп қабылданады. Өйткені ол қазақ руханиятына, ғылым-біліміне зор үлес қосты. Сондықтан кітаптың зерттеушілер тарапынан арнайы түсіндірмелер жазылып, бай мазмұнмен жарық көруі, сөз жоқ үлкен жетістік.
Бүкіл саналы ғұмырын халық руханиятына арнаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба Биболатұлы ғылым мен білімге де үлес қосқан. Дегенмен, оның өмір жолы мен еңбектері жайында деректер жоқтың қасы. Оның мұралары туралы жарияланымдар соңғы он жылдықта ғана там-тұмдап жарық көруде. Бекасыл бабаның тұлғалық болмысы, шығармашылығы әлі де үлкен зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.
Бекасыл бабаның кітаптарын оқыған адам шипагерліктің, дұғамен емдеудің, зікір байлаудың, жадыны ашудың көптеген түрлерімен таныса алады. Аталмыш еңбекте әріптердің құпия сыры, жұлдыздардың жұмбағы, мезгілдердің адамның мінез-құлқына қалай әсер ететіндігі, ауру-сырқаулардан дұғамен және қандай ем-домдармен емделу керектігі, зұлым күштер тарапынан жадыланған сәтте, одан айықтыратын Құран мен хадиске сай бекітілген дұғалар көрсетілген. Осы тақырыптар бойынша өмірлік тәжірибеден нақты мысалдар (қисса) берілген. Сондай-ақ күнделікті өмірдегі адамдардың әдет-қылықтарының сыр-құпиясы, оны дін шарттарына сай қалай жасау керектігі сөз болады. Түрлі кәсіптердің сыры, бақытқа жетудің жұмбақтары, тарихта болған адамдардың мистикалық халге душар болған сәттері, жалпы, адам баласының әртүрлі рухани күйлері діни тұрғыда талданған.
Бекасыл атаның: «Заманында мұның иесі келіп сұрайды, иесіне бересіңдер, соған дейін сақтаңдар» деп шәкірті ақын Қазанғап Байболұлына тапсырған аманатын 2003 жылы шөбересі Ержан Бекбауұлы Исақұлов ағамыз қабылдап алып, міне бүгін оның еңбектерін халыққа жеткізуге аянбай тер төгіп жүр. Бекасыл бабадан қалған мұра енді талай ұрпақтың көзін ашып, жаратылыстың сырын үйретері анық.
Еліне осындай аса бағалы қазына қалдырған, 1822 жылы дүниеге келіп, 1915 жылы өмірден озған Бекасыл Биболатұлы жастайынан жетім қалса да, оқу-білімге ден қойып, мешіт, медресе салады. Елдің санасын оятып, сауатын ашады. Диқаншылықпен де айналысып, ағаш егіп, жер көгертеді. Айналасына талапты жастарды жинап, оларға болмыстың, табиғаттың тылсым құпияларын үйретеді. Оның есімі ақындығымен де кеңінен танылған.
Осыдан көріп отырғанымыздай, Бекасыл атамыз адам баласының жан-жақты дамуына жол көрсетіп отырған үлгілі тұлға. Бүгінгі ұрпақ үшін бұларды білу аса маңызды.
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының Оңтүстікке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деген еңбегінде Бекасыл әулиенің қадір-қасиетін былай деп жазады: «Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба? «Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан «Жұлдызнаманы» ермек қыл» деп қолыма кітабын ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, түріктің де, парсының да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние. ...Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік. Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таңғаласың», «Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық» деп толғанады, аталарымыздың бүгінгі ұрпақтарына үйренерлік үздік үлгі танытқанын айтады.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әйгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен шын мағынасында «жеті жұрттың тілін білген» дегдар, оңтүстіктен шыққан атақты Бекасыл хазіреттің рухани қарым-қатынасы туралы дерек баспасөз бетінде соңғы жылдары ғана жариялана бастады. Кеңес өкіметі дәуірінде бек-билер мен көсемдердің әжуаға айналып, керек десеңіз көбі ұмытылғаны, ал жалпы қазақ тарихының кеңестік саясаттың көлеңкесінде қалып қойғаны белгілі. Бұл туралы ғалым Мырзатай Жолдасбековтің былай дегені бар: «Біз уызға жарымай өскен ұрпақпыз. Дүние жүзінің тарихын оқыған қазақ өз тарихын жарытымды оқи алған жоқ. Тарихи дүниелер енді-енді ғана ашылып жатыр. Өз бастауымызбен, асыл мұраларымызбен енді-енді қауышып жатырмыз. Оның бірі – Бекасыл бабаның «Жұлдызнама» кітабы. 2003 жылы шыққан «Жұлдызнама» кітабында хазіреттің өз қолжазбасы қоса жарияланды».
Ел-жұрты «Бекасыл әулие» атандырған, өзі де бар ғұмырын ілім-білім меңгерумен, елге керекті еңбек жазумен өткізген Бекасыл Биболатұлына тиісті дүниені бірнеше рет баспадан шығарумен, ол туралы көркем шығармалар жазумен іс бітпейтіні белгілі. Оны терең зерттеп, тарихтың тасасынан аршып алу ғалымдар мен ізденушілердің жұмысы және ол ешқашан толастамайтын шаруа.
Бұл ретте Ұлы даланың дана тұлғалары арасындағы рухани байланысқа өзек болған оқиғалар туралы басқа да құнды деректер табылып жатса, оның оқырман назарынан тыс қалмайтыны анық.
Сондықтан Бекасыл Биболатұлының шығармашылығы мен еңбектері кейінгі буынға қалар құнды мұра деп бағалауға әбден лайық.
Берік Арын,
Қоғамдық даму вице-министрі