Мәжілісте палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Онда Елбасының атынан Мәжіліс Төрағасы палата депутаттары мен аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Жиында Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Мәжіліс Спикері өз сөзінде: «Біздің тарихымызда 16 желтоқсан − алтын әріптермен жазылған Ұлы күн. Себебі, 27 жыл бұрын, дәл осы күні Тұңғыш Президентіміз − Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кең байтақ Қазақстанымызды Тәуелсіз ел деп жариялады. Жас мемлекетіміз алғашқы қиын кезеңдерден аман-есен өтіп, бүгінде бүкіл әлемге әйгілі, беделді ел атанды. Осының барлығы − Президентіміздің салиқалы саясатының және береке-бірлігінің жемісі», − деді.
Салтанатты шарада Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Парасат» орденімен, Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталса, Мәжіліс депутаттары Галина Баймахановаға, Берік Дүйсембиновке, Кәрібай Мұсырманға және Мәжіліс аппаратының бөлім меңгерушісі Талғат Қасымбековке «Құрмет» ордені табысталды.
«Ерен еңбегі үшін» медальдарын Мәжіліс депутаттары Кеңес Абсатиров, Әлия Сапарова және Геннадий Шиповских, сондай-ақ Мәжіліс Аппаратының бөлім меңгерушісі Патима Қиясбаева алса, Мәжіліс аппаратының бөлім меңгерушісі Бибісара Аубакирова Құрмет грамотасын алды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.