Дана халқымызда «батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген аталы сөз бар. Әрине, істеген ісіңе, жағымды қылығыңа орай аузы уәлі үлкендердің батасын алған бір ғанибет екендігі даусыз. Алайда сол батаны бере білетін адам көп пе?..
Ілкіден жалғасып келе жатқан ізетті дәстүрдің сабақтастығына сәл селкеу түскенін де көріп жүрміз. Әсіресе жиын-тойда бата бергеннің жөні осы екен деп, ұзын-сонар әңгіме айтып кететіндер арагідік болса да кездеседі. Тіпті мазмұнсыз, мағынасыз сөз сөйлеп, соңында ескі дағдымен «алып қояйық» деп жаңылысқандарды да көргенбіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бағыттарын іске асыру мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет тартымды шара өтті. Бұл шара «Батамен ел көгерер» деп аталады. Тағылымды шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл өз ойын былайша өрбітеді.
– Бала кезімізде еліміздің үлкендері қолғабыс еткен сайын ақ тілектерін ақтарып, бата беруші еді. Сол күні ісіміз оңға басқандай қанаттанып жүретінбіз. Сөз нарқын білетін нар тұлғалардың әзіз көкіректеріндегі жып-жылы сезім нұры жан дүниемізді шуаққа малып, үмітімізді ұштай түсетін. Халқымыздың осы бір қасиетті дәстүрі қайта жаңғырып, мазмұны түрленіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! – дейді ол.
Байқауға ел ағалары қатысты. Жарым ырысқа баланған жақсы сөз, өмірдің әр сәтіне орай берілетін ақ баталардың түрі, үлгісі, маңызы, мазмұны, әуезі мен мақамы таразы басына тартылды. Байқау соңында батагөйлердің біліктілігі сарапқа салынып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Сандықтау ауданынан келген ақсақал Жақсыбай Ахметов бас жүлдеге ие болса, Біржан сал ауданының ел ағасы Мырзабек Бұрмағанов бірінші орынға ие болды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»