Тәуелсіздіктің ең басты тірегі – халық. Әлбетте аз халықтың азаттыққа қол жеткізуі қиын, қол жеткізген күнде берік ұстап тұру үшін ұлттың үлес-салмағын арттырудың маңызды болары белгілі. Азат рухтың айбынды болуы, ана тілдің мәртебелі өмір сүруі, ата-бабадан аманатқа қалған байрақты байсынға еркін иелік ету тек – бұқараның өз жерінде қаулап өсіп, өркендеп тамыр жаюына тікелей байланысты. Өткен ғасырдың басында Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллионбыз» деп жазды. Сан бар жерде сапа бар. Егемендікке енді қол жеткізген елең-алаң шақта қазақтың демографиялық ахуалын түзеу – тәуелсіздікті тұғырлы етудің бірден-бір жолы екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев терең түсінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтып өткен болатын. «Халық саны осы жылдардың ішінде 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа дейін артты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылда Қазақстанда халық саны 14 миллионнан аспайтын еді. Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық», деген-ді Президент.
Міне, Елбасы айтып отырғандай, азаттықтың айқын табысы елге ел болып қосылған төрт миллион қазақстандық. Оның ішінде өз территориясында түрлі себеппен азшылыққа айналған мемлекет құрушы ұлттың – XXI ғасырдың басына қарай жалпы халық санының 70 пайыздық үлес салмағына жетеғабыл болуының өзі үлкен мерей.
Керегені кеңейткен көші-қон
Халық санын өсірудің екі жолы бар. Біріншісі, әрине табиғи өсім. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылардың маңызы ерекше. Екіншісі, қиырда жүрген қандастарды тарихи Отанына оралту. Осыдан тура 21 жыл бұрын, яғни 13 желтоқсанда әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақтың ата қонысқа оралуына мүмкіндік берген «Халықтың көші-қоны туралы» заңға Президент қол қойған болатын. Бұл жерде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қазақ тілінде жазылған тұңғыш әрі Астанада қол қойылған алғашқы құжат екенін де айта кеткеніміз жөн.
Қиырдағы қандастардың ұлы көші жайлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз сырттан келді», деп зор мақтанышпен айтады. Елбасының ерен еңбегімен қолға алынған тарихи қадам бүгінде өз жемісін беріп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биылдың өзінде республикаға 7 162 отбасы немесе 11 617 этностық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Қандастардың – 47,9%-ы – Өзбекстаннан, 40,4% – ҚХР-дан, 3,8% – Моңғолиядан, 2,9% – Түрікменстаннан, 1,3% – Ресейден және 3,7% – басқа елдерден көшіп келіпті. Оралмандардың ең көп бөлігі Алматы – 32%, Түркістан – 18,1%, Маңғыстау – 10,9% облыстарына және Астана қаласына – 9,4% қоныстанғанын айта кетуіміз керек.
Қаншама тар өткелден өтіп, Қараөткелдің бойына Астанасын салған Алаш жұрты бүгінде халық саны бойынша 18 миллион 380 мың 803 адамға жетіп отыр. Халық санының қарқынды өсуіне мемлекет тарапынан баланың тууына байланысты бір реттік төлемнің жыл сайын өсіп отыруы, сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жоғары төлемдер жас отбасыларға жаңа серпін сыйлайтыны рас. Айталық, жыл басынан бері бесінші және одан кейінгі балаға 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 151 515 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы беріліп отыр.
Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жас отбасыларға, көпбалалы аналарға, олардың бала-шағаларына Үкімет тарапынан нақты, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылу қажет. Елбасы кейінгі Жолдауында мәлімдегендей, келер жыл «Жастар жылы» болып жариялануы жас буынның сан жағынан да, сапа жағынан да жаңа белеске көтерілуіне үлкен мүмкіндік деуге болады.
2050 жылға қарай халық саны бойынша 24 миллионнан асуымыз мүмкін
Жалпы демографиялық өсімді ұлғайту үшін ана мен бала өлімінің алдын алу негізгі талаптардың бірі. Мемлекет басшысы да жыл сайын аталған мәселеге ерекше мән беріп, ана мен бала үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуді тапсырып келеді. Мемлекет тарапынан берілетін көмек пен қолдаудың негізінде елімізде соңғы жылдары бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқаны байқалады.
Шамамен күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді. Демограф Ерболат Нығыманұлының айтуынша, Қазақстан халқының саны экономикалық жағдай тұрақтала бастаған 2002 жылдан бастап өскен. «Бүгінде әлемдегі 200-ден астам мемлекеттің ішінде Қазақстан халық саны бойынша 64-ші орында тұр. Әртүрлі дағдарыстардың салдарынан өсу қарқынымыз енді ғана екпін алды деуге болады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халқымыздың саны 20 миллионға жетуі керек деп есептейміз», дейді демограф. Еліміздегі халық саны бойынша биылғы көрсеткішке көз жүгіртер болсақ, 2017 жылмен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3% -ға өскендігі байқалады.
Статистика комитетінің Демографиялық және әлеуметтік статистика басқармасының басшысы Гүлмира Қарауылованың айтуынша, Қазақстан халқының саны былтырғы көрсеткішке қарағанда тағы 44 мыңдай адамға толыққан. «АХАЖ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2018 жылғы қаңтар-маусымда туғандар саны 192,7 мың адамды құрады, бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,8%-ға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 21,26 сәбиден келеді. Биылғы республика халқының табиғи өсімі 2017 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 3,3 мың адамға немесе 2,7%-ға көбейіп, 125,9 мың адамға жетті. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,89 адамды құрады», дейді Гүлмира Сайлаубекқызы.
Жоғарыдағыдай көрсеткіштермен қатар, ана өлімі соңғы ширек ғасыр уақытта 4 есеге азайғанын айта кеткеніміз дұрыс. Дәрігерлер қауымы ана өлімін бұдан әрі де азайту үшін білімі мен білігін, тәжірибесін тереңдете түсуде.
Мамандардың болжамы бойынша, демографиялық өсімді арттыру бойынша жұмыс осы қарқынмен жалғасатын болса, елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады деп күтілуде.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»