Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде елімізге белгілі суретші және қазақтың қару-жарақ этнографиясын зерттеуші-ғалым Қалиолла Ахметжанның «Миф. Эпос. Тарих» атты жеке көрмесі өтті.
Қалиолла Саматұлы – Санкт-Петербург қаласында орналасқан И.Е.Репин атындағы Кескіндеме, мүсін және архитектура институтының түлегі және қазақтың әскери дәстүрлі қару-жарақ тарихын зерттеп жүрген білікті маман. Аталмыш сала бойынша автор 100-ден аса ғылыми-танымдық мақала және үш үлкен монография жазған. Суретшінің көркем туындылары қазір Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Жапония, Германия, Иран, Қытай, Түркия және Ресей елдеріндегі жеке коллекциялар қорында сақтаулы тұр.
Этнограф-суретшінің осы жолғы көрмесіне 120-дан астам туынды көрермен назарына ұсынылған екен. Атап айтқанда, «Қазақ халық ертегісі» және «Сырттандар» мультфильміне жасаған эскиздері, қазақ жауынгерінің ХVІІІ ғасырдағы қорғаныс жарақтары (дулыға, кіреуке, шарайна, жауынгерлік жеңсе, тізелік), сондай-ақ көшпенділердің орта ғасырда қолданған жауынгерлік жәдігерлердің археологиялық және иконографиялық жаңғыртпасы, Ғұн сарбаздарының киімі мен қару-жарағының реконструкциясы, археологиялық материалдар бойынша жасаған сақ жауынгерінің киімі мен қару-жарақ кешені, сонымен қатар еркін тақырыпта фольклорлық образдар негізінде жазылған көркем кескіндер: «Байшұбар», «Тайбурыл», «Шалқұйрық», тағы басқа картиналары бар. Бұлардан басқа шебердің ғылыми еңбектері мен авторлық қолжазбалары да көрме төріне орналасыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»